Бақытжан Бұқарбай, AmalBooks баспасының негізін қалаушы, баспагер: Автор қазақтың ұқыптылығына сүйсініпті

Былтыр Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды», – деп атап өткен болатын.

Иә, жасырары жоқ, еліміздегі кітап сөрелеріндегі басылымдардың басым көпшілігін шетелдік өнімдер құрайды. Тек соңғы жылдары ғана қазақ тіліндегі кітаптар саны артып келеді. Әлемдік әдебиеттің ең үздік үлгілерін аударып, басумен айналысатындардың басым бөлігі тәуелсіз баспагер. Сол тәуелсіз баспалардың қатарында AmalBooks баспасы да бар. Жуырда баспадан Нельсон Феллдің «Русия һәм көшпелілер. Қазақ даласы туралы хикаялар» атты жаңа кітабы жарық көрді. Осы ретте баспа жетекшісі Бақытжан Бұқарбаймен аталмыш кітап төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. 

– Бақытжан мырза, тақы­рыбының өзі оқырман шақырарлық бұл кітап сізді несімен қы­зықтырды? Неліктен осы кітапты аударып басуға бел будыңыздар? 

– AmalBooks баспасы Қазақ­станда кітап басумен 2016 жылдан бері айналысып келеді. Баспа нон-фикшн, бизнес және тарих бағытындағы кітаптарды басумен айналысады. Алматы қалалық мәслихат депутаты Дулат Тастекей деген кәсіпкер ағамыз бір кездескен кезінде: «Бірлесіп бір кітапты аударсақ, қандай кітаптар бар?» деп бастамасын жеткізді. Мен кезекте осы кітап тұрғанын жеткіздім. Бұл кітап – 1905 жылы қазақ даласына келіп, қазіргі Қарағанды облысындағы мыс кеніштерін сатып алып, мыс қорыту зауытын басқарған британ кәсіпкері Феллдің таңғажайып этнографиялық жазбалары. Ақырында бұл кітапты Assyltas қорының қолдауымен тұңғыш рет қазақ және орыс тілдеріне аударып шықтық. Оның алдында бұл еңбек алғаш рет 1916 жылы Лондон және Нью-Йоркта басылған еді. 

Енді неліктен осы кітапты шығардық дегенге келсек, бүгінге дейін халқымыздың өткеніне қатысты неше дерек оқысам да, кәсіпкер сияқты ойлай алатын адамның жазбасын алғаш кездестіруім. Жалпы, бұған дейін біз басқан еңбектердің бәрін зерттеушілер немесе саяхатшылар жазса, ал бұл туындының құндылығы кітапты кәсіпкердің өзі жазуы. Автор британ инженері Эдвард Нельсон Фелл Жаңа Зеландияда дүниеге келген. Оның ағасы Артур Британ парламентінің мүшесі болған. Англияда отырып-ақ «Флоридада кәсіп жасап, ақша табуға мүмкіндік бар» деп інісін жіберіп отырған. Сосын Нельсон Флоридада жер сатып кәсіп жүргізеді. Сондай-ақ «Ресей империясының дала өлкесінде мыс кеніштерін сатып алуға болады», – деп інісіне қолқа салады. Ақырында қазақ жеріне келіп мыс кеніштерін сатып алады. Мұнда тоғыз жыл ішінде, қазіргі тілмен айтсақ, мыс балқыту зауытына басқарушы менеджер болған. Ағылшын тілінде авторға қатысты, бірақ кітапқа енбеген бір деректерді көрдім. Қателеспесем, сол қазақ жерінде болған тоғыз жыл ішінде, әсіресе соңғы жыл­дарында елімізде жасаған бизнесінің арқасында айына таза 640 мың доллар тауып отырған. Қазіргі курстың бағамына салатын болсақ, оның таза табысы 22,4 млн доллар болады. Кітапта келтірген деректері ерекше әрі тың. Өзім де кәсіппен айналысып жүрген соң, бұл еңбекті басқа аудармашыға қимай, ағылшын тілінен орысшаға өзім аудардым. Бұл – мен аударған екінші кітап.

– Автордың көзімен қазақ­тың тұрмыс-тіршілігі қалай суреттелген?

– Ол кітабының алғысөзін: «Бұл кітапта баяндалған оқиғалар қазақ даласында өткен, қазақтар жайлайтын өлке – Орталық Азия тау жоталарының бір жағын алып жатқан аймақ, біздің бүкіл батыстық дүниетанымның, мә­дениет пен діннің тамыр жай­ған мекені» деп бастайды. Автор кітабында бізді Ресейдің құ­рамындағы ел екенімізді жазады. Бірақ қазақтардың бұл өлкені байырғы заманнан мекен етіп жатқанын тілге тиек етеді. 

Тағы бір маңызды жайт, автор сол замандағы қазақтардың жұмыс істеудегі ұқыптылығы мен жауапкершілігін ерекше атап өткен. Мәселен, жүкті межеленген жеріне жеткізуді тапсырсаң, жауапкершілікпен қарайды әрі бағасы арзан екенін жазды. Аманатқа қиянат қылмайтынын айтады. Сенім жағынан қазақ жұмысшылары америкалық жүк тасымалдаушы компаниялардың өзінен әлдеқайда жақсы екенін айтады. Бір ғана кеніштің айналасында болған оқиғалар туралы оқып, сол дәуірдегі ұлттың болмысын сипаттайды. Сондай-ақ қазақтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі туралы жазылады. Мысалы, ас беру туралы айтылады. Өлкедегі бір бай қайтыс болып, соған ас беріліп, бәйге өткен. Ол соған қазақтың ұлттық киімін киіп барады. Сол сияқты қазақтардың қазіргідей күнтізбе жоқ заманда оразаның соңғы күнін айға қарап анықтайтынын жазған. Егер аспан бұлтты болып ештеңе байқалмаса тағы бір күнге созатын болған екен. Басқа кітаптарда ас беру, ораза ұстауға қатысты деректер кездесіп жүрген соң мен үшін таңғаларлық нәрсе болған жоқ. Бірақ бұрынғы кітаптармен салыстырғанда тың деректер бар.

– Кітапта тың әрі қызықты деректер бар дедіңіз. ХХ ғасыр басындағы қазақ даласындағы қандай да бір тарихи оқиғалар қамтылған ба? 

– Сөз басында айтып өткенім­дей, кітапты іскер адам жазған. Сондықтан да бұл туындыда кеніштің айналасындағы оқиғалар өрбиді. Спасск қаласында мыс қорыту зауытының айнала­сын­­­дағы жұмыс барысында туын­даған проблемалардың шешімін іздеу, оған қазақтарды жұмылдыру деген секілді. Яғни, оның ойлау стилі кәсіпкерге тән. Этнограф немесе зоолог болса, өсімдік не жануар әлемі сияқты басқа дүниелерге мән беретін еді. Мысалы, Фелл айлық төлеу мәселесі туралы жазады. Ол кезде қазіргідей цифрландыру жоқ, банктен банкке ақшаны бір күнде аудара алмайсың. Жұмысшыларға айлық төлеу үшін Ақмолаға барып, банктен қолма-қол ақша алу керек-тін. Қыс мезгілінде қиынға соғуы мүмкін болған соң, жанындағы кісілер Адамбай деген байдан көмек сұрау керегін айтады. Ол бай капиталын ақшамен сандыққа салып ұстайды екен. Содан бірден барайық десе жанындағы адамдар тағы да ақыл қосады. Адамбай өз арамызда белді кісі, сіз де беделді адамсыз. Оған алдымен естіртуіміз керек. Сосын ол бай дайындалып, киіз үйін баптап Нельсонды күтеді. Дастарқан басында бұйымтайын жеткізгісі келгенде қасындағы Құсайын деген көмекшісі: «Әлі реті келген жоқ» деп айтқызбайды. Кейіннен Адамбай зауытқа қонаққа келеді. Яғни, батыстағы кездесулердегідей емес, біздегі келіссөздер басқаша өр­битіндігі айтылады. Бұдан бөлек, автор­дың Қоянды жәрмеңкесіне, Павлодарға барғаны баяндалады. Орыстардың қазақ жеріне қоныстануы, салт-дәстүр туралы мәліметтер де қамтылған. 

Десек те, автор сол өлкеде болған маңызды оқиғаларды да суреттемей кетпейді. Мәселен, 1905 жылы Ресей империя­сы Жапониямен соғыста жеңі­ліс­­ке ұшырап, салдарынан онда революциялық жағдай қалыпт­асты. Оның жаңғырығы қазақ даласына да жетеді. Сол кезде Ақмоладан полиция өкілі ке­ліп, Ресейдегі жағдайды айтып ескерту жасайды. Автор көп ұза­май зауыт жұмысшыларының ереуілге шыққанын жазады. Ол кезде қазақ жерінде орыстар қазіргідей көп емес еді. Кітапта Ресейдің оңтүстік бөлігінен келген қоныстанушылар туралы жазады. Ереуілге бастапқыда орыстар шығады. Сосын Фелл ұқыпты менеджер ретінде қазақ болыстарының көмегімен бү­лікті қайтарып, орыстарды Ресейге қуып жібереді. Алайда біраз уақыттан соң орыстардың үлгісіне сүйене отырып қазақтар да ереуілге шығады. Осындай қызықты мәліметтер бар.

– Енді алдағы уақытта осындай бағытта тағы қандай кітаптарды аударуды жоспарлап отырсыздар? 

– Бұл туынды тарихымызд­ан сыр шертетін әрі тың дерек­терді ұсынатын «Таза тарих» се­риясының аясында шығып отыр. Тарихи кітаптарды шы­ғарғанда нақты дереккөздерге сүйенген туындыларды басумен айналысамыз. Оның ішінде біздің даламызға келіп-кеткен саяхатшылар, зерттеушілердің құнды тарихи деректері болса немесе оларға сүйене отырып, архивтерден бұрын жарияланған материалдарын іздеп, соларды ұсынамыз. Бұл серия шеңберінде Кенесары хан, Жанқожа батыр толғауы, «Аспантау асқан үркін көш» деген кітаптар шықты. Мұхамеджан Тынышпаевтың 1925 жылы жарық көрген та­рихымызға қатысты еңбегін де біз қайта басып шығардық. Мысалы, Жанқожа батыр туралы кітапты өзім екі жыл жүріп дайындадым. Батырға қатысты ең ірі еңбек соңғы рет 1942 жылы жарық көріпті. 81 жылдан кейін біз шығарып отырмыз. Кітапты дайындау барысында XIX ғасырда жазылған Мұсабай жыраудың толғауының қолжазбасын тап­тық. Бұл жыраудың толғауы көп оқырманға белгілі, қазақ жырауының түрлі жинағына енген. Дегенмен түпнұсқаны тапқан кезде айырмашылықтарын бай­қадық. Сондай-ақ 1847 жылғы Жанқожа батырдың Ресей әкім­шілігімен жазысқан хаттарын сондағы әскери архивтерден алдырып енгіздім. Бұл ақпараттардың дені бұрын-соңды шықпаған. Ресейдің Иван Аничков есімді этнографы осы Жанқожа батырды Кенесары хан мен Есет Көтібарұлы сынды даңқты тұл­ғалармен қатар қояды. Яғни, бұл батыр әлі де толық зерттеуді талап етіп отырған тұлға. Кітапқа Ресей империясы тұсында батыр туралы жарияланған мақалаларды да қостық. Ғылыми жаңалығы бар еңбек деуге толық негіз бар. 

Енді алдағы уақытта қандай ең­бектерді аударамыз деген жос­парымызға келсек. Тарих сериясымен баспадан 2021 жылдан бері 7 кітап жарық көрген еді. Нельсон Феллдің орысша-қазақша нұсқасындағы кітабымен қоса есептесек – 9 кітап. Биыл аталған серия аясында жалпы саны 20 кітап басып шығару жоспарланып отыр. Қандай кітаптар екенін әзірге құпияда ұстай тұрайық. Алдағы уақытта оқырман қауымға мәні мен маңызы зор кітаптарды ұсынатын боламыз деп сенемін. Баспамыздан басқа жанрдағы кітаптар үздіксіз шыға береді, бірақ өзім тарих бағытындағы кітаптардың көптеп шыққанын қалаймын. Өйткені бұл тарихи са­намызды қалпына келтіру, сырт­тан келетін түрлі ақпарат пен геосаяси қауіп-қатерге хал­қымыздың дайын болуына бір­ден-бір көмекші құрал. Бұл – үл­кен идеологиялық жұмыс. Көп­­шілік онымен тек мемлекет, Үкімет қана айналысуы керек деп ойлайды. Шын мәнінде идеология қоғамның өзінен де туындауы керек. Бүгін осы кітап болса, ертең басқа бір құнды деректерді тауып, басып шығарамыз. Өз тарапымнан халқымыздың тарихи жадын қалыптастыруға үлесімді қосқым келеді. 

– Әңгімеңізге рақмет! Іс­теріңіз­ге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Наурызбек САРША