Ауыл – қазақтың тал бесігі, қазақы қасиеттер мен құндылықтардың түп бастауы. Сондықтан ауыл қамқорлықтан, жанашырлықтан қағажу қалмауы керек. Бұл тұрғыда Үкімет не істеп жатыр?
Ауылдар неге «өледі»?
Тәуелсіздіктің өткен жылдарында мемлекет тарапынан ауылды дамытуға арналған саналуан бағдарлама қолға алынғанына қарамастан, ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшу үдерісі үдеді. Биылғы қызыл суға қаншама ауыл қарық болды. Олардың тұрғындары аудан-қалаларға, ірі ауылдарға түпкілікті көшіріледі деп күтілуде. Яғни, біраз ауыл қалпына келтірілмей, қаңырап бос қалатын түрі бар. Тиісті статистика тек қарғын судың беті қайтқан соң жариялануы мүмкін.
ТЖМ дерегінше, 14 сәуірдегі жағдай бойынша бес өңірде – Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4 870 жеке үйді су басып жатыр. Бұл өңірлерде 3 402 жеке үйден және ішінара су басқан 2 041 ауладан су сорып шығарылды. Яғни, тек бес облыста он мыңға жуық үй су астында қалған. Жалпы алғанда, елімізде он екі өңірде су тасығаны белгілі. Кейбір жерде тасқынға әзірге толық тосқауыл қойылған жоқ. Ауыл-аймақтан жалпы саны 107 119 адам, соның ішінде 38 457 бала эвакуацияланды.
Мамандар «100 жылдан бері болмаған» деп бағалап жатқан бұл апатқа дейінгі, 2023 жылдың қорытындысындағы статистика бойынша Қазақстанда 6 286 ауылдық елді мекен болды. Онда 7,5 миллион адам тұрған. Бұл республика халқының жалпы санының 38%-ындай ғана.
Айтпақшы, ауылдар санының қарқынды азайып бара жатқанын Ұлттық статистика бюросы растады: 2024 жылдың қаңтарында ауылдар саны 6 256-ны құрады, яғни бір айда 30 ауыл жойылған. Тасқыннан кейін қанша ауыл қалатыны жылдың екінші жартысында белгілі болады: статбюро Қазақстанның әкімшілік-территориялық бірліктері туралы келесі статистикалық хабарламаны 19 тамызда жариялайды.
Ол статистика тіптен шошынтуы мүмкін. Мысалы, елімізде 50 адамнан да аз тұрғыны ғана қалған 549 ауыл бар.
Ауыл халқы демографиясының талдауына сәйкес, соңғы 10 жылда ауылдықтардың орташа жылдық санының тоқырауы байқалады. Салыстыратын болсақ, ресми статистика бойынша осыдан он жылдай бұрын, 2013 жылы Қазақстан халқының саны – 16,9 миллион адам болғанда, ауылда – 7,6 миллион адам немесе қазақстандықтардың 45%-ы өмір сүріп жатыпты.
Ал 2023 жылы Қазақстан халқының саны – 20 миллион адамға жеткенде, ауылдықтардың жалпы саны 7,5 миллион адамды құраған. Яғни, бір қарағанда сан шамалы өзгерген, алайда жалпы үлесі 38%-ға дейін құлдырады. Мұндай қарқынмен, тағы бір он жылдан соң ауылда отыз пайыздай ғана халық қалуы ықтимал.
Ұлттық статистика бюросы мамандарының түсіндіруінше, урбанизация жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Бұл ретте ауыл халқының саны табиғи өсім арқасында ғана бір деңгейде қалды: қалалықтарға қарағанда, ауылдағы аналар көбірек бала туады. Бірақ ол өсім ауылды тәрк етіп кетіп жатқандардың қалың нөпір легінің орнын толтыра алмады.
Швейцарияның үлгісі шабыттандырады
Сенатор Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, қалаға ауған жұрттың қалың көшіне ілескендер арасында ауыл шаруашылығының мамандары және ауыл кәсібінің көзін таба білетін адам көп.
Мысалы, фермер, агроном, орман саласының маманы, механизатор және басқасының қалада өз мамандығы бойынша жұмыс табуы екіұдай. Содан олар өзге мамандыққа қайта бейімделеді, Қазақстан болса, қыруар қаржы жұмсап, оқытқан мықты кадрден айрылады. Жетексіз кеткен урбанизацияны бақылауға алудың бір маңызы да осында. Ауылдың білікті мамандарын мүмкіндігінше, ауылда ұстап қалып, барлық қажетімен қамтыған, ынталандырған жөн. Әйтпесе, нарық пен жұмыс күшінің еркін қозғалысы заманында маманды ауылда қатаң шектеу-тыйыммен байлап ұстай алмайсың.
– Мегаполистердің инфрақұрылымдық дамуы жаңа сапалы жұмыс орындарын құру үдерісімен үндестірілмеген. Ауылдық жерлерден қалаларға келген мигранттар сапалы жұмыс таба алмайды. Бұл ретте географиялық қана емес, секторлық көші-қон да жүріп жатыр. Сондықтан ішкі көші-қонға қалалар уағында қамданбаса, урбанизация ырыққа көнбейді. Мұндайда қала мен ауыл халқы да тұйыққа тіреледі. Соның ішінде қалаға барғандар жалдау ақысы арзандау саяжайға қоныстанып, ондағы тұрмысты жайлы етуге байланысты әлеуметтік қолдау шараларын талап ете бастады. Бір тобы жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрсе, пәтер жалдағандары пеш жағып, су тасып, орталықтандырылған жылуға, ауызсуға жарымай жүр, – деді Ж.Жөргенбаев.
Ауылдың қалаға жөңкілуі кей өңірлерде жұмыс күшінің шектен тыс артуына және керісінше, кейбірінде жұмыс қолының тапшылығына әкеледі. Мысалы, болжам бойынша профицит Оңтүстік макроөңірде – Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкентте күшейеді. 2029 жылға қарай Солтүстік макроөңірде жұмыс күші 10%, Орталық-Шығыс макроөңірде 12% қысқарады деп болжанды.
ІІМ дерегінше, Қазақстанда ішкі көші-қон барысында тіркелген азаматтарының ең көп саны Алматы (264 983), Астана (236 961) және Шымкентке (98 441), сондай-ақ Алматы (121 665), Түркістан (117 345), Қарағанды (89 632), Қостанай (67 892) және Жамбыл (67 734) облыстарына тиесілі.
Еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан өңірлер де, мегаполистер де мұндай көші-қонға дайын емес. Былтыр Астанада су тапшылығының туындағаны – бақыланбайтын урбанизация салдарынан туындаған инфрақұрылымдық проблеманың бір мысалы.
Халықаралық ұйымдардың аясында елдегі урбанизация проблемаларын зерттеп жүрген ғалым Александр Беловтың айтуынша, сарапшылар урбанизацияның Еуропадағы дамыған елдерде де қарқынды жүріп жатқанын алға тартқанда, Қазақстанның ерекшелігін ескере бермейді. Мысалы, Ұлыбританиядағы урбандалу көрсеткіші 83%, Францияда – 79%, Германияда 75%-ды құрайды.
«Бірақ Еуропа елдері шағын болып келеді, Қазақстанның территориясы ұлан-байтақ. Тіпті, АҚШ-тың өзі урбанизацияны бақылауда ұстайды, шекаралық аумақтар жалаңаштанып қалмауы үшін халықтың Аляска, Аризона, Айдахо, Монтана, Огайо сияқты ел шетіндегі штаттарда орнығып, тұрақты қалуы үшін қуатты мемлекеттік қолдау көрсетеді, түрлі субсидия береді. Аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орындағы Қазақстан бүкіл халқын айналдырған 89 қаласында жинап алып отыра алмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді», – деді сарапшы.
Мұның сыртында оның айтуынша, шектен тыс урбанизацияның елге пайдасы жоқ, зияны көп. Оның соңы қалаларда кедей адамдар үлесінің артуына, баспанасыздық проблемасының ушығуына, көше қозғалысының шамадан тыс жүктелуіне, экологияның қарқынды ластануына соқтырады.
Сондықтан урбанизацияны құрықтау үшін мұқият, жан-жақты ойластырылған саясат қажет. Ол саясат ауылдық елді мекендерді кешенді дамытуға, ауыл шаруашылығының өнімділігін, тиісінше, табысын арттыруға, халықты қаладан әкету үшін агломерациялардың артықшылықтарын пайдалануға бағытталуға тиіс.
Ауыл шаруашылығына инновация дендей енсе, озық білім мен білікке ие мамандар мен ғалымдар да ауылға ден қояды. Экономиканы диверсификациялау, жаңа нарықтарға шығу, ауылдағы инфрақұрылымды жақсарту, өмірдің жайлылық деңгейін арттыру да – халықты ауылды тұрақтандыруға ықпал етеді.
Мысалы, таяуда әлеуметтік желілерде тараған видеода Ресейдің Іркіт қаласында ҚХР-дың бас консулы міндетін атқарушы Сунь Чуаньцзян Қытайда тіпті ауыл-уездерде де метро барын мақтан етті. Қазақ ауылдары дамыса, метросы бола қоймас, алайда сонда қолайлы, зәулім тұрғын үй кешендері бар «миллиардер ауылдар» өркен жаюы әбден мүмкін.
Қазіргі заманғы озық ауылдар әлемде әлеуметтік трансформация мен инновацияның табиғи лабораториясы рөлін де атқарады. Мысалы, Швейцарияның ауылдарына урбанизациядан шаршаған қалалықтар тұмса табиғат аясында ләззат алып, таза ауа жұту үшін турист ретінде бүкіл әлемнен ағылады. Ұқсас әлеует қазақ ауылдарында бар, тек инвестиция салып, толыққанды жүзеге асыруға зәру.
Ауылды қолдайтын қанша бағдарлама бар?
Үкімет басшысы Олжас Бектенов сенаторлардың сұрауына орай ауылды дамыту бағытында жасалып жатқан іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі ақпарат жолдады.
«Қазір Ұлттық экономика министрлігі – өңірлік саясат саласындағы, оның ішінде ауылдық аумақтарды дамыту бөлігіндегі уәкілетті орган болып бекітілген. Ол елдің өңірлік саясатын іске асыру, агломерацияларды, шағын қалаларды, моноқалаларды, ауылдық және шекара маңы аумақтарын дамыту жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді. Қабылданып жатқан қолдау шаралары ауылдық жерлерде өмір сүруді дамытуға және халықтың кетуін азайтуға ықпал етеді. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында!», – деп сендірді Премьер.
О.Бектенов бүгінде қандай мемлекеттік бағдарламалар ауылды өркендетуге бағытталғанын тізбеледі. Нақтылағанда, «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл – Ел бесігі», Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылып жатыр.
Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынды. Оның аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін 8 мың АЕК-ке немесе 2024 жылы 29,5 миллион теңгеге дейін кредит беру көзделген. Бұл ауылдықтарды ауылшаруашылық техникасын, қажетті жабдықтарды сатып алуға, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтар ашуға ынталандырады.
Бағдарлама бойынша, 2023 жылы 74,8 миллиард теңге сомасына 12,1 мың микрокредит берілді. Соның 5,8 миллиардын 287 ауыл шаруашылығы кооперативі алды. Биылғы 2024 жылға 16,7 мың микрокредит беру жоспарланған: оған 100 млрд теңге қарастырылды. Бұл ауылда 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Яғни, осы бағдарлама бағытында қолдау көлемі артты.
Бұдан басқа, агроөнеркәсіп кешені салаларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестициялар тарту жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, 2023-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық жобаларын іске асырудың Жол картасы аясында 2023 жылы 3 856 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 275,6 миллиард теңге сомасына 289 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Оның ішінде елдің шекаралас өңірлерінде 3 мың жұмыс орнын құрған, 224,8 миллиард теңге тұрған 222 инвестжоба іске асырылды. Бұл жобалар арзандатылған кредит, субсидиялау, жер ресурстары және қажетті инфрақұрылыммен қамтылған.
Сонымен қатар «Мен кәсіпкер» жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қолға алынды. Қазір 519-дан астам өнім өндіруші қатысқан 20 өңірлік көрме өткізілді. Өңірлік бренд-комитеттер жергілікті шикізаттан өндірілген 60 тауарды (әр өңірге 3 тауардан) анықтады. Бұл жоба өңірлердегі экспорттау немесе өндіру үшін нарықтық әлеуеті бар перспективті тауарларды анықтауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа Үкімет даму әлеуеті жоғары – тірек, спутниктік ауылдардың тізбелерін өзектендіріп, соның негізінде әрбір өңір бойынша «Ауылдық аумақтарды дамыту Жол карталары» бекітілді.
Жетімбұрыш жағалаған жалғыз
Сарапшылар халықты ауылда ұстап қалу үшін, әсіресе солтүстік өңірлерде ақшалай үстемеақылар, субсидиялар, жеңілдіктер, преференциялар жүйесін енгізуді ұсынып келеді.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, республикада Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес, ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға, жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша 25%-дан кем емес арттырылған айлықақылар (тарифтік мөлшерлемелер) белгіленген. Бірақ оны жергілікті бюджеттер шама-шарқына қарай төлейді.
Белгілі болғанындай, қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 2023 жылдан бастап жергілікті әкімдіктерге жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне қосымша ақы белгілеу құқығы берілді.
Бұдан басқа жергілікті атқарушы органдар өз өңірінде сұранысқа ие мамандар үшін әлеуметтік пакетті де қарастыра алады. Жаңа Үкімет Әкімшілік реформаның аясында өңірдегі өмір сүру деңгейіне байланысты ауылдағы азаматтық қызметшілерге қосымша ақы беру мүмкіндігін зерделеуге ниетті.
Үкімет ауылға аттанатын мамандардың жетімбұрыш жағалауы проблемасын шешуге тырысады. Осы мақсатта жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін ауылдық жерде тұрғын үй салуға жұмсаған шығыстарын өтеу тетігі енгізілді: жұмыс берушілердің ауылда үй салуға кеткен шығындары бюджеттен субсидияланады. Бұл шараны іске асыруға 2028 жылға дейін бюджеттен жыл сайын 1 миллиард теңгеден бөлінбек. Нәтижесінде, жұмыс берушілер жыл сайын 200 тұрғын үй салып, субсидия ала алады.
Әрине, бұл шаралар әлі де жеткіліксіз. Ауылды гүлденту стратегиялық міндет болғандықтан, оған тұтас стратегиялық құжат арнаса, бұл онсыз да аз ресурстардың қаптаған бағдарламаға тарыдай шашылуына соқтырмас еді.
Айхан ШӘРІП