Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен қазақстандық балуан Нұрсұлтан Тұрсынов финалға өтті.
Екінші балуанымыз – финалда
1,086
оқылды

87 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген Нұрсұлтан жарты­лай финалда өзбек балуаны Ра­хым­жан Ұзақовты айқын басым­дық­пен, мерзімінен бұрын жеңді. Есеп – 5:0. Енді отандасымыз финалда ирандық Насер Гасем Ализадамен белдеседі. Былтырғы Азия чемпионатының ақтық сынын­да қазақ балуаны иран­дық­қа есе жіберген болатын. 

Ал 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатының ширек фина­лында Тұрсынов Ализадені 9:4 есебімен жеңді. Бұған дейін Ер­жет Жарлықасын (63 келі) финалға шыққан болатын. Алай­да бүгін бозкілемге көтерілген үш балуа­нымыз жарысты ерте аяқ­тады. Атап айтсақ, 55 келідегі Нұр­­зат Қаб­дырахимов ширек фи­налда өзбекстандық Жасурбек Артық­баев­тан жеңілсе, 77 келідегі Иб­рагим Магомадов әлем чем­пионы Ақжол Махмұдовпен тең күрессе де, әдіс сапасына байла­нысты жеңіліс тапты. Ал 130 келі­дегі Ман­сұр Шадукаев ширек фи­налда қыр­ғызстандық спорт­шыға жол берді.