Мәдениет және ақпарат министрлігі су тасқыны жағдайына байланысты жалған ақпарат таратпауға шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ақпарат саласына жүргізілген мониторинг барысында біз жалған ақпарат болып шыққан 29 фактіні анықтадық. Ол хабарламалардың барлығы тиісті тексеруден кейін уәкілетті органдар тарапынан шынайы емес екені анықталды.
– Жалған ақпараттар көбіне мессенджерлер арқылы таралады. Ең көп тараған ақпараттар қатарына бөгеттердің бұзылуы, республикалық маңызы бар жолдарды су басуы, су қоймаларындағы, электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау және төлеу туралы жалған мәліметтер жатады.
Мәселен, Ақтөбедегі су қоймасы шлюздерін ашу туралы әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарады. Оны кейін Ақтөбе облысының әкімдігі жоққа шығарды, – делінген мәліметте.
Қостанай облысының әкімдігі Б.Майлин ауданындағы Аят өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігінің құлауы, сондай-ақ өңірдегі мал қорымдарын су басқаны туралы хабарламаны ресми түрде жоққа шығарды.
– Осы фактілер бойынша төтенше жағдай қызметкерлері сол жерлерге арнайы барғанымен, ақпараттың расталмағанын ерекше атап өткім келеді. Басқа жерлердегі шын көмекке мұқтаж жандар күтіп отыратынын, олардың арасында балалардың бар болуы мүмкін екенін ұмытпайық, – дейді министрлік өкілдері.
Денсаулық сақтау министрлігі де су басқан аумақтарда жұқпалы аурулардың өршу қаупі және эпидемиологиялық қызмет тарапынан жағдайды бақылаудың жеткіліксіздігі туралы жалған ақпарат тарағанын мәлімдеп отыр.
Сонымен қатар тасқыннан зардап шеккендерге арналған төлемдер туралы да әдейі жалған хабарламалар тарату үлкен қауіп төндіреді.
– Соңғы күндері су тасқынынан зардап шеккендерге Мемлекет басшысы тарапынан уәде етіледі деген миллиондаған доллар төлемдері, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің атынан ақшалай қаражат жинау туралы жалған хабарламалар пайда болды. Мұндай ақпаратқа сенбеуге шақырамыз, – делінген.
Алаяқтар су тасқыны жағдайын өздерінің жеке мақсатына пайдалана бастады. Теріс ниеттілер қазақстандықтардың жеке деректері мен қаржылық ресурстарын ұрлау үшін интернетте «Төлемдер үшін ЖСН-ді тексеріңіз», «3 миллион теңгеге дейін өтемақы алу», «Мемлекеттен мүмкіндігінше тезірек жәрдемақы алу» деген сияқты хабарламалар жариялайды.
Жарнамаларын сенімді көрсету үшін қылмыскерлер қазақстандық банктер мен мемлекеттік мекемелердің атауын пайдаланады. Мысалы, Facebook, Instagram және Telegram желілерінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әртүрлі банктермен бірлесіп төлейтін төлемдері туралы хабарламалар жиі жарияланады.
Сондай-ақ, Қаржы министрлігі жаңа қаулы қабылдап, шығынның орнын толтырып жатыр екен деген жалған ақпарат жүр. Адамдарды жаңылыстыру үшін алаяқтар әр жазбаның астына алғыс сөздері бар бот пікірлерін жазады.
Бұл көрінеу жалған хабарламалардың барлығы мемлекеттік органдар арқылы жедел теріске шығарылып, барлық фактілер бойынша құқық қорғау органдарына хабарламалар жіберілді.
Барлық анықталған заңсыз фактілерге құқықтық баға беру, жедел-іздестіру және іс жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.