Табиғат апатынан келген шығын шаш етектен. Баспанасынан, мал-мүлкінен жұрдай болған халық эвакуация қосындары мен туған-туысқандарын жағалауда. Күні кеше Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында зардап шеккен тұрғындармен кездескен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев олардың шығындарын өтеу үшін мемлекет тарапынан барлық тиісті шара қабылданатынын айтты.
Наурыз айының соңында Тайынша ауданынан басталған қарғын су біртіндеп Тимирязев, Есіл, Шал ақын, Қызылжар, Ақжар және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарды, ал өткен демалыс күндері облыс орталығын да басып, тұрғындарды әбігерге салды.
Мұның себебін облыс әкімі Ғауез Нұрмағамбетов Есіл өзеніндегі мұздың еруімен және көршілес Ақмола облысынан ағын судың келуімен түсіндірді. Табиғат апаты алдын ала болжанғанымен, дәл осындай ауқымда боларын ешкім де күтпеп еді. Бірінші Вице-премьер Роман Скляр алдын ала өңірге келіп, арнайы қызметтердің дайындығын өз бақылауына алған болатын.
Бірақ сең жүрген кезде мұздардың кептелісі қосымша қиындық туғызды. Сел салдарынан су деңгейі көтеріліп қана қоймай, инфрақұрылым істен шықты. Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басты. Күні бұрын дамбалар бекітіліп көтерілгенімен, Петропавл қаласын да қарғын судан сақтап қалу мүмкін болмады. Облыс орталығының тұрғындары да сусыз, жарықсыз отыруға мәжбүр болды. «Қызылжар су» кәсіпорны кейбір аулаларға су тасығыш көлік жіберуі мұң еді, халық ұзын-сонар кезекте сағаттап тұруға да көнді. Бірақ көпшілігінде су таситын ыдыс та жоқ болып шықты. Ал сауда нүктелеріндегі шелек, бөшке сияқты ыдыс атаулы тез таусылды.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, қалалықтарды сумен қамту үшін стандарттан тыс шешім қабылданып, қала шетіндегі Пестрое көлінен су берілді. Мамандардың айтуынша, мұндай әдіс ешқашан қолданылып көрмепті. Судың астынан құбыр тарту оңай шаруа емес. Бұл жұмысқа екі күн кетті. Тіпті, қала әкімі петропавлдықтардан кешірім сұрады.
Alageum Electric тобына кіретін Петропавл электротехникалық зауыты қалаға көмек ретінде үш жаңа трансформаторын ұсынып, сорғы стансасын электр жарығымен қамтамасыз етуге септесті. Петропавлда электр тарату желілерінің тіректерін мұз зақымдап, сорғы стансасы істен шыққан болатын. Мамандар оны қалпына келтіру мүмкін емес деген қорытынды жасаған. Сондықтан баламалы жолдар қарастырылды. Энергетиктердің айтуынша, 200-ден астам баған зардап шегіп, оны қалпына келтіру үшін мамандар күні-түні жұмыс істеді. «Севказэнерго» АҚ бас директоры Анатолий Казановский кәсіпорын акционерлері де бұл апаттан тыс қалмағанын, 100 миллион теңге бөлгенін және мамандар трансформаторлар орнатып, электр желілерін тартқанын айтты.
Жалпы, су тасқыны басталғаннан бері бірқатар ауылдың тұрғындары жарықсыз қалды. Ауылдарда және облыс орталығында интернет пен ұялы байланыс үзіліп, кейін қалпына келтірілді.
ҚАТЫНАС ҮЗІЛДІ
Бірқатар елді мекен сыртқы әлеммен қарым-қатынассыз қалды. Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, тасқын басталғалы алты елді мекенмен көлік байланысы үзілген. 17 сәуір күні Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Жаркөл ауылы Шал ақын ауданындағы Балуан және Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылдары қатынассыз қалып отыр. Петропавл қаласының дәл бүйіріндегі Бескөл кентіне қатынаудың өзі қиындап кетті. Бекет арқылы жүк көліктерімен жолаушы тасымалдау ұйымдастырылған, бірақ кезек көп.
Петропавл қаласына кіреберіс жолдар да жабылды. Омбы жақтан кіретін айналма жол ғана ашық-тын. Қалған үш жолды су шайып кеткен еді. Бүгінгі күні облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Смирново арқылы өтетін жол ашылғанға ұқсайды. Кешке дейін су деңгейі төмендесе, басқа жолдар да ашылуы мүмкін деген болжам бар.
17 сәуір күнгі жедел ақпаратқа сәйкес, тасқын басталғалы облыс аумағындағы 69 жолды су басты. Бүгінгі күні 5 республикалық, 2 облыстық және 4 аудандық маңыздағы жолды 2 метрге дейін су басқан. Бірқатар жолды су шайып, опырылса, кейбіреуінде еріген суды өткізу үшін жол төсемі қопарылды.
Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, табиғат апаты басталғалы, 740 мың текше метр су айдалған. 25 мың метрге жуық дамба бекітіліп, 8 500 метрі жаңадан тұрғызылған.
Биыл Сергеев су қоймасындағы деңгей әрі кетсе 4 метрге жетеді деп болжанған болатын. Бірақ биылғы көрсеткіш одан да асып түсіп, рекорд орнатты – 4,35 метр. Су қоймасы салынған 1969 жылдан бері мұндай жағдай тіркелмепті. Салыстырмалы түрде айтсақ, облыстың елді мекендерін топан су басқан 2017 жылы 3,38 метр болған-тын. 17 сәуір күні Сергеев су қоймасы 148,92 пайызға, Петропавл су торабы 114,78 пайызға толып тұр.
ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛА БІЛГЕН ХАЛЫҚ
Жанға ең бататыны сол, қаншама адам өмір бақи жиған-терген мал-мүлкінен, тіпті басындағы жалғыз баспанасынан айырылды. 14 мыңнан астам адам эвакуацияланды. 2 700-ге жуық үй су астында қалды. Қаңырап қалған үйлерді полиция күзетуде. Үйі жарамсыз күйге түскен адамдарға жаңа баспана салынады деп уәде етілді. Сондай-ақ бірреттік көмек пен өтемақы төленбек. Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң Жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы Ринат Елжасовтың айтуынша, қиын жағдайға тап болғандарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатына биыл 85 миллион теңге бөлінген. Зардап шеккендерден қазірдің өзінде өтініштер қабылданып жатыр. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдармен қатар «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі тартылған.
Сонымен қатар партия филиалы жан-жақтан ағылып келіп жатқан гуманитарлық көмекті қабылдау және бөлу, табиғат апатымен күреске жұмылдырылған және эвакуацияланған адамдарға ыстық тамақ ұйымдастыру, халықты эвакуациялау жұмысына да белсене атсалысуда.
Ел Президенті жалпыұлыттық апат деп баға берген су тасқынымен күрес барысында Қазақстан халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, асқан ұйымшылдық танытқанын айта кету керек. Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Қостанай облыстарынан, Алматы және Астана қалаларының әскери күші мен құралдары Солтүстік Қазақстан облысына жұмылдырылды. Ұлттық Ұлан академиясының антына адал 400 шақты курсанты қауіпті нысандарға жіберіліп, ел басына күн туған сәтте халықпен бірге иық тіресе күні-түні қызмет атқарды.
Өңірде ашылған гуманитарлық көмек қабылдау пункттеріне бүгінде 365 тонна керек-жарақ келіп түсті. Еліміздің түкпір-түкпірінен құрал-жабдық, техника, киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек-орын, гигиеналық заттар, тұрмыстық химия заттары жеткізілуде. Өзге өңірлерден ауызсу, гуманитарлық көмек әкеліп, көшеде қарапайым тұрғындарға таратушылар да бар.
Жедел әрекет ету штабының және еріктілердің жұмысы жолға қойылған.
Бүінде облыстың алты ауданында төтенше жағдай жарияланған. Қауіп әлі сейілген жоқ. Судың беті қайта бастағанымен, тасқынның екінші толқыны болады деген болжам бар.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы