Аталған ойындар 7 сәуірден бастап Андорра мемлекетінде өтіп жатыр. Жарысты қазақстандық хоккейшілер сәтті өткізіп келеді. Бельгия құрамасымен кездесуді қазақстандық хоккейшілер белсенді бастады. Бірінші кезеңде қатарынан бес шайба соғып кетті.
Ойынның 3-минутында Лариса Свиридова есеп ашса, одан кейін Дильназ Саяхатқызы 4, Екатерина Куценко 6, Малика Алдабергенова 12, 14-минуттарда есепті үстемелей түсті.
Екінші кезеңде құрамалар екі-екіден шайба соқты. Қазақстан құрамасынан Анна Пяткова 34, Карина Фельзинк 38-минутта мергендік танытса, оған қарсыластар екі шайбамен жауап қайырды.
Үшінші кезеңде ел құрамасынан Пернеш Әшімова 51 Александра Щегай 52-минутта гол соқты. Осылайша, Қазақстан құрамасы қарсыласынан 9:2 есебімен басым түсіп, қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті.