Ел аумағында жылдам хабар тарату ісінде радионың да үлесі мол. Бір ғасырдан астам уақыт адамзаттың қуанышы мен қасіретін бөліскен осы құрылғыны 1896 жылы ұлы өнертапқыш А.Попов жасап шығарған екен. Франциядағы әйгілі Эйфель мұнарасына да радио антенналары орнатылуы себепті демонтаж жасалмай, қазір кереметтердің қатарында тұр. 1917 жылы Қазан төңкерісі радиодан хабарланған тұңғыш саяси оқиға болды. Содан бері радио қай сала болмасын, ақпарат таратудан тыс қалмай, маңызын әлі күнге жоғалтқан жоқ.
Биыл – «Нұр-Медиа» холдингінің құрамына кіретін N-S радиосының 25 жылдығы. Ширек ғасыр бойы тыңдарман үшін тынбай еңбектеніп келе жатқан радио ұжымы жайлы сөз қозғап, N-S радиосының жүргізушісі Эльмира Жоламановамен сұхбаттасқан едік. Радио мерейтойымен қатар келіп тұрған халықаралық әйелдер күні қарсаңында Эльмираның қызметі жайында әңгіме өрбіттік.
– ХХ ғасырда радио адамзаттың ақпарат алудағы ең маңызды құралы болды. Әлеуметтік желі басымдыққа ие ХХІ ғасырда радио жұртшылық үшін тиімді ме?
– Инновациялық технологияның дамыған заманында ғаламтордың көш бастап тұрғаны айдан анық. Дегенмен радионың маңызы жоғалмайды деп ойлаймын. Теледидарды «көк жәшік» деп атасақ, радионы «сырлы сандық» деп атар едім. Радиодағы түрлі бағдарламалар арқылы тыңдармандар хат жолдап, өз ойын талқыға сала алады. Бұқаралық ақпарат құралдары ішінде радио ақпарат тарату жылдамдығы жағынан басқалардан еш қалыспайды. Радиоға ақпаратты дер кезінде шығару оңайырақ. Ұтымды тұсы – осы. Радиомыз басқа толқындарға қарағанда маңызды ақпараттарды 5 минутқа ерте бере алады. Осыдан-ақ біздің толқынның сапалы қызметін аңғаруға болады.
– N-S радиосы өз тыңдармандарын қалай біріктірді?
– Жалпы, әр бағдарлама, әр жүргізуші өз тыңдарманын табады. Радиодағы тікелей эфир біз бен тыңдарман арасындағы алтын көпір іспетті. Тікелей эфирге қоңырау шалғанда бір-бірімізді көре алмауымыз мүмкін, алайда сөйлеп, ести аламыз, сыр шертісеміз. Радио арқылы кей тыңдарманымыз сырлас досқа, жақын адамға айналған кездер де бар. Бағдарлама арқылы түрлі ойын ойнатып, сыйлық беру дәстүрі де бар. Мұның бәрі күнделікті күйбеңнен шаршап жүрген жандарды сергітіп, қоғам байланысын нығайту үшін жасалады.
– N-S радиосы мемлекеттік және ресми тілде қатар хабар таратады. Мемлекеттік тілдің ақпараттағы үлесін арттыру үшін бұл қадамға радио 2007 жылы барған болатын. Осы жоспар қаншалықты орындалып жатыр?
– Бұл мәселе өте маңызды. Ұлттық желі болғаннан кейін мемлекеттік тілде хабар таратқанымыз абзал. Қазақ тілінде хабар таратқанымызды тыңдарман да қалайды. Әуелі тыңдарман пікіріне назар аударған жөн. Себебі біздің толқын жаңашылдыққа бағытталған. Радио жоспарына мемлекеттік тілді дамыту енгізілген. Соның негізінде пайдалы дерек тарату, қатесіз мәтіндегі музыка қосу қарастырылған.
– Музыка демекші, N-S толқыны көпшілікке музыкалық бағдарламалар арқылы танымал. Әндерді ұсынар алдында нені ескересіздер?
– Радиомыз түрлі жастағы тыңдарманға сай музыкаларды ұсынады. Яғни, талғамға сәйкес. Ретро әндерден бастап заманауи ырғақтарға дейін көңіл бөлінеді. Отандық жұлдыздардан бөлек, енді ғана танылып келе жатқан жас орындаушыларға мүмкіндік бергенді қалаймыз. Әрине, сапасы мен форматы жағынан сай келіп тұрса ғана.
– Әр істің қиыншылықсыз атқарылмасы белгілі, радиоға алғаш келген кезіңізді айтсаңыз?
– Кез келген істі меңгеріп кетуге уақыт керегі белгілі. Ең қиын сәт – тәжірибе уақыты. Жер бетінде осы жұмысыңнан асқан қиын жұмыс жоқ секілді көрінеді. Жұмыстың сырын толық түйсінген соң, керісінше ең оңай жұмыс екенін ұғынасың. Маған N-S радиосы өте ыстық. Себебі ең алғаш радио жүргізушісі ретінде өмір жолымды осында бастадым. Көп журналист радиодан телеарнаға ауысқысы келсе, мен керісінше «Хабар» телеарнасынан N-S радиосына ауыстым. Жұмысымды жақсы көремін. Жасыратыны жоқ, кезінде тегін жұмыс істеген кез де болды, бірақ сүйікті ісімді басқа қызметке айырбастай алмадым. Қиындық тудырған тағы бір нәрсе – техниканы меңгеру болды. Уақыт өте келе оны да меңгердік. Адам сүйікті жұмысын істесе, хоббимен айналысып жүргендей сезінеді. Сондықтан менің жұмысым – менің хоббиім.
– Әңгімеңізге рақмет! СұхбаттасқанМадияр ТӨЛЕУ