Тұрмыстық зорлық-зом­бы­­лықтан жәбір көрген­дер­дің қатары артпаса азаятын түрі жоқ. Енді қол көтеріп, ден­сау­лыққа ауыр не жеңіл зиян кел­тіргендер үшін қол­да­нылатын жаза түрлері қа­таңда­тылып, заңға бірқатар өзгерту мен түзету енгізілді.
Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Құқықтық мәдениет қалыптастыруымыз қажет
1,230
оқылды

Заңда қандай жаңа­шылдық бар? От­басында шу шығара­тын­дарға қандай жаза қол­данылуы мүмкін? Осы тұр­ғыда заң жобасын әзір­леген­дердің бірі Парла­мент Мә­жілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, «Amanat» партиясы фракция­сының мүшесі Асхат Аймағамбе­тов­пен сұх­бат­тасқан едік.  

– Заң жобасында қандай өзге­рістер қарастырылған? Әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тұрғысында қабылданған нормалар қандай?

– Бір мәселені айтуымыз ке­рек, бұл – тек әйелдер­дің, бала­лар­дың құқы­ғын ғана емес, бар­лық аза­мат­тың құқы­ғын қорғауға бағытталған заң. Яғни, тек әйел­дерге қол кө­теруге болмайды де­ген норма жоқ. Өкінішке қарай, қазір қо­ғамда жиі айтылып жүрген мәселе – әйел­дердің тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа ұшырауы. 2017 жылға дейінгі Қыл­мыстық кодексте ұрып-соғу, қол кө­теруге қатысты норма бол­ды, бірақ содан бері бүгінгі күнге дейін болмаған­дық­тан, адамның көбі енді ғана қабыл­дан­ған норма сияқты қарап жүр. Заңға енгізіл­ген нормалар бойынша бір азамат екінші аза­маттың денсаулығына зиян кел­тіретін болса, баяғыша айыппұл төлеп құтыла алмайды. Ол қатаң қыл­мыстық жауапкер­ші­лікке тар­тылатын норма ен­гізілді. 

Екінші суицидке байланысты мәселе. Бұған дейін желіде «көк кит»  ойыны кең тарады. Оларды жауапқа тарту қиын болды. Енді суицидке итермелеу немесе оны насихаттау туралы ақпарат болса, ол қылмыстық іспен жазаланады. Бұл – ең маңызды норманың бірі. 

Үшінші мәселе – жәбір­ленушілерді қолдау. Отбасында дау-жанжал туған жағдайда жә­бірленуші емес, агрессор үйден шығып кетуі керек деген норма бар. Бұл – әрі баланың құқын қорғайтын маңызды норма. 

Педофилия мен кішкентай сәбилерді өлтіруге қатысты мәселе әлеуметтік же­лі­лерде де қаптап кетті. Қазір Қазақ­стан­да Конститу­цияға сәйкес өлім жа­засы жоқ. Сондықтан ең қатаң жаза ол – өмір бойғы бас бостан­дығынан айыру. Біз осындай ең қатаң жазаға тар­туды ұсын­дық. Олар енді бостан­дыққа шыға ал­майды. Ал сәбилерді өлтіру сияқты жан түршігерлік ақпарат көп тарағанын көріп жүр­міз. Мұн­­дай қылмысқа бар­ғанда бір­неше жылдан кейін бостан­дыққа шығады. Бұл, әрине ауыр қыл­мыс, жазасы да ауыр болуы керек. Сон­дықтан олар да өмір бойы бас бос­тандығынан айыры­латын болады. 

Білім беру саласында жазғы ла­герлер де назардан тыс қал­ма­ды. Былтыр олар әртүрлі жерде ор­на­ласқан болатын. Енді мұн­дай ор­талықтар лицензиялаудан өте­тін бо­лады. Бұған қоса, бала­ларға ар­нал­ған жабық интернат­тық ме­кемелерге ескертусіз-ақ аяқ асты­нан тексеруге құқық берілді.

Тағы бір енгізілген норманың бірі – балаларды жолаушылар кө­лігінен мәж­бүрлі түсіруге тыйым салынды. Әсіресе, үлкен қалаларда бастауыш сынып оқу­шылары төлем жасамаған жағ­дайда көліктен мәжбүрлі түрде түсіру фактілері тіркелген. Бұл – бала үшін қауіпті жағ­дай. Сон­дықтан бала құқығын қор­ғайтын норма қосылды. 

– Кінәлі адамға қатаңдатылған жаза түрлері қандай? Осы заңдағы отбасылық құндылықтарымызды қорғауға негіз болатын бапта не айтылады?

– Иә, қылмыскерлерге ар­налған жаза түрлері қатаң­да­тыл­ды. Бұған дейін Әкімшілік ко­дексте қылмыскерлерге бе­рілген жаза түрі – бірнеше тәу­лікке қамалу. Егер олар ерлі-зайып­тылар бол­са, тек ескерту алады, жәбірленуші мен қыл­мыскер бөтен адам болса бір­неше тәу­лік­ке бас бостандығын айы­рылады. Бұл қандай нәтижеге алып ке­леді? Ста­тис­тика бойын­ша, ал­дыңғы жылы әр үш күнде әйел адам ұрып-соғудың салда­ры­нан қайтыс болыпты. Қан­шама аза­мат осындай қиын жағ­дайға қа­лып отыр. Қылмысқа, заңбұзу­шы­лыққа мүлде төз­беу­шілік деген принцип қалыптас­тыруы­мыз керек. Кейбір үкі­меттік емес ұйым­дар фейктер таратуда. Олар осының ал­­дында вакциналарды басқа мемле­кет­тердің диверсиясы етіп көр­сеткісі кел­ді. Соған бай­ла­нысты еліміз қызыл­шамен ауыр­ғандар санымен бірінші орын­ға шығып кетті. Ол неге бай­ла­ныс­ты? Ол тиісті басқа ық­палды жақтардың саясатын іске асырып отырған ұйымдар және соның саясатын өздері түсінбей, соған сеніп қал­ған азматтар біл­местікпен істе­ген­дерінің нәти­же­сі. Олардың заңға қатысты тарат­қан фейкі де болды. Бұл заңның ішінде бала­ларды тартып алуға нормалар қарас­тырылған деген жалған ақ­парат тарады. Шын мәнінде, заңда балаларды ата-аналарынан тартып алуға бола­тын немесе со­ған мүм­кін­дік беретін норма жоқ ол бол­май­ды да. Отан отба­сы­нан баста­лады дейміз. Отбасы – біз үшін ең басты құндылық. Сон­дық­тан бұл – отбасының шаңы­рағы шайқал­масын деп, мемле­кетіміздің басты тірегін қол­дау үшін дайындалған заң. Мемле­кеттің бүгінгі саясаты бойынша балалар бірінші кезекте тек от­ба­сында тәрбиеленуі ке­рек. Ата-ананың тәрбиесіндей тәрбиені ешкім бере алмайды. Бізде ба­лалар үй­лерін азайту бойынша саясаты жүзеге асырылып жатыр. Жыл сайын қаншама балалар үйі жабы­лады. Қазір балалар үйінде 3 мың­нан ғана астам бала қалды. Бұл көрсеткіш  20 мың баланы құраған еді. Біздің басты  мақса­тымыз – отбасын, отбасылық құн­дылық­тарды қолдау. Ақпарат­тық сауат­сыздықтың болуынан көпшілік жалған ақпараттың жетегінде ке­теді. Отбасылық дәс­түрлі құнды­лық­тар осы заңның ішінде жазыл­ды. Мемлекет от­басылық құнды­лық­тарды дә­ріп­тейді және қол­дайды. Өңірлерде отбасын қол­дау орталықтары құрылмақ. Біз үшін от­басы – ең басты, ең маңызды инсти­тут­тың бірі және бірегейі. Дәстүрлі құн­дылық пен қатынаста­рымызды сақтап қалсақ, әрине жаңа ин­новацияларды сіңіре отырып қуатты, дамыған мемлекет бола аламыз. 

– Зорлық-зомбылыққа, қа­тыгездікке жол бермеу, суицидтің алдын алу мақ­сатында жасалған заңда әкенің, ер адам­ның рөлі қан­шалықты ескерілді? 

– Қылмыстық жауапкерші­лікте ер-азаматқа немесе әйелге ғана қатысты жауапкершілігі жазыл­маған. Әйелдің құқығын қорғауға ғана бағытталған заң деген қате пікір, өйткені әйелдің құқығы ғана қорғалады деген норма жоқ. Заңда азаматтарды ұрып-соғу фактілері болса, бар­лығы бірдей қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылады. Бірақ Қылмыстық кодекске енгізілген норманың ішінде от­басындағы тұр­мыстық зорлық-зом­былық, жан­жалға қатысты қатарлар кез­дес­пейді. Кімде кім адам денсау­лығына зиян келтірсе жауап­кер­шілікке тар­ты­лады. Бірақ отба­сында ер-аза­мат­тардың әйелдерге қол көтеріп, соққыға жығатын фак­тілері көп кездеседі. Сон­дық­тан бұл заңның тағы бір функ­циясы профилак­тикалық заң болады деп ойлаймын. 

– Қоғамда қарапайым адамдар заңды оқи бермейді деген пікір бар. Қазіргі заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды қарапайым адамдардың жеңіл түсінуі үшін не істеуіміз керек? Заң тілі барлығына бір­дей түсінікті ме?

– Негізі, заң тілі бәріне тү­сі­нік­ті. Бұл заң­ның ерекшелігі – үлкен резонанс болғаннан кейін азамат­тар оқып, біле бастайды және соған итермелейді деп ой­лаймын. Мем­лекеттің қуатты болуы да соған бай­ланысты. Біз бірінші кезекте заңды құрмет­теуі­міз керек. Басқа біреу­дің құ­қығы басталған жерде өзіміздің құ­қығымыз аяқталады. Сондық­тан біз бірінші кезекте саяси мәдениет, құ­қықтық мәде­ниет қалыптастыруымыз керек. Ол қарапайым кішігірім мәселе­лерден басталады. Айта кетерлігі, бұл жер­де психологиялық көмек деген мә­селе де бар. Кейбір аза­маттарға мүмкін психологиялық көмек ке­рек шығар. Сондықтан сот тек жа­залап қана қоймай, ол жағын да қарайды, егер көмек керек болса, көмекті беру туралы шешім қа­был­дайды. Заң тілін жақсы білетін тұл­ғалардың сұх­батын тыңдау ар­қылы қа­рапайым адамдар түсінігін кеңейте ала­­ды. Қазір ақпараттық қоғам, ме­диа­сауат­­тылық ең өзекті мәселеге айналған. Менің ойымша, бұл заң көп нәрсені өзгертеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ