Халықпен кездесуде депутаттар табиғи апаттан келген шығынның қалай қалпына келтірілетінін түсіндіріп, алдағы су тасқынына дайындыққа көмектесіп жатыр.
Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин, Абзал Құспан, Ринат Заитов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев Атырау облысына барып, бөгет соғылып жатқан аймақтарды аралады. Алдымен Соколок каналы аумағындағы тасқын судың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл учаскеге Атырау қаласындағы Жұлдыз ықшамауданы және Ақсай, Ақжар, Талқайраң, Бесікті ауылдарының маңайлары кіреді.
Мұнда ұзындығы 15 шақырымды құрайтын дамба салынып жатыр. Бүгінде оның 8 шақырымы аяқталған.
Кездесу барысында депутаттар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты. Мемлекет тарапынан жасалатын материалдық көмек, өтемақы және басқа да қолдау түрлерін алу тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
«Көріп келе жатырмыз техникалар, тұрғындар жұмысқа білек сыбана кіріскен. Сондықтан су келмей тұрып Жайықтың жағасын бекітіп алуға әлі де мүмкіндік бар деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін кеудемізден келетін суды кешіп жүргенде қаншама нәрсе көрдік. Алда өтемақы төлеу, баспаналар мен мал-жанды қалыпқа келтіру секілді мәселелер күтіп тұр. Төтенше жағдайға қарсы жұмыс істейтін бір ізді алгоритм жоқ екенін көріп отырмыз. Біз тәуелсіздік алғалы бері барлық апаттың салдарымен күресіп келеміз. Себебімен күрескен жағдайды мен әлі кездестірмеппін. Атырауға әлі су келе қойған жоқ. Сондықтан іргелерді бекітуді пысықтау керек. Бұл ең өзекті мәселе. Судың келе жатқанын көріп отырмыз. Осыны көре отырып қам жасамайтын болсақ, онда ертен тілсіз жау деп табиғатқа жабудың қажеті жоқ. Сондықтан қазір жұдырықтай жұмылатын кез», – деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы.
Депутат Вера Ким Павлодар облысындағы жұмысын жалғастыруда. Ол Атамекен және Кенжекөл ауылындағы бөгеттердің, бекіністер мен жағалаулардың техникалық жағдайымен танысты.
Мұнда су тасқынының бірінші кезеңі апатсыз өтті. Ертіс өзенінің бойында орналасқан Жоғары Ертіс су қоймаларынан Шығыс Қазақстан облысына судың екінші толқыны келуі мүмкін. Тасқынның алдын алу үшін жағалауларды нығайтуға топырақ әкелініп жатыр. Атамекенге 2 мың тонна, Кенжекөлге 6,5 мың тонна құм жеткізілді.
Тасқын Ақсу қаласына да қауіп төндіріп отыр. Қаланың оңтүстік-шығыс жағына жер үсті бөгеттері тұрғызылды. Сондай-ақ Ертіс өзенінің жағалауында ұзындығы 1 020 метр, биіктігі 4,5 метр қорғаныс құрылысы салынып, 3 мың тоннадан астам топырақ жұмсалды.
Сарапшылармен және ведомстволық құрылымдардың өкілдерімен әңгімелесу барысында Вера Ким ескерту жүйелерін тексеру, эвакуациялау орындарын анықтау және жағдайды үнемі бақылауда ұстау қажетіне назар аударды. Қазір құтқарушылар елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік етіп, мамандар бекіністерді тексеріп жатыр.