Күрес түрлерінен Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан Азия біріншілігінде грек-рим күресінен Қазақстан командасы алғашқы алтынына қол жеткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 63 келі салмақта ел намысын қорғаған Ержет Жарылқасын финалда жапондық Аята Сузукимен кездесті.
Өте тартысты жекпе-жек 6:6 есебімен аяқталды. Алайда, әдіс сапасы жөнінен Ержеттің ұпайы қомақты болып есептеледі.
Бұл Ержет Жарылқасынның ересектер арасында жеңіп алған алғашқы медалі.
Ержет Жарылқасын – 63 келі салмақта ересектер арасындағы ел чемпионы, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы.
Бішкектегі турнир барысында ол Оңтүстік Корея, Сауд Арабия және Солтүстік Корея балуандарын жеңді.