Кеше Financial Times OpenAI және Meta компанияларының жаңа ЖИ үлгілеріне байланысты хабарлама жариялады. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz жасанды интеллект жүйелерінің жаңа түрінің мүмкіндіктері мен қабілеттерін түсіндіреді.
Meta және OpenAI жаңартулары осы жылы Google, Anthropic және Cohere сияқты компаниялар шығарған үлкен жаңа тіл үлгілерінің жаңа буыны деп айтылуда. Екі компанияның жаңа ЖИ үлгілері адамнан да ақылды машиналар жасауға жету жолындағы маңызды қадам. Жаңа машиналар ойлауға және жоспарлауға қабілетті болмақшы. Олар адамға қауіпті ме?
Осы аптада OpenAI және Meta басшылары ChatGPT сияқты генеративті жасанды интеллект қосымшаларында қолданылатын жүйелердің үлкен тілдік үлгілерінің келесі нұсқаларын іске қосуға дайындалып жатқандарын айтты.
Мета алдағы апталарда Llama 3 жүйесін іске қосатынын жариялады, ал Microsoft мол инвестиция құйған OpenAI болса өзінің GPT-5 деп аталатын келесі моделін «жақында» ұсынбақшы.
«Біз бұл модельдерді жай ғана сөйлетіп қана қоймай, ой қорытуға, жоспарлауға қабілетті ету үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Оның есте сақтау қабілеті де болады», – дейді Meta-ның жасанды интеллект зерттеулерінің вице-президенті Джоэль Пино.
OpenAI операциялық директоры Брэд Лайткэп Financial Times газетіне GPT-тің келесі ұрпағы пайымдау сияқты «қиын мәселелерді» шешуде үлкен прогреске қол жеткізгендерін айтқан. «Біз күрделірек тапсырмаларды неғұрлым күрделі жолмен орындай алатын ЖИ-ді қолдана бастаймыз. Менің ойымша, біз бұл модельдердің ойлау қабілетінің негізін қалап жатырмыз», – дейді ол.
Бүгінгі ЖИ жүйелері бір реттік, кішігірім тапсырмаларды орындауға жақсы машықтанған, бірақ олардың бірнеше тақырыпты қамту мүмкіндіктері жоқ.
Технологиялық компаниялар барған сайын жетілген генеративті жасанды интеллект жасауға ұмтылған сайын прогресс қарқыны үдей түсуде. Адамдар жасаған өнімдерден айырмашылығы жоқ сапада адам сөздерін, суреттерді, кодтарды және видеоларды жасай алатын бағдарламалық жасақтамалар өмірге жылдам енгізілуде.
Ойлау және жоспарлау – бұл ЖИ зерттеушілері «жасанды жалпы интеллект» деп атайтын маңызды қадам. Адам деңгейіндегі танымы бар жаңа чат-боттар мен виртуалды көмекшілер бірнеше бағыттағы тапсырмалар тізбегін орындауға және олардың әрекеттерінің салдарын өздері болжай алатындай мүмкіндікке қол жеткізуге ұшталған.
Сейсенбі күні (9 сәуірде) Лондондағы іс-шарада сөйлеген сөзінде Meta-ның жасанды интеллект бойынша бас ғалымы Янн ЛеКун қазіргі жасанды интеллект жүйелері «көп ойланбастан немесе жоспарламай-ақ бір сөзден кейін сөз тіркестерін бірінен соң бірін шығарып, сөйлем құрайтынын» айтқан.
Олар күрделі мәселелерді шешуде немесе ақпаратты ұзақ уақыт бойы сақтауда қиындықтарға тап болғандықтан, әлі де «ақымақ қателіктер жібереді» дейді ол.
Дәлелдеу мен пайымдауларды қосу арқылы ЖИ модельдері «мүмкін жауаптарды іздеуге», «іс-әрекеттер тізбегін жоспарлауға» және «өзінің әрекеттерінің әсері қандай болатынының психикалық моделін жасауға» көңіл бөлуге қабілетті болады. Бұл «машиналық интеллекті келесі деңгейге көтеру үшін» жасалынуда.
ЛеКун жасанды интеллект «агенттерімен» жұмыс істеп жатқанын айтады. Ол машиналар, мысалы, Париждегі бір кеңседен Нью-Йорктегі екінші кеңсеге баратын сапарды жоспарлап, әуежайға дейінгі, одан кейінгі сапардың әрбір кезеңіне тапсырыс беретін болады.
Meta өзінің жаңа жасанды интеллект моделін WhatsApp пен Ray-Ban смарт көзілдіріктеріне енгізуді жоспарлап отыр. Компания алдағы айларда әртүрлі қолданбалар мен құрылғыларға арналған түрлі өлшемдегі Llama 3 шығаруға дайындалуда.
OpenAI GPT-тің келесі нұсқасы туралы «жақында жаңалықтар» болатынын жариялаған. OpenAI операциялық директоры Брэд Лайткэп: «Уақыт өте келе біз ұзағырақ және күрделі мәселелерді шешетін модельдерді көреміз деп ойлаймын. Ал ол үшін машиналардың ойлау қабілетін жақсарту қажет», – дейді.
«Біз осындай ЖИ көмекшілерімен үнемі сөйлесетін боламыз. Сондықтан біздің цифрлық диетамыз да жасанды интеллект жүйелеріне байланысты болады», – дейді Лекун.
Ия, адам өміріндегі ЖИ маңызы енді өсе бермекші, оны тоқтату мүмкін емес. Тек оны қолдануда жауапкершілікті түсініп, жеке тұлғаның ғана емес, тұтас елдің, мемлекеттің мүддесімен санасуға шақырамыз. Өйткені ертеңгі ақылды машинаның ниетін біз білмейміз.