Үдемелі бақ үмітті ақтамады

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында түрлі жобалар жандануда. Олардың бірі төрт түлік санын арттыруға бағытталса, енді екін­шілері заманауи технологияларды қолдана отырып үдемелі бақтардың жұмысын үдетуді көздейді.

Алайда осыдан он жыл бұрын Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында пи­лот­тық жоба ретінде жанданған бастама бүгінде ба­ғытынан айнығандай. Олай дейтініміз – жо­баның болашағына сеніп, үдемелі бақ егуді қол­ға алған шаруалар бүгінде қарызға белше­сінен батып отыр. 

Әңгіменің әлқиссасын әріден бас­тасақ, 2015 жылы 12 шаруа «Қар­қынды (отбасылық) алма бақ­та­рын құру және дамыту» бағдарламасы бойын­ша интенсивті бақ өсіруді қолға алады. Сол тұста ұтымды көрінген жо­ба кейіннен сәтсіздікке ұшырап, қазір қожалық иелері сот табалдырығын тоз­­дырып жүр. Еңбек адамдары өзде­рі­нің шығынға батуына «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының құқықтық ми­расқоры «Аграрлық несие корпора­ция­сы» АҚ кінәлі деп санайды. Себебі корпорация баққа қо­­лай­сыз орын таң­дап, тіпті заңсыз­дық­­қа да жол берген екен. 

– Негізі, интенсивті бақ құру ба­ры­сын­да жеміс ағаштарын өсірудің өзін­дік талаптары бар. Аты айтып тұрған­дай, қарқынды технология шаруаның аз шығынмен мол өнім алуына сеп бо­луға тиіс. Қазіргі заманғы технология бойынша жеміс ағаштары отырғы­зыл­ған­нан кейінгі бір-екі жылда интен­сив­ті бақ өнім беруі керек. Жалпы, жо­баның ерекшелігі – инжинирингтік компания арқылы шаруаға дайын бақ ұсынылуы қажет. Бір сөзбен айтқанда кө­шеттерді таңдап, өздері отырғызып, бау-бақшаға керекті барлық жүйелерді ор­натып беруі тиіс. Осылайша, фер­мер­лер лизинг шарттарымен бастап­қы­да қаржылық және техникалық қиын­дықтарға ұрынбай, жоғары ком­мерциялық тиімділігі бар дайын тех­но­логиялық бизнес жобасын жүзеге асы­рушы болып атануы керек. 

2015 жылы шаруалар құжатқа қол қойдық. Бірақ шаруалар үшін берілген 17 гектар интенсивті бақ құрылысы 2015 жылы басталғанымен 2017 жылы бір-ақ аяқталды. Бақтың орнын Жуалы ауданындағы Беріққара шатқалынан таң­дауы ең сәтсіз шешім болып отыр. Себебі аталған жер күшті жел өтінде тұр. Ағын суды да жеткізу қиын. Кор­по­­­рация баққа орын таңдауда алқаптың жер жағдайы, су тапшылығының туын­дамауы және ауа райының қолай­сыз­дығы сынды мәселелерді мүлде зер­де­лемеген, – дейді бақ егемін деп бармақ тіс­теп отырған шаруаның бірі Ғалым­жан Иманжанов. 

Бастапқыда болашақ бағбандар мол өнім алу үшін Нидерланды елінен әке­лінген Granny Smith, Golden Delicious және Gala сорттарының жоғары өнімді және ауру-сырқаудан аман алма көшеттерін таңдап алған. Ал жобаға жауаптылар бақтың әр гектарынан 40-тан 70 тоннаға дейін өнім алуға кепілдік бер­ген. Әрі шаруаларға әлі қолға ти­меген пайда үшін лизинг ретінде ақша үлес­тірген. Осылайша, жарнамасы жер жарып жанданған интенсивті алма бақтары алғашқыда азын-аулақ өнім бер­се, кейіннен қатты желге шыдас бер­мей бұталары сынып, күзде үсік ша­лып, одан қалса түрлі ауру салда­ры­нан қурап кеткен. Осындай табиғи апат­тарға қарамастан сот шаруаларды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ-ның құқықтық мирас­қоры «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ алдындағы қарызын өтеуге мін­дет­теп отыр. Алайда облыстық қоғамдық кеңестің ауыл, су шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері жө­нін­дегі сараптау тобының төрағасы Ке­мелхан Әбілековтің айтуынша, кор­по­рация мамандары бастапқыда-ақ жо­баға немқұрайды қарап, көптеген қа­телікке жол берген екен. 

– 2015 жылдың мамыр айында жо­ба қатысушылары шарт бойынша бас­тап­қыда 60 гектар жерге бақша салу үшін инжинирингтік компаниямен ке­лісімге отыруы керек еді. Келісім бақ үшін қолайлы орынды таңдауды, жо­ба­лық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қа­жетті шараларды жүргізуді, агро­хи­миялық топырақты талдауды, аумақты гид­рометеорологиялық және гидро­ло­гиялық зерттеулерді қамтиды. Келі­сім­шарт барысында мұның ешқайсысы жа­салмаған. Тіпті, мемлекеттік сәулет-құ­рылыс бақылау және қадағалау бас­қармасына құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тарының басталғаны туралы да ха­барланбаған. Осылайша, шаруа­лар­мен келісім жасалмай жатып заңсыз­дық­тарға жол берілген, – дейді Кемел­хан Смағұлұлы.

Осындай жүйесіздік бола тұра шаруа қожалықтар бағдарла­маға қатысушы атана отырып, мем­ле­кеттен лизинг сомасы 935 миллион тең­гені құрайтын қаржы алған. Алайда шаруалар алғашқы үш жылда пайда таба алмаған. Ал қор төлемдерді үш рет қайта құрылымдауға келіскенімен, бұл ұзаққа созылмаған. Сондықтан шаруа­лар 2022 жылдың 1 желтоқсанында 4,5 мил­лион теңге көлеміндегі алғашқы жал­дау төлемін төлеген. Ал өткен жыл­дың қаңтар айында қатты дауыл бақ­тағы темір торлардың 40 пайызын құла­тып кеткен. Ол аз десеңіз, мамыр айында облыс әкімінің №38 және №96 қаулысымен өңірдегі адамдарға қауіпті бактериялық күйіктің таралуына бай­ланысты карантиндік режим енгізілген. Осы карантиннің кесірінен алма бақ­та­ры бүлініп, түп тамырымен жойы­лу­дың алдында тұр. Салдарынан, еңбек адамдарының келесі төлемді төлейтін қаражаттары болмауда. Шаруалардың үйлері кепілде тұрғандықтан олар дү­ние-мүліктерін сатып ғана қарызды қай­тарудан басқа амал таппай отыр. Сотта шаруалардың мүддесін шығынға бат­қан қожалық иесі Ғалымжан Иман­жановтың өзі қорғаған. Оның айтуын­ша, қазір олар өте қиын жағдайда тұр. 

– Шаруалар өздері ғана пайдаға ке­­­нелмей, мемлекеттің дамуына да өз үле­сін қосуды ойлады. Алайда іс жү­зін­де бәрі басқаша болып шықты. Шаруа­лар сотта жеңіп шықса да бақшадан келетін пайда жоқ екенін жақсы біліп отыр. Оларды алаңдататыны – бақты салуға жұмсалған бір миллиард теңгеге жуық қаржыны енді кім қайтарады? Біз бұл бақты жалға алып отырғандықтан лизинг ретінде берілген 935 миллион теңгені 10 жылда төлеп қайтаруымыз ке­рек. Бірақ бұны төлей алмайтын­ды­ғы­мызға анық көзіміз жетуде. Бақ Жуа­лының Берікқара деп аталатын аумағындағы желдің өтінде тұр. Суды да сусорғымен кіші Аса өзенінен алып, алма бақты тамшылатып суарамыз. Бірақ Жамбыл ауданының Айша бибі ауылы маңынан бөлінетін кіші Асада шілде де су бола бермейді. Қазірдің өзін­де онда су жоқ. «Аграрлық несие кор­порациясы» акционерлік қоғамы тарапынан осы секілді зерделеу жұмыс­тары алдын ала жүргізілмек тұрмақ, олар Шу, Аса, Талас өзендеріне жауап­ты тиісті мекемеден рұқсат та алмаған. Жамбыл ауданының Құмтиын ауы­лын­да да осындай интенсивті бақ бар. Ол шаруашылықта мұндай қиындықтар жоқ. Себебі аталған алма бақ төменде және үлкен Аса өзенінің бойында тұр. Сонымен қатар оларға бақты ұсынғанда жерді суландыру үшін ұңғыма қазып бе­рілген. Ал біздің интенсивті алма бақ­тан ұңғыма қазуға жер жағдайына бай­ланысты рұқсат та берілмейді, – дей­ді Г.Иманжанов. 

Облыстық қоғамдық кеңес мүше­лері диқандардың мүддесін қорғап, олардың құқығы тапталмауы үшін барлық әрекетті жасаған. 

– «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ бір мезгілде сату және лизинг шарттарын жасамауы керек бо­латын. Бұл – бақ құрылысы аяқ­та­лып, пайдалануға берілгеннен кейін жү­зеге асатын шаруа. Осы себепті тран­закция жарамсыз деп танылуы қа­жет. Бірақ неге екені белгісіз, сот бұл жағдайды ескермеді, – дейді облыстық қо­ғамдық кеңестің ауыл, су шаруа­шы­лығы және азық-түлік қауіпсіздігі мә­селелері жөніндегі сараптау тобының төра­ғасы Кемелхан Әбілеков.

Қазір шаруаларға төлемге келгенде өз күшіне сенгеннен басқа амал болмай тұр. Алайда Ғалымжан Иманжанов әділ­­дік іздеп, Жоғарғы Сотқа дейін бару­ға белді бекем бууда. 

Негізі, бекітілген ережеге сай, адам ден­саулығына қауіпті ви­рус­тар мен бак­­териялық инфек­ция­лардың кесі­рі­нен алма бақтар апатқа ұшы­раса, шы­ғын жергілікті бюджет есе­бінен өтеледі. Шаруалар осы сынды жеңілдікке үміт артуда. Оның нүктесін енді Жоғарғы Сот қояды. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы