Үкімет эвакуациялық орталықтарда орналасқан балалармен жұмыс істеу алгоритмін әзірледі

Әр облыста өңірлік Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істейді.

Су тасқыны басталғалы бері Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы эвакуациялық пункттерге 3 мыңнан астам бала жеткізілді. 

Жалпы, 54 эвакуациялық пункт мектептерде, жатақханаларда және интернаттарда орналасқан. Балаларға толыққанды тамақтану және оқу үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Қажет болған жағдайда киіммен, аяқкиіммен, канцеляриямен және техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева ОКҚ алаңында баяндады.

Эвакуация пунктерінде 400-ден астам мектеп психологы су тасқынынан зардап шеккен балалар мен азаматтарға көмек көрсетіп жатыр. Үкімет эвакуациялық орталықтарда орналасқан балалармен жұмыс істеу алгоритмін әзірледі.

«Осы жағдайда біздің бірінші міндетіміз – су тасқыны және қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін балаларды оқумен, қолайлы жағдайлармен және жазғы демалыспен қамтамасыз ету. Қазір эвакуациялық орталықтарда тұрып жатқан балалар оқуын тыныш жалғастыра алуы үшін: бастауыш сынып оқушылары 11 балалар сауықтыру лагеріне жіберіле бастады. 5-8 сынып оқушылары «Дарын», Білім инновация лицейлері және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің интернаттарына орналастырылады. Ал 9-11-сынып оқушылары колледждер мен жоғары оқу орындарында орналасады», – деді спикер.

Жақында Д.Зәкиева Ақтөбе қаласындағы эвакуациялық пунктке барып, балалармен және олардың отбасыларымен, кеше Атырау облысынан келген балалармен кездесті. Олар қазір Маңғыстау облысы Бейнеуде тұрып жатыр. 

Әр облыста өңірлік Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істейді. Олар өз өңірлерінде болып жатқан жағдайды үнемі тексеріп және туындаған мәселелерді шешумен айналысып жатыр.