Осыған орай оқу орнында «Қазақстанның уран және мұнай өндіретін өңірлеріндегі медициналық-биологиялық және экологиялық мәселелері» атты X республикалық конференция өтті.
Конференцияда иондаушы сәулеленудің шағын дозаларының радиобиологиялық әсерлері, радиоэкологиялық ахуал және қызметкерлерді радиациялық қауіптен қорғау, радиациялық қауіпті нысандардың аймағында тұратын халықтың денсаулығына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Алқалы жиынға ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Сәдуақасов қатысып, іргелі орталықтың отандық ғылымды дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
«Радиобиология және радиациялық қорғау ғылыми-зерттеу институты ел Үкіметінің алдына қойылған маңызды міндеттерді орындауға көмектесіп келеді. Айталық, институттың ғылымға қажетті кадрларды дайындауда септігі мол. Халықаралық қызмет бағытында да елеулі жетістіктері бар. Мәселен, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі мен Жапонияның және Ресейдің ғылыми-зерттеу институттарымен бірнеше келісім жасалды», – деді ведомство басшысы.
Аталған институт 2004 жылы Радиобиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының негізінде профессор Полат Қазымбетұлының бастамасымен құрылған. 2010 жылы Радиобиологиялық зерттеулер институты болып, ал 2014 жылы Радиобиология және радиациядан қорғау институты ретінде трансформациялаудан өтті.
Астана медицина университетінің басқарма төрағасы, ректор Камалжан Надыровтың айтуынша, бірегей орталықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске асыруда қосқан үлесі зор.
«Қазір бейбіт атомды медицина мен өнеркәсіпте қолдануда экологиялық және адамның қауіпсіздігін ескеру қажет. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Осы бағытта Астана медицина университетінің Радиобиология және радиациялық қорғау ғылыми-зерттеу институты нәтижелі жұмыс атқарып келеді. 20 жыл бұрын құрылған институт медицина ғылымына үлес қосып, университеттің құрамында жоғары білікті мамандарды дайындайтын еліміздегі іргелі зерттеу орталықтардың біріне айналды. Бұл институтты ғылыми-әдістемелік координациялық орталық ретінде жоғары бағалаймыз», – деді К. Талғатұлы.
Бұдан басқа, келелі жиында иондаушы сәулеленудің төмен деңгейінің биологиялық әсері, кәсіби сәулеленуге ұшыраған адамдардың және техногенді өзгерген радиациялық фоны бар аумақтарда тұратын халықтың денсаулық жағдайын бағалау, сондай-ақ уран және мұнай өндіретін өңірлердегі радон қауіпсіздігі мәселелері пысықталып, мамандар қордаланған проблемалардың түйінін тарқатудың амалдарын қарастырды.
Сымбат БЕГІМБАЕВА