Бүгінде қарғын су шайып өткен елді мекендерге халықпен бірге, отандық компаниялар да жұмыла көмек көрсетіп жатыр. Дегенмен табиғи апаттың салдарынан кәсіпсіз қалғандар қатары күн санап көбейіп жатыр. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталовпен сұхбаттасып, кәсіпкерлерді толғандырған мәселелер жайлы сұрап-білдік.
– Райымбек Әнуарұлы, бүгінде су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына қаржылай және гуманитарлық жәрдем берілуде. Десе де, ауылды жерлердегі жоқтан бар жасап жүрген кәсіпкерлердің жағдайы тұралап қалды. Оларға қандай көмек көрсетіліп жатыр?
– Су тасқыны болған елді мекендердегі кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Өңірлік кәсіпкерлер палаталары белгіленген жауап беру алгоритміне сәйкес күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Уақытында кері байланысқа шығу үшін палата басшылары облыстық жедел штабтардың мүшелігіне өтті. Қазір 463 кәсіпкер көмек сұрап жүгінді. Бизнеске келтірілген шығынның алдын ала сомасы 12,7 млрд теңгеге жетті: Атырау облысының кәсіпкерлері – 4 985 млн, қостанайлық кәсіпкерлер – 4 786 млн, Ақтөбе облысында – 1 973 млн, БҚО-да – 575 млн, Ақмола облысында – 392 млн, Павлодар облысында – 3,8 млн, Қарағанды облысында 1,9 млн теңгеге шығынға батқан. Атап өтейік, 1 432 call-орталығына түскен өтініштің бәрі қаперге алынады. Зардап шеккен кәсіпорын консультациялық көмек алу үшін осы орталыққа хабарласа алады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органға жүгініп, бизнесіне келген залал сомасын анықтаған кәсіпкерге Қазақстан кәсіпкерлерінің сыртқы сауда палатасы форс-мажор жағдайдың туындағаны туралы анықтама береді. Бұл куәлік шағын бизнеске тегін беріледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы субъектілерінің өтінішіне айрықша басымдық беріледі. Кәсіпкерлерге Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ алдындағы қарызын өтеу мерзімі ұзартылады.
– Су тасқынынан зардап шеккендерге несие төлеміне қандай да бір жеңілдіктер қарастырылып жатыр ма?
– «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерге консультативтік кеңестен бөлек қаржылай көмек те ұйымдастыруда. Бүгінде «Күшіміз бірлікте» қоры арқылы қаражат жиналып, табиғи апаттың салдарынан қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлерге қаражат беру қарастырылып жатыр. 2024 жылғы кестелерге сәйкес, барлық төлем 2025 жылдан бастап қаржыландыру кезеңінің соңына дейін тең төлеммен кейінгі төлемдерге бөлінеді. 2024-2025 жылдар аралығындағы жобаларға қарыз алушының несиесі қызметіне қарай 24 айдан аспайтын мерзімге ұзартылады. Зардап шеккен борышкерге несие төлемін кешіктіргені үшін айыппұл мен өсімпұл қолданылмайды. Барлық зардап шеккен жеке кәсіпкердің, сондай-ақ су тасқыны салдарынан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған шағын және орта бизнес субъектілерінің өтінішін ескере отырып, несие төлемін төлеу мерзімі ұзартылады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың тізімі бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге жатқызылған барлық азаматтың несие төлемдері 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі 3 ай мерзімге автоматты түрде кейінге шегеріледі.
«Атамекен» ҰКП Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша комиссияның іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Су тасқыны кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуге палата ұжымының бір күндік жалақысын жұмсау туралы шешім қабылданды. Өңірлердегі шағын бизнеске орта және ірі бизнес өкілдері көмек көрсетуде. Аймақтық палаталар табиғи апатпен күресу үшін 600-ден астам ерікті тартты. ҰҚП әрқашан кәсіпкердің мүддесін қорғайды, осы орайда кәсіпкерлер жағдайды «пайдаланып», бағаны көтермеуі керек. Мұндай әрекеттер «Атамекен» ҰКП-ның адал бизнесті жақтайтын саясаты мен идеясына сәйкес келмейді. Ел басына күн туған қиын-қыстау шақта кәсіпкерлер халықпен бірге болып, қиындықты бірге еңсеруі қажет.
– Кәсіпкерлерден жалпы шағым көп түсе ме?
– «Атамекен» ҰКП-на былтыр кәсіпкерлікті қорғау бағытында 3 711 өтініш түсті, оның 1 623-і (47,7%) қанағаттандырылды, жалпы сомасы 134,1 млрд теңгеге қаралды. Бизнестің барлық анықталған жүйелік проблемасы біздің ресми веб-сайттағы жалпыға қолжетімді мәселелер тізіліміне енгізілген, бұл ұқсас өтініштердің қайталанбауына мүмкіндік береді. Тізілім республикалық және аймақтық проблемалық мәселелерден тұрады. Бүгінде республикалық тізілімде 1 142 өтініш бар, оның ішінде 768 мәселе (немесе 68%-ы) оң шешімін тапты. Ең проблемалы салалар бұрынғыдай: ауыл шаруашылығы, білім беру, өңдеу өнеркәсібі, мұнай-газ және экология, салық салу, құрылыс және жер сатып алу, медицина, сауда, логистика және көлік, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, туризм.
Мемлекеттен отандық кәсіпкерге ашық, әділ әрі тең жағдай қажет. Бизнестің қызметі мен мүддесіне әсер ететін нормативтік-құқықтық актілерді талқылауға және шешім қабылдауға белсене қатысу, нарықта адал бәсекеге жағдай жасау, басқаруды жеңілдету, мемлекеттік органдардың бизнес процесіне және бәсеке нарығына араласпауы, мемлекеттік қолдауға ие болу және ішкі нарықтағы «жең ұшынан жалғасу» әрекетінен, сондай-ақ кей көршіміздің жосықсыз бәсекесінен, тіпті экспансиясынан қорғау шараларын қолға алу, отандық тауар өндірушілер өнімін сыртқы нарыққа шығару қажеттілігі бар. Ел басшылығы мен мемлекеттік органдар осы қажеттіліктерді түсініп, тиісті қадамдар жасалып жатыр, соңғы кезде қолға алынған шаралардан күтер үміт көп. 2022 жылы осы мақсатта Үкімет Отандық кәсіпкерлер кеңесі институтын құрды, ол проблемалық бизнес мәселелерін көтеріп отырмақ. Бүгінге дейін көлік-логистика, агроөнеркәсіптік кешен, мұнай-газ секторы, тау-кен металлургия өнеркәсібі, энергетика, адами капитал және импортты алмастыру саласындағы түйткілді мәселелер бойынша кеңес отырыстары өтті.
Жаңа Салық кодексіне ұсыныстар әзірленді
– Үкімет биыл кәсіпкерлікті тексеруге мораторий алынатынын хабарлады.
– Мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарында аяқталды. Президенттің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, 2020 жылдың қаңтарынан бастап кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылға тыйым салынған болатын. Мораторий кезінде Мемлекет басшысы бизнесті реттеу жүйесін сапалы түрде қайта іске қосуды және нөлден бастап реттеудің жаңа саясатын енгізуді тапсырған еді. «Атамекен» ҰҚП бастамасымен мораторий 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды, бұл бастама бірнеше себепке негізделген болатын. Біріншіден, қазіргі мораторийде белгіленген мақсаттар орындалмады. Пандемия кезінде шағын бизнестің дұрыс даму мүмкіндігі болмады. Екіншіден, төтенше жағдай енгізуге тура келген 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар, алкогольдік өнімдерді сатуға шектеулер, тонау, ұрлық және бұзақылық барлық ірі және шағын бизнес субъектісін түрлі шығынға ұшыратты, оларды қалпына келтіруге көп уақыт пен қосымша ынталандыру шаралары қажет. Үшіншіден, мораторийді ұзарту мәселесіндегі ең маңызды аргумент – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнесті нөлден реттеудің толық іске қосылуы. Осы тұста, негізгі жаңалық – міндетті талаптар тізілімін енгізу. 2021 жылғы 30 желтоқсанда заңмен қабылданған «Жаңа реттеу саясаты» аясындағы өзгерістердің үлкен жиынтығы – бизнесті жазалаудан профилактикаға көшу арқылы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін жаңғырту. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру жұмысы аяқталды.
– Салық кодексінің жаңа жобасы талқыланып жатыр. Осы орайда «Атамекен» ҰКП тарапынан қандай ұсыныстар болды?
– Ұлттық палата бизнестің пікірін біріктіреді, сондықтан жаңа Салық кодексін талқылауға салалық қауымдастықтар, кәсіпкерлер, салық сарапшылары қатысты. Талқылау бір уақытта екі бағытта – мемлекеттік органдар және бизнес-қауымдастықпен жүргізілді. Кәсіпкерлерден салық төлеудегі мәселелерін тыңдадық та, оны мемлекеттік органдарға жеткізуге тырыстық және келіспеушіліктер туындаған жағдайда ымыраға келу ұстанымын әзірледік. Былтыр Ұлттық палата бизнес үшін салық жүктемесін сақтауға баса назар аударған болатын. Мемлекеттік органдар бірнеше рет негізгі салықтар – КТС пен ҚҚС мөлшерлемесін арттыруды ұсынды. Бизнестің белсенді позициясы бұл мәселені оң шешуге мүмкіндік берді, ҚҚС қазіргі күйінде сақталып тұр, ал КТС бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Біз кешенді салық реформасын ұсынып отырмыз. Реформа бизнес-субъектінің көлеміне негізделген бүкіл экономика үшін үш салық режимін енгізуді көздейді. Осылайша, реформаға өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалардан бастап барлық кәсіпкер тартылмақ. Олардың көпшілігі бүгінде заңнама шеңберінен тыс қалған, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де айрықша назарды қажет етеді. Ірі кәсіпкерлік субъектісіне қатысты да солай деуге болады, біз қолданыстағы жалпыға бірдей белгіленген салық режимін сақтауды жөн көреміз. Тіркелген жиынтық төлем режимі өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға бағытталады. ШОБ субъектілері үшін КТС-ті де, ҚҚС-ны да алмастыратын бірыңғай кешенді салық енгізуді ұсынамыз. Бизнес пен өндірістің әр түрі болғандықтан, оларға кірістің 1,5%-ы немесе пайданың 10%-ы деген сияқты балама беру керек. Мұның бәрі қызметті заңдастыруға, қолайлы салық жүктемесін таңдауға мүмкіндік береді. Бизнестің ірі субъектілері үшін қолданыстағы жалпыға бірдей белгіленген режим нормаларын сақтаған дұрыс. Бизнестің басқа да негізгі іскерлік ұсыныстары еңбекақы қорын реформалау, инвесторларды ынталандыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша болмақ. Ұлттық палатада осы мәселелердің барлығы бойынша ұсыныс бар, жақында бизнеспен осы тәсілдерді талқыладық. Елімізде салықтан жалтарудан гөрі, оны төлеу жеңіл болса, бизнес салықтан жалтармас еді.
Мәселен, КТС есептеудегі негізгі жағымсыз себеп Қаржы министрлігінің Әдістемесінде көптеген аспектінің ескерілмегені: сырттан әкелінген тауарларға ҚҚС, бюджетке төленетін төлемдер немесе жалақы қорына қатысты басқа да қаражат, кедендік баж, сондай-ақ әртүрлі міндеттеме ескерілмейді (мысалы, жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ немесе әлеуметтік саланы қаржыландыруға арналған шығындары). Сондай-ақ Әдістеме жалпы өнімнің өзіндік құнын, атап айтқанда, амортизациялық аударымын есепке алмайды, бұл кәсіпорынға немесе салаға нақты салық жүктемесін бағалау тұрғысынан сәйкессіздікке әкелуі мүмкін. Егер IIT көрсеткішін алсақ, ол 10% және дамыған елдердің мөлшерлемесімен салыстырғанда аса жоғары емес сияқты. Алайда елімізде жұмыс берушіге түсетін нақты жүктеме 37-40 пайызға жетеді және бұл да бизнес үшін қаржы жүктемесін барынша азайту, ал мемлекет еңбек нарығын заңдастыру қажеті туралы ойлануға итермелейді. Салық жүктемесінен басқа, салықтық әкімшілендіруге қатысты мәселе көп: бизнеске әкімшілік қысым жасау, салық есебінің көптігі, жосықсыз жеткізуші анықталған жағдайда жауапкершілікті сатып алушыларға ауыстыру және тағы басқа. Бұл мәселелердің барлығын жаңа Салық кодексі аясында қарастыру міндетін қойып отырмыз.
Сыртқы геосаяси ахуал отандық бизнеске қалай әсер етті?
– «Атамекен» ҰҚП Үкімет пен бизнес арасындағы делдал ма, әлде бизнесмендердің кәсіподақ ұйымы ма? Еуропалық бизнес-қауымдастықтардың үлгісінде құрылған Ұлттық палатаның қызметі не? Жалпы, тиімділік өлшемі қандай?
– Ұлттық палатаның қызметі бизнес-инвестициялық ахуалды жақсартуға, тұрақтылықты сақтауға, ұлттық және шетелдік инвесторлар үшін елдегі кәсіпкерлік жағдайды дамытуға бағытталған. «Атамекен» ҰКП өз қызметін бірнеше шетелдік бизнес-қауымдастық үлгісі негізінде құрды. Олардың ішінде Түркия мен Германияның үлгілері Қазақстандағы бизнесті реттеу жүйесіне жылдам кіріге алатын болып шықты. Мысалы, 1950 жылы Түркия Республикасының заңы негізінде құрылған Түркия палаталар және биржалар одағы (TOBB) сол елдегі пайда табу мақсатын көздемейтін, үкіметтік органдарда жеке сектордың мүдделерін көтеретін ең ірі үкіметтік емес ұйым саналады. Ұлттық заңнамаға сәйкес түрік палаталары мен биржаларына мүше болу міндетті саналады. TOBB мүшелеріне 365 аймақтық сауда, өнеркәсіп, сауда-өнеркәсіп, теңіз палаталары мен тауар биржалары кіреді. Түркияның Палаталар және биржалар одағы түрік өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлеріне сыртқы экономикалық және сауда қызметін дамытуда өзінің құрылымдық бөлімшесі 66 елмен Түрік Іскерлік кеңестерін біріктіретін Сыртқы экономикалық байланыстар комитеті (DEIK) арқылы көмек көрсетеді. Германияның да Сауда-өнеркәсіп палаталары қауымдастығы (DIHK) елдегі 80 аумақтық сауда және өнеркәсіп палаталарының бас ұйымы саналады. Бұл мемлекеттің заңына сәйкес, ауыл шаруашылығы және қолөнер кәсіпорындарын қоспағанда, Германиядағы барлық кәсіпорын, сондай-ақ либералды кәсіп иелері DIHK мүшелері саналады. Бүгінде ол шамамен 3,5 миллион кәсіпорынды құрайды. Бұл палаталарға мемлекет тарапынан жүктелген міндеттерінің бірі – неміс сыртқы сауда палаталарының (Auslandshandelskammer – AHK) қызметін басқару. Ол негізінен шетелдегі неміс кәсіпкерлерін қолдауға арналған. Неміс бизнесінің шетелдегі өкілдіктері (93 елде 150 өкілдік) Германиядағы бизнес-қауымдастықтармен өзара әрекеттеседі, неміс компанияларының мүдделерін қолдайды және алға жылжытады, ақылы кеңес беру қызметтерін көрсетеді және кадрларды оқытады. Сауда-өнеркәсіп палаталарының қызметі міндетті мүшелік жарналар есебінен қаржыландырылады, оның мөлшерлемесі кәсіпорындардың еңбек өнімділігінің деңгейіне байланысты белгіленеді.
«Атамекен» ҰКП «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңына сәйкес, кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру және бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлердің қызметін ынталандыру және қолдау үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдай қалыптастыру мақсатында құрылған кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігін ұсынатын коммерциялық емес ұйым. Осылайша, «Атамекен» ҰКП Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму векторын айқындайтын стратегиялық мәселелер бойынша шоғырландырылған ұстанымды білдіруге мүмкіндік беретін бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалогтің дәнекері болып отыр. Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП қызметінің ауқымына Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметтің жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау және жариялау арқылы қоғам мен мемлекетке кәсіпкерлік қызметтің жайы туралы ақпарат бере отырып, жыл қорытындысын Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына жолдау кіреді.
«Атамекен» ҰКП өз қызметін ұдайы қадағалап, отандық кәсіпкерліктің «тамыр соғысын бақылай» отырып, сол арқылы үздіксіз жұмыстың нәтижелерін жинақтайды, өз қызметінің нәтижесін жарыққа шығарып, пікір алмасып, Мемлекет басшысының экономикалық саясатындағы негізгі жолдаулар мен бағыттарды жүзеге асырады. Сонымен қатар елдегі жоғары саяси платформаларда, яғни Мемлекет басшысына, Парламентке, Үкіметке және тағы басқа ұйымдарға қазақстандық бизнестің мүдделерін жеткізеді. Мұндай жүйе «Атамекен» ҰКП-ға өз қызметін жүзеге асыру кезінде тиімділігін сақтауға мүмкіндік береді.
– Қазақстандық бірнеше компанияның санкциялық тізімге енгенін білеміз. Отандық бизнес екінші реттік санкциялардан қорқа ма? Жалпы, сыртқы геосаяси жағдайлар бизнес-ахуалға айтарлықтай әсер етті ме?
– АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания елдерінің Ресей Федерациясына қатысты қолданған санкциялары туралы қазақстандық бизнесті де хабардар ету мақсатында шетелдік серіктестермен бірлесіп бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. 2022 жылдың 8 сәуірінде онлайн режимде Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігі ұйымдастырған санкциялық саясат жөніндегі бейнеконференцияға қазақстандық бизнестің жүзден астам өкілі қатысты. Компаниялар әлемдегі қазіргі ахуал туралы хабардар болды және америкалық тарапқа өздерін қызықтыратын, атап айтқанда, авиациялық және өнеркәсіптік тауарларды жеткізуге қатысты сұрақтарды қоя алды. 2022 жылғы 19, 22 және 23 қыркүйекте Астана мен Алматыда Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен K2 Integrity заң фирмасы ұйымдастырған «Ресейге салынған санкцияларға қатысты қазақстандық компанияларды санкциялардың әсерінен және күтпеген салдарын жеңілдету стратегияларына» оқыту мақсатындағы семинарларға қазақстандық бизнестің 100-ден астам өкілі тартылды. Сол кезде басты назарда банк және тау-кен секторы, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар және авиация секторы болды. 2023 жылғы 24-25 сәуірде Еуропалық Одақ (ЕО) Еуропалық Комиссияның, Еуропа елшіліктерінің, Санкциялар жөніндегі сертификатталған мамандар қауымдастығы (ACSS), Еуропалық Одақтың қаржы, сауда, салықтар жөніндегі бас директораттары және еуропалық компаниялар өкілдерінің қатысуымен Қазақстанда ЕО санкциялары бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Семинарлардың негізгі мақсаты – ЕО санкциялары туралы хабардар болуды арттыру және санкцияларды айналып өтудің ықтимал тактикасына қарсы тұрудағы ынтымақтастықты дамыту болды.
Бірінші күнгі жиынға Үкімет өкілдері жиналды. Екінші күнгі семинар ЕО санкциялары туралы хабардарлықты арттыруға мүдделі қазақстандық жеке операторларға арналды. Семинар ЕО-ның санкциялар жөніндегі өкілі Дэвид О'Салливанның екі елге сапарымен тұспа-тұс келді. Іс-шара барысында экономиканың әртүрлі секторындағы қазақстандық компания енгізілген санкциялар пакеттері, байланыс арналары және контр-серіктестерді тексеру кезіндегі Due Diligence-тің айрықша қажеттілігі туралы маңызды ақпараттар ала алды. Бұл бағыттағы іс-шаралар әлі де жалғаса бермек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Асыл ТҰМАР