Үкімет оларға балама ретінде қазақстандық ғылыми журналдардың дамуын ынталандырып, қолдауға кірісті. Бұл жаңашылдықтар ғалым болуды емес, ғалым атануды қалайтындардың жанына жағып, жайлылық әкелгенімен, отандық ғылымның көсегесін көгерте қояр ма екен?!
Ғылым таппай... қоштасты
Билікте ұзақ уақыт болған тұлғалардың біразының ғылыми атағы бар екені жасырын емес. Әйткенмен, статистика оларды назарға алмайды, тек жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың санағын жүргізеді. Сонымен, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023-2024 оқу жылында республиканың жоғары білім беру ұйымдарында 37 391 оқытушы қызмет етіп жатыр. Басым көпшілігі, 14 982 адам немесе 40,1%-ы «магистр» академиялық дәрежесіне ғана ие. 10 504 адамның немесе 28,1%-ының «ғылым кандидаты» ғылыми дәрежесі бар. Қалған 4 168-і немесе 27,8%-ы философия докторы, PhD ғылыми дәрежесін алған.
Кейінгі жылдары докторлық шыңды бағындырғандар қатары сиреп, сұйылды. Бұл мәселені көтерген депутаттардың айтуынша, жұмыс істегісі келмейтін жастар докторантураға грантпен түсіп алады да, ай сайын шәкіртақысын алып отырады. Ақыр соңында диссертациясын қорғамай, шығып кетеді. Қазір докторанттардың ай сайынғы стипендиясы 217 мың теңгені құрайды және жыл сайын өсіп тұрады.
Бұл мәселені алғашқылар қатарында белгілі ғалым, PhD доктор Хайрулла Масадиков Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбекке хатында көтерген болатын. Оның айтуынша, еліміздегі жетекші университеттердің бірінде докторантураның білім беру бағдарламасының теориялық оқу курсын толық меңгерген, докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысын (ДҒЗЖ) орындаған, бірақ докторлық диссертация қорғамаған докторанттардың саны көбейді.
«Қазір университетімізде он жылдай, 2012–2021 жылдар аралығында докторантурасын тамамдаған, алайда қорғауға шықпаған шамамен 160 докторант бар. Бұлардың әрбірімен жеке Жол картасы бекітіліп, олардың қорғауға шығуы үшін біздің тарапымыздан барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Мысалы, қорғамаған докторанттарымыздың ғылыми негіздемесі қайта бекітіледі, тақырыптарына түзетулер енгізіледі», – деді ғалым. Ұқсас проблема өзге ЖОО-ларда да қалыптасқан.
Мұны Ғылым және жоғарғы білім министрлігі де, Ұлттық статистика бюросы да растады. Олар ұсынған ресми дерек бойынша, 2023-2024 оқу жылында оқып жатқан докторанттардың жалпы саны 5 966-ны құрайды. Оның ішінде 1 686-сы биылғы оқу жылында қабылданыпты.
Бұл ретте тек бір оқу жылында ғана 424 докторант оқуын бітірмей, шығып кеткен. Тағы 104 докторант – «белгіленген мерзімнен артық уақыт даярлықтан өтіп жатыр».
Докторантурада оқып, ай сайынғы шәкіртақысын алып, ақыры осы оқу жылында бітірмей кетіп қалғандардың көбі Алматы (195 докторант) және Астана (136) қалаларындағы жоғары оқу орындарының үлесінде. Одан кейін Қарағанды (38), Қостанай (25) облыстары тұр. Өзге өңірлерде ғылыммен ерте қош айтысқан докторанттар саны онға жетпейді.
Еліміздің жетекші университеттерінің бірінің қауымдасқан профессоры, доктор Сергей Саяпин тағы бір мәселені көтерді: диссертациялық жұмыстардың бір бөлігі көзбояушылық болып келеді.
Мәселен, Оксфорд университетінде құқық бойынша философия докторы (DPhil) атағын алу үшін 4 жылға дейін докторантурада оқыған адамнан көлемі 75-100 мың сөзден тұратын диссертация жазып, жұртшылық алдында қорғау талап етіледі. Қаріп көлемін 11-12 дейін кішірейткеннің өзінде, бір бетке орта есеппен 450 сөз ғана сыяды. Яғни, диссертацияның көлемі 165-ден 220 бетке дейін барады.
«Гумбольдт атындағы Берлин университетінде қорғаған менің докторлық диссертациямның көлемі 334 бетті құрады. Бірақ М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің Диссертациялық кеңесіне қатысқандағы төл тәжірибем көрсеткендей, бізде PhD докторы дәрежесін алуға жалпы көлемі 120-дан 180-ге дейінгі беттен ғана құралған диссертациялар да қорғауға жіберіле береді екен. Бұл ретте қаріптің кеглі құбылып тұрады, салдарынан ол диссертацияның бір бетіндегі сөздердің саны аз болып шығады», – деді доктор Сергей Саяпин.
Сондықтан оның байламынша, Қазақстанда қорғалатын диссертациялардың көлемі мен сапасына талапты арттырған жөн. Сонда ғана ол үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес келетін болады. Мәселен, ғылыми диссертациялардың көлемі, сілтемелерін қоса алғанда, ең кемі 75-100 мың сөзді құрауы тиіс деген талап бекітілгені абзал. Сондай-ақ диссертациялар ғылым мен тәжірибеге өзіндік әрі қомақты үлесін қосуы шарт. Әйтпесе, ол еңбек ғылым мен ел түгіл, авторының өзіне де керек болмай, архивте шаң басып жата береді.
Ғылымның қорғаны кім болмақ?
Докторантураға түскендердің бірнеше жыл өзін оқытуға жұмсалатын мемлекет қаржысын босқа шығындап, соңында ғылымнан тайып тұратынына қатысты ұзақ жыл шешілмей, түйіні шиеленіскен проблема министр Саясат Нұрбектен асып, Үкіметке жетті.
Үкіметте әлеуметтік салаға жауап беретін вице-премьер Тамара Дүйсенованың айтуынша, кейінгі кезде бұл саладағы жағдай жақсара бастады. Соған қарамастан, бәрібір докторантураға түскендердің жартысынан көбі диссертациясын қорғап шықпайды екен. Тамара Босымбекқызының айтуынша, Қазақстанда ғылыми еңбек қорғаған докторанттардың үлесі соңғы 3 жылда 42%-ға дейін өсті. Әлемде бұл көрсеткіш 60%-дай.
Ол «Дәрежелерді беру қағидаларына» сәйкес, диссертациялық жұмыстарды қорғау үшін оның негізгі ғылыми нәтижелерін халықаралық рецензияланған ғылыми журналдарда жариялау талап етілетінін еске салды. Осы арқылы диссертант өзінің ғылыми еңбегінің сапасын, сондай-ақ ғылыми зерттеулерінің әлемдік ғылыми кеңістік үшін маңызын дәлелдейді.
Алайда докторантурадан ғылыми атақты қорғамай кететіндер үлесінің мол болуы Үкіметті шетін шараға итермелепті: диссертация қорғау жеңілдетіліп жатыр. Біріншіден, әу баста жас дарындардың ғылыми зерттеу-жобаларын қорғау үшін құрылған «Жас ғалым» бағдарламасы аясында енді докторантураны бітірген, бірақ оны қорғай алмағандар тегін грант алып, мемлекеттің қаражатына өзінің докторлық дәрежесін қорғауға мүмкіндік беріледі. Мұны Т.Дүйсенова хабарлады.
Екіншіден, шетелдік беделді ғылыми журналдарда мақала басуға балама тәсіл енгізілді: елімізде апта сайын дерлік өтетін «халықаралық» мәртебесі бар конференцияларда баяндамалар жасаса, жеткілікті.
– Қағидаларда диссертацияларды қорғау кезінде талап етілетін шетелдік жарияланымдарға балама нұсқалар қарастырылды. Докторанттарға ғылыми қызмет нәтижелерін шетелдік сенімді баспалардың монографияларында, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиетіне, қазақ филологиясына, Қазақстан тарихына, философияға байланысты дайындық бағыттары бойынша отандық ғылыми журналдарда 5 мақала және халықаралық ғылыми конференцияларда екі баяндама түрінде жариялауға мүмкіндік берілді, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Мұның сыртында, енді JCR деректеріне сәйкес импакт-фактор бойынша бірінші квартильге кіретін және CiteScore бойынша кемінде 75 процентилі бар журналда бір мақала болған жағдайда, басқа жарияланымдар талап етілмейді. Бұған қоса, докторанттардың пәнаралық бағыттағы журналдарда мақалалар жариялау мүмкіндіктерін кеңейту көзделген.
Ираннан үлгі алсақ игі...
Үкімет шетелдік ғылыми басылымдарда балама ретінде қазақстандық ғылыми журналдардың дамуын ынталандырып, қолдауда.
Уәкілетті орган ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялауға рұқсаты бар басылымдар тізбесіне қосу үшін отандық журналдарға қойылатын жаңа талаптарды бекітті. Қазірдің өзінде сол «Басылымдар тізбесіне» 162 отандық ғылыми басылым кіріп үлгеріпті.
2011–2023 жылдар аралығында 18 отандық журнал Web of Science және Scopus халықаралық ғылыми дерекқорларына қосылған.
Соңғы 3 жылда Scopus дерекқорына 3 отандық журнал – Kazakhstan archeology, Material and mechanical engineering technology, Physical Sciences and Technology енгізілді.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, биыл халықаралық баспа стандарттарына жақындату мақсатында редакциялық қызметті дамыту үшін 10 қазақстандық журналмен жеке консультациялар жүргізу көзделген. Ол журналдардың редакторлары үшін басқарып отырған басылымдарын халықаралық деректер базасына ілгерілету құралдары бойынша семинарлар өткізіліп жатыр.
Вице-премьер мемлекет тарапынан сапалы отандық журналдардың дамуына қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Бірақ оның не қолдау, қанша қаржы екенін нақтыламады.
Бүгінде ғалымдардың шетелде жариялану белсенділігі бойынша Қазақстан Орталық Азия аймағында көшбасшыға айналды. Қазақстандық ғалымдардың жарияланым белсенділігі жыл сайын артып келеді. Тарата айтқанда, Scopus дерекқорында: 2018 жылы – 4 352, 2019 жылы – 5 309, 2020 жылы – 5 913, 2021 жылы – 6 275, 2022 жылы – 6 509 ғылыми мақала жарияланыпты. 2023 жылғы деректер 2024 жылғы шілдеде шығады.
Web of Science платформасына кіретін дерекқорлар журналдарында: 2018 жылы – 3 519, 2019 жылы – 4 222, 2020 жылы – 4 537, 2021 жылы – 4 036, 2022 жылы – 4 239 жарияланымы шыққан (2023 жыл қорытындысы биылғы шілдеде белгілі болады).
Осылайша, отандық ғалымдардың жарияланымдар саны 2018 жылмен салыстырғанда Scopus дерекқоры бойынша 50%-ға, Web of Science дерекқоры бойынша 20%-ға өсті.
Алайда «Жаһандық инновациялық индекс – 2023» рейтингінде Қазақстан небәрі 81-ші орында тұр. Оны құратын Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO) Қазақстанды қуып жетіп, биыл 82-ші орынға шыққан өзбек елінің қарқынына ойша қол соқты: Өзбекстан мен Пәкістан екінші жыл қатарынан инновация саласында жоғары қарқынды нәтиже көрсетіп отырған көрінеді.
Сондай-ақ ондаған жылдан бері ауыр халықаралық санкция қыспағындағы Иранның екпіні мен тепкіні тегеурінді екен: ол жаһандық рейтингте 62-орынға жайғасты. Ұйымның баяндамасында айтылғандай, Иран «Тауарлық белгілер» позициясында жаһандық ауқымда бірінші (!) орынға шықты. Жаратылыстану, инженерлік ғылымдар бойынша мамандар даярлау жөнінен әлемдегі 3 (!) жетекші мемлекеттің қатарына кірді. Ғылыми ұйымдарының нарықтық капиталдануы жөнінен әлемде 5-ші орынға, «ғалымдарының өнеркәсіптік өнімдері» бағытында 11-ші орынға көтерілген.
Ұзақ жыл санкциялар астында өмір сүріп жатқан каспийлік көршіміздің экономикасы мықты ғалымдарының, білікті инноваторларының арқасында жайрап қалмады, алға басты. Иран барлық дерлік шетелдік өнімдерді «импорталмастырып» шықты. Тауар маркасы бойынша әлемде бірінші орынға шығуының мәні де осында екен.
Олай болса дамыған елдерде мақаласын жариялауға қауқары жарамаса, қазақстандық жас ғалымдар ең құрығанда, Ираннан үлгі, тәлім алса артық болмас еді.
Елдос СЕНБАЙ