Оталған орман емес, көктеген көшеттер көрсек...

Сыр өңірінде аяқсу мәселесі көп жылдан бері шешімін тап­пай, күрделеніп тұр. Соның сал­дарынан көркейту жұмыс­тары көңілден шықпай келеді.

Әсіресе, облыс орталығы – Қы­зылорда қаласында жыл сайын көгалдандыру бағытында ау­қымды жұмыстар тұрақты жүргізілгенімен, құрғақшы­лықтан көптің еңбегі зая кетіп жатады.

Қаладағы көркейтуге бай­ланысты қордаланған мәселені оңтайлы шешу үшін биыл облыс әкімінің қолдауымен «Жасыл Қы­зылорда» мемлекеттік коммуналдық мекемесі құрылып, жұмысын бас­тады. Мекеменің негізгі мақсаты – жасыл желекті баптап, қала аума­ғындағы аяқсу жолдарын аршып, қажетті шараларды жүзеге асыру.

Шыны керек, өңірде жылма-жыл қазынадан қыруар қаржы қаралып, көгалдандыру жұмыс­тарына көңіл бөлініп келеді. Алайда «әттеген-ай» дейтін тұстары аз емес. Ең қиыны, арықтарға су беріл­меуінен көшеттерге күтім жасалмай, көп жағдайда қурап қалып жатады. Ол аз десеңіз, ұзақ жылдан бері қаланың көркін ашып, жайқалып өсіп тұрған талдарды көктем, күз мезгілдерінде жаппай кесуге де тосқауыл қойылмай тұр. 

Көгалдандыру мәселесін көңіл­дегідей жүргізу үшін алдымен аяқ­суды реттеу қажеттігі көптен бері көпшілік тарапынан айтылып ке­леді. Соның негізінде Қызылорданы жасыл желегі жайқалған көрікті мекенге айналдыруға жол ашылары сөзсіз. Облыс орталығында жұмы­сын бастаған жаңа мекеменің де негізгі мақсаты – осы. Жалпы, міндетті жұмыстарды ұтымды үйлес­тіру мақсатында қоршаған ортаны көгалдандыру, топырақ құрамын зерттеу, зиянкестермен күресу тәсілін енгізу бойынша аталмыш ме­кеменің атқарар жұмысы ұшан-теңіз екен. Бұл жайында осыған дейін Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов шаһарды көр­кейту-көгалдандыруға байланысты өткізілген жиында да кеңінен түсіндіріп өткен болатын. 

Ерте көктемнен жаңадан ашыл­ған мекеме мамандары тәжірибе алмасу үшін Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ және Әлихан Бө­кейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроор­ман­мелиорация ҒЗИ мамандарымен бірлесіп жұмыстар жүргізді. Нақты айтқанда, тал егу, суландыру бойын­ша тәжірибе алмасты. Қала әкімі жаңа мекеме осы арқылы алдағы уақытта Қызылорда қаласын көгал­дандыру жұмыстары ғылыми тұр­ғыда негізделіп, жоспар бойынша ауқымды шараларды жүзеге асыру көзделіп отырғанын алға тартты.

Жалпы, облыс орталығын көр­кейту жұмыстары былтыр да на­зардан тыс қалмады. Бұл тұрғыда былтыр 484,7 млн теңге бөлініпті. Оған гүлдер мен газондар отырғызу, арық жүйелері тазартылып, көшет­тер егу жұмыстары жүргізілген. Арық жүйелері демекші, Қызылорла қаласын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында «Жібек жолы» және «Қызылжарма» арналарын күтіп-үстау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына да қаржы қаралып, игерілген. 

«Жасыл Қызылорда» КММ-нің негізгі міндетіне қаламызды көгал­дандыру мақсатында каналдар мен арық жүйелерін тазалау, жерасты ұңғыма және сорғылар арқылы аяқ­су беру, сквер аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, кө­галдардыру, күтіп ұстау, сондай-ақ қураған ағаштарды кесу кіреді. Осы аталған жұмыстар жыл басынан бері жүргізілуде. Қазір жоспарлы жұмыс­тарды жүйелі атқаруға баса мән беріліп отыр. Мамандар барлық қажеттілікті ескере отырып, жұмыс жасауда. Алдағы уақытта қаламыз­дың жасыл желекті аймаққа ай­налғанына бәріміз куә болатыны­мызға сенім зор», – деп мәлімдеді бұл жайында Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте мекеме басшысы Әжібек Мампаев.

Аталмыш мекеменің мәліметіне сәйкес, биылғы наурыз айынан бастап  қаладағы Жібек жолы мен Сарқырама, Табиғат және қалалық каналдарын, қалаішілік арық жүйе­лерін тазалау жұмыстары қарқын алған. Сонымен қатар Сырдария өзені және каналдар арқылы арнайы 19 жерден  сорғы қондырғыларымен аяқсу беру жоспарланып, жүзеге асырылыпты. Оның үш данасы дизельдік отынмен және 16 данасы электр жүйесімен жұмыс жасайтын сорғы қондырғылары болып табы­лады. Бүгінде аяқсуға арналған «Жібек жолы» каналы бойында және  «Сыр ана» монументі жанында орналасқан су сорғы қондырғылары арқылы қалаға аяқсу беріле бастаған.

Мекеме тарапынан бүгінде Тұң­ғыш президент атындағы саябақта және Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан су сорғыш қондыр­ғылары орнатылып, аяқсумен қам­туға дайындық жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын алға тартып отыр. Сонымен қатар 2022-2023 жылдар аралығында 27 бұрғылау жұмысы жүргізілген және бұрыннан жұмыс істеп тұрған  ұңғымаларды да аяқсу­мен қамту мақсатында электр жүйе­леріне қосу жұмыстары ұйымдасты­рылуда екен. Қазір дәл сондай 10  дана ұңғыма аяқсу беруге толық дайын және қосу жұмыстары жүргізілуде.

«Қаланың аясу жүйелері қайта жаңғыртуды қажет етеді. Биылғы бастама халықтың үмітін қайта оятқандай болды. Талай жылдан бері су бармаған арықтарды аршып, тазалап, аяқсу айдауға күш салып жатқаны қуантады. Дейтұрғанмен, қала орталығымен қатар, шет аймақтың да жайын ескерсе екен. Шеткі аумақтардың сұрқы қашып тұр. Ондаған жыл бойына аяқсу бармаған арықтар бар. Соның салдарынан халық бау-бақшасын жайқалта алмай, көшелері көріксіз күйге түсті. Келесі кезекте осындай келеңсіздіктер қаперге алынып, аталмыш мекеме тұйткілдің түйінін тарқатса, нұр үстіне нұр», – дейді қала тұрғыны Қайрат Сматуллаев.

Қалай дегенде де, биылдан бастап Қызылорданың көркейіп, көгалды аймаққа айналуына «Жасыл Қызылорда» мекемесі зор үлес қосуға ниет білдіріп отыр. Тұр­ғылықты халықтың да талабы осы. Ендеше облыс орталығынан оталған орман емес, көктеген көшеттерді көреміз деген үміт басым.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы