Бүгін Астана қаласында өткен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жас ғалымдар мәселесіне ерекше тоқталды.
Президент ғылым саласындағы білікті кадр тапшылығын шешу, отандық ғылымның әлеуетін көтеру жас ғалымдарға барынша жағдай жасау арқылы жүзеге асатынын және «қазір жас ғалымдардың заманы туды» деп атап көрсетті. Шынымен де, жас ғалымдар ғылымның дамуына зор үлес қосып келеді.
Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, жас ғалымдарды ғылымға тарту және оларды рухани және материалдық тұрғыдан ынталандыру жұмыстарының жүргізілуі – талай жастардың ғылым жолына түсуіне себеп болуда. Мысалы, жас ғалымдардың ғылыми-зерттеулерін қаржыландыру мақсатында «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс» 2020 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.
Жыл сайын өтетін конкурстың жалпы қаржыландыру көлемі – 9 млрд теңге. «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсы тағы бар. 2021 жылдан бері өткізіліп келетін бұл конкурстың да жалпы қаржыландыру көлемі қомақты. Сонымен қатар жас ғалымдар үлкен ғалымдар арасында өткізілетін ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарына қатыса алады. Мықты жас ғалымдарымыз үлкен ғалымдармен бәсекеге түсіп, тіпті ол конкурста да олжалы болып жатқан жағдайлар аз емес.
Менің ойымша, ғылымдағы жастардың жаңа зерттеу әдістері мен озық технологияларды меңгергендігі және коммуникативтік дағдыларының дамуы олардың ғылым саласында қомақты жетістіктерге жетуге мүмкіндік беріп отыр.
«500 ғалым» бағдарламасы бойынша жылына жүздеген жас ғалым әлемдік үздік ЖОО мен ғылыми зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Бұл бағдарлама олардың тәжірибе жинауына және кәсіби біліктілігін арттыруға зор септігін тигізіп отыр.
Осы жылдың ақпан айында ҚР Президенті жанындағы ҰҒА-да Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Консультативті-кеңесшіл ұйым ретінде бұл кеңес еліміздегі талантты жас ғалымдардың пікірталас алаңына айналып, ғылым саласындағы мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын талқылап, құқықтық-нормативтік құжаттар мен ережелердің жобасын дайындау және оларға өзгеріс енгізу кезінде өз ұсыныстарын береді.
Республикалық кеңестер мен қауымдастықтардан бөлек, жастарды ғылымға тарту, ғылыми әдістемелік шараларды ұйымдастыру арқылы жастарға қолдау көрсету, жас ғалымдардың мәселелерін жергілікті жерде шешу және жас ғалымдардың зерттеу нәтижелері арқылы ғылымды насихаттау жұмыстарында ғылыми мекемелердегі Жас ғалымдар кеңестері зор рөл атқарады. Бұның айқын мысалы ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі Жас зерттеушілер кеңесін айтуға болады.
Білім ордасындағы талантты жас ғалымдардың басын қосқан Жас зерттеушілер кеңесі университеттің ғылыми өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Кеңесте 4 комитет жұмыс істейді және әрқайсысының атқаратын өз функциясы бар. Ғылыми-әдістемелік комитет ғылыми-әдістемелік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу және жас зерттеушілерге ғылыми-әдістемелік бағыттарда кеңес беру мәселесімен айналысса, Ақпараттық комитет ғылыми ақпараттармен жұмыс істеу бойынша іс-шаралар өткізу, кеңестің әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізу арқылы ғылымды насихаттайды. Ал ғылыми этика комитеті ғылым этикасы және зерттеу мәдениеті бойынша іс-шаралар өткізу және жас зерттеушілердің арасында «ғылымдағы әдеп», «академиялық адалдық» принциптерін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Коллаборация комитеті отандық және шетелдік жас ғалымдармен байланыс орнату және бірлесіп жұмыс істеу, университетішілік ғылыми ұйымдармен, оның ішінде студенттердің үйірмелерде жұмыс істеу мәселелерімен айналысады. Сондықтан осы сияқты ғылыми ұйымдарды дамыту және олардың өзара қарым-қатынас жасауына және жас ғалымдардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау ғылымның дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Қорыта келгенде, Президент саясатына сәйкес мемлекет жас ғалымдарды қолдай түссе, ғылыми кадрларды қалыптастыруға зор ықпал етіп, ғылымның дамуына зор серпін береді.
Шахислам Ұзақбайұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Жас зерттеушілер кеңесінің төрағасы, PhD