Іс-шара тұрақты даму саласындағы зерттеулерді кеңейтуге және инновациялық идеялармен алмасуға ықпал ететін Орталық Азияда халықаралық және өңіраралық ғылыми әріптестікті қалыптастыруға бағытталған.
ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат өзінің сөзінде атап өткендей, Мемлекет басшысы биылғы жылғы сәуір айындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғылым қоғамның өзекті мәселелерінен алшақ болмауға тиіс екенін айтты. Мемлекетке кешенді ғылыми зерттеулермен негізделген ұсыныстар аса қажет. Ғылым қабылданған шешімдердің тиімділігін қамтамасыз етуге қабілетті күшті сараптамалық-талдау орталықтарын құра отырып, мемлекеттік менеджментке қолдау көрсетуге тиіс.
ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы өңірлік кеңсесі директорының міндетін атқарушы Амир Пирич Орталық Азияның байырғы халықтарының дәстүрлі білімін заманауи ғылыми әдістермен интеграциялаудың маңыздылығын атап өтті. Ол ғылыми инфрақұрылымды нығайтуға, жас зерттеушілерге инвестиция салуға және халықаралық серіктестікті дамытуға шақырды.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Ұлттық ғылым академиясы мен ЮНЕСКО арасында Қазақстанда ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар құру жөнінде меморандум жасасуды ұсынды. Ол осындай бірлескен жұмыс жүйелі негізде Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді деген үмітін білдірді.
Президент жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, Орталық Азия өңірін пәнаралық терең зерттеу мәселесі одан әрі пысықтауды талап етеді. Қазіргі уақытта ҚСЗИ базасында Орталық Азияны зерделеу бойынша арнайы ғылыми мектеп құрылуда, бұған әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, экономистер, климатологтер секілді түрлі салалардың мамандары тартылатын болады.
Өз сөзінде ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков ауданы 18 мың шаршы шақырымнан асатын Семей сынақ полигонының бүкіл аумағын бірегей кешенді экологиялық тексерудің аяқталуы туралы айтып берді. Енді осы аумақтағы радиациялық жағдай толығымен белгілі. Зерттеу нәтижелерін ескере отырып, бүгінгі күні полигонның жаңа шекаралары шеңберінде шамамен 8 мың шаршы шақырым қалады, ал 10 мың шаршы шақырым ауыл шаруашылығынан бастап өндірісті ұйымдастыруға, табиғи қазбаларды өндіруге дейінгі түрлі мақсаттарда пайдалану үшін халық шаруашылығына берілуі мүмкін.
Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Акромжан Неъматов та өз пікірімен бөлісті. Оның пайымдауынша, жаһандық ауқымда да, өңірде де орнықты даму мақсаттарын іске асыру үшін Орталық Азияда академиялық мобильділік бағдарламасын қабылдау қажет. Бұл өңірлік ынтымақтастықты дамыту процесіне жас мамандар мен сарапшыларды, жетекші жоғары оқу орындарын, ғылыми-зерттеу орталықтарын, технопарктер мен бизнесті тартуға мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламаны іске асыруды пысықтау үшін платформа ретінде Орталық Азия елдерінің Білім министрлерінің конференциясы болуы мүмкін.
Пленарлық отырыстың қорытындысы ретінде іс-шара барысында зерттеуші ғалымдар әзірлеген халықаралық конференцияға қатысушылардың үндеуі жария етілді.
Құжатта мыналар көрсетілген:
- ғылымның этикалық аспектілері бойынша ағымдағы жағдай, зерттеулердің еркіндігі мен қауіпсіздігі, сондай-ақ Орталық Азиядағы зерттеулердің этикалық аспектілері бойынша ұсынымдар;
- ғылыми зерттеулерді халықаралық қаржыландыру бойынша ұсыныстар;
- ҚР Үкіметі тарапынан ғылыми зерттеулерді қаржыландыру жөніндегі ұсынымдар;
- ғылыми мекемелер мен ғалымдардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мәселелері бойынша ұсынымдар.
Барлық ұсынымдар кейіннен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне одан әрі жұмыс істеу үшін берілетін болады.