Мемлекет әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы заң қабылдады. Президент қол қойған заң талаптарына сәйкес айыпталушыға қатысты жаза қатаңдатылды. Осы орайда біз заңдағы баланың қауіпсіздігі қаншалықты қорғалғандығы туралы еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен сұқбаттасқан едік.
– Заңға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқығын қорғау бағытында нақты қандай өзгерістер енгізілді?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты жасалатын қылмыстар мәселесі елімізде өзектілігін жоғалтпай тұр. Мәселен, былтырдың өзінде Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 99 мыңнан астам өтініш келіп түсті, балаларға қарсы 2 452 қылмыс жасалды. Бұл сандардың әрқайсысының артында әйелдің не баланың өмірі тұр.
Заң 70-тен астам түзетуден тұрады. Әр түзетуге зорлық-зомбылықтан қайтыс болған бала мен әйелдің атын беруге болады. Атап айтсақ, заң концептуалды түрде екі бөлімнен тұрады. Біріншіден, отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құратын алдын алу шаралары:
Отбасын қолдау орталықтарын ашу, қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі жедел әрекет ету топтарын, балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу; зорлық-зомбылықтың құрбаны болған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын енгізу; агрессормен психологиялық жұмысты көздейтін ерекше талаптар және т.б.
Екіншіден, жеке адамға, оның ішінде балаға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдату:
Балаларға зорлық-зомбылық жасауға қатысты қылмыстар үшін татуласуды алып тастау; бала зорлағаны үшін бас бостандығынан өмір бойына айыру; балаға жыныстық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу; ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу; балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеу кезінде күдіктіні қамауда ұстау; буллинг үшін жауапкершілік; баланы автобустан мәжбүрлеп түсіріп тастау үшін жауапкершілік енгізу; ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мекемелер мен лагерьлерді лицензиялау қатарлы көптеген нормалар бар .
– Сіз «Отбасы кодексінде 2011 жылдан бері ата-ана құқығынан айыру, баланы тартып алуға негіз болатын бөліктің бәрі бар» дедіңіз. Ол қандай талаптар?
– Бұл заң жобасында балаларды алып қоюға қатысты ешқандай өзгеріс жоқ. Баланы алып қою үшін негіздер Неке және отбасы туралы кодекстің 82-бабында бекітілген және 2011 жылдан бері қолданылып келеді. Мұнда басты мақсат – баланы ата-анасынан айыру емес, баланың адам ретіндегі құқығын қамтамасыз ету, мектептен қол үзіп қалмауын, денсаулығына, психологиясына зиян келмеуін қадағалау.
– Кейбір азаматтар қауіп етіп айтып жүрген ювеналка, югендтамт, барневарне деген түсініктер туралы айтып бересіз бе? Сондай-ақ бұл ұғымдардың біздің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңда қандай да бір көріністері бар ма?
– «Ювенал» деген сөз «кәмелетке толмаған» деп аударылады. Яғни, ювеналды юстиция дегеніміз – кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот. Бұндай сот елімізде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Зардап шеккен немесе күдікті адам кәмелетке толмаған бала болса, оның ісін сол сот қарайды. Мысалы, қазір 12 мың бала қолайсыздық бойынша есепте тұрған отбасыларда өмір сүреді. Олар ата-аналарымен бірге тұрады. Жергілікті атқарушы органдар бұл отбасыларды үнемі бақылауда ұстайды және қажетті профилактикалық шаралар жүргізеді. Себебі мемлекеттің мақсаты – отбасын барынша сақтап қалу.
Ал югендтамт, барневарне деген атаулар шетелдік ведомстволар, олардың Қазақстанға түк қатысты жоқ.
– Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Халқымыздың белгілі бір құндылықтар тізбесін жасақтап өскелең ұрпаққа таратуымыз керек» деп айтқан едіңіз. Сіздіңше, ол қандай құндылықтар?
– Президент Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде құндылықтар жүйесін айқындады. Олар – тәуелсіздік және патриотизм, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
– Заң қатаңдатылды. Дегенмен қоғамға, өскелең ұрпақтың бойына өзара сыйластық, жанашырлық, қамқорлық, мейірім, құрмет, ізгілік деген адами қасиеттерді заңмен сіңіре аламыз ба? Осы орайда қазір өте өзекті болып отырған әйелді ұру, баланы сабау, (тіпті, өлтіре салу) және педофилия, суицид, ажырасу секілді мәселелердің алдын алу бойынша қандай тетіктер қарастырылған?
– Заңның бірінші бөлімі отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құруға байланысты позицияларды қарастырады. Сондай-ақ профилактикаға қатысты түзетулер енгізілді. Жалпы, заң жобасының мақсаты – балаларға қол көтермеу мәдениетін қалыптастыру, жазаны қатаңдату, сонымен қатар алдын алу механизмдерін құру дер едім. Әр бала – жеке тұлға. Және балаға қол көтеру – бұл жеке тұлғаға қарсы қылмыс екенін естен шығармауымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ