Қытай және қазіргі Азия институтымен серіктестік

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ресей Ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ресей Ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институты (РҒА ҚҚАИ) Азиядағы саясат, экономика, мәдениет және әлеуметтік процестерді зерттеуге мамандандырылған Ресейдегі жетекші ғылыми-талдау орталығы саналады. Екіжақты ынтымақтастық  туралы келісімге қол қою орталықтың Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жасаған жұмыс сапары шеңберінде жүзеге асты. Делегация құрамын Қытай және қазіргі Азия институтының директоры Кирилл Бабаев бастап келді.

Кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов сөз алып,  ҚазҰУ мен Ресей Федерациясы ЖОО-лары арасындағы байланыс тарихына қысқаша тоқталды. Бүгінгі таңда ҚазҰУ Ресей Федерациясының 180 университетімен ынтымақтастық орнатқан, оның ішінде Ресей халықтар достығы университеті, Дубна университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты және басқалар бар. 

 «ҚазҰУ-да қосдипломды және ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асырылатын ғылыми бағыттарды қоса алғанда, білім беру бағдарламаларының кең спектрі бар. 14 факультет Ресей Федерациясының серіктес университеттерімен тікелей ынтымақтасады. Академиялық ұтқырлық жоғары оқу орындары арасында тығыз достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Бұл ҚазҰУ қызметіндегі басым бағыттар саналады. Соңғы үш жылда бакалавриат бағдарламалары бойынша 485 білім алушы Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орындарына барды. Қазіргі уақытта біздің университетте Ресейден келген 62 студент білім алады және РФ 34 профессоры ҚазҰУ-да болған. Ресейдің жоғары оқу орындарымен өзара қарым-қатынас ауқымы кең. Біздің ынтымақтастығымыз айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін», – деді Еркін Ерманұлы. 

Өз кезегінде Қытай және қазіргі Азия институтының директоры Кирилл Бабаев РҒА ҚҚАИ базасында жаңадан құрылған Орталық Азия зерттеулер орталығының қызметі туралы айтып, оның жетекшісі Дмитрий Новиковты таныстырды. Ол Орталық Азия өңірі туралы өзекті ақпаратты зерттеуге қызығушылық танытып, осы саладағы ҚазҰУ ғалымдарымен ынтымақтастыққа үміт артты. «Біз жақында «Еуразиялық зерттеулер» ғылыми журналын құрдық және оған қазақстандық әріптестеріміздің қатысуын күтеміз. Көптеген мәселелерді зерттеу үшін ҚазҰУ ғылыми орталықтарының ғалымдарымен және университеттегі факультеттермен байланыс орнатуға қуаныштымыз», –  деді Кирилл Бабаев.

Жүздесу ҚазҰУ мен Ресей Ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімімен аяқталды.

 

 

Қарагөз СІМӘДІЛ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы