1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін кезінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 миллионнан астам адам қамалған екен. Олардың арасында жергілікті халықтың өкілдері де көп болған. Қазақстанда жүздеген мың адам жазаланып, 25 мыңы атылған. Атылғандардың басым бөлігі ұлт зиялылары болды.
Сол бір зұлмат кезеңде, яғни 1937-38 жылдары Ленинградта да жаппай қуғындау басталған. Ленинград пен басқа өңірлерде «зиянкес халық жауларын» ұстау туралы «айрықша» тапсырма болғаны белгілі.
Белгілі де белгісіз жандар
Сондай қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың қатарында қазір есімдері белгілі де белгісіз 12 қазақ бар. Олар Ленинградта атылып, белгісіз зиратта мәңгілік мекен тапты.
Тұрғанбек Ахметов. 1905 жылы Қарағанды облысында туған, партия мүшесі емес. ЛМУ-дың аспиранты. Ленинградта, 7 линия, 42 үй, 16 пәтерде тұрған. 1938 жылдың 28 қаңтарында ұсталған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған.
Ордабай Ағыбаев. 1908 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған, партияға мүше болмаған, ЛМУ-дың аспиранты. Ленинградта, Добролюбов даңғылы, 6/2 үй, 146 пәтерде тұрған. НКВД үштігі 1937 жылдың 4 қарашасында ұстаған. 1938 жылдың 17 сәуірінде 17-58-8, 58-10-11-бабы бойынша өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде атылған.
Ғадылша Аяпбергенов. 1910 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген, Партияға мүше болмаған. ЛМУ-дың аспиранты. Ленинградта, 7 линия, 42 үй, 14 пәтерде (жатақхана) тұрған. НКВД үштігі 1937 жылдың 4 қарашасында ұсталған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған.
Кәрім Бекенов. 1905 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Көкшетау ауданы Қарағаш ауылында туған. 1930-1937 жылдары ВКП(б) мүшесі болған, ЛМУ-дың аспиранты. Ленинград қаласы, Добролюбов даңғылы, 6/2 үй, 142 пәтерде тұрған. 1937 жылдың 11 желтоқсанында НКВД ұстаған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған.
Құсайын Бекентаев. 1896 жылы Қостанай облысы Жетіқара ауданында туған. Партияға мүше болмаған. КСРО ҒА тарих институтының кіші ғылыми қызметкері болған. Ленинградта, 3 Июль көшесі, 40 үй, 82 пәтерде тұрған. НКВД үштігі 1937 жылдың 5 қазанында ұстаған. 17-58-8, 58-10-11-бабы бойынша өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған.
Мырза-Ғазы Исполов (Испулов). 1891 жылы Қостанай облысында туған. Партияға өтпеген. Қызылорда қаласында тұрған. 1931 жылдың 18 қаңтарында ұсталып, 10 жылға айдауға жіберіледі. Белбалтлагта жазасын өтеген. Медвежья Гора станциясына тұрған. 1937 жылдың 17 қазанында НКВД үштігі ұстап, 1938 жылдың наурызында өлім жазасына кеседі. 1938 жылдың 9 сәуірінде Ленинградта атылған.
Сәдуақас Жармұхамедұлы Мусин. 1912 жылы Талдықорған облысы Андреевка ауданында туған. Партия мүшесі емес, Театр училищесінің студенті. Ленингрда Моховоя көшесінде, 34 үй, 12 пәтерде тұрған. 1937 жылдың 4 қарашасында сотталған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған.
Мадияр Мұхамеджаров. 1909 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданында туған. Партия мүшесі емес, Ауыл шаруашылығы институтының 5 курс студенті. Ленинградта, Карповкиде, 32 үй, 16 пәтерде тұрған. 1937 жылдың 22 желтоқсанында ұсталады. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілді. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған.
Шәкен Тәкежанов. 1912 жылы Қарағанды облысы Қоңырат ауданы 14 ауылда туған. Партия мүшесі болмаған. Театр училищесінің студенті. Ленинградта Моховоя көшесі, 34 үй, 10 пәтерде тұрған. 1937 жылдың 22 желтоқсанында НКВД-нің арнайы үштігі ұстаған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған.
Темір-Болат Телжанов. Омбы облысында туған. Комсомол мүшесі, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болған. Тұтқынға түсер алдында уақытша жұмыссыз болған. Ленинградта Турбинная көшесі, 2 үй, 75 пәтерде тұрған. 1937 жылдың 4 қарашасында НКВД-ның арнайы үштігі ұстап, 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған.
Жүнісбек Тұрғанов. 1913 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы 9 ауылда туған. Партия мүшесі емес. Театр училищесінің студенті. Ленинградта Моховая көшесі, 34 үй, 10 пәтерде (жатақхана) тұрған. 1937 жылдың 4 қарашасында ұсталған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған.
Ерғали Жүсіпов. 1908 жылы Қостанай облысында туған. Комсомол мүшесі. Ленинград қаласында 7 линия, 42 үй, 20 пәтерде (жатақхана) тұрған. 1938 жылдың 21 ақпанында НКВД-ның арнайы үштігі ұстаған. 1938 жылдың 17 сәуірінде өлім жазасына кесілген. 1938 жылдың 26 сәуірінде Ленинградта атылған. Міне, 12 қазақ. Бір жылы бір күнде атылған. Бірі – аспирант, бірі – студент, енді бірі – қызметкер.
«Не жазығы бар еді ағалардың?»...
Бір жылда – 21 536 адам
Зерттеу деректеріне сүйенсек, 1937 жылы Ленинградта 19 370 адам атылса, 1938-де 21 536 жан ату жазасына кесілген. Жарты жыл ішінде қырық мың адамды өлім жазасына кескен. Олардың көпшілігі танымал ғалымдар еді. Тіпті, кейбірі түрмедегі ауыр азапқа шыдамай көз жұмса, кейбірі ауру тауып, сол жерден тірі шыққан жоқ.
Ұсталғандарды тергеу кезінде азаптады, тіпті сот үкімі шыққаннан кейін де қинап ұстаған. Оларды әйелдерінің, балаларының тағдырын талқандаймыз деп үркітіп-қорқытып, протоколға қол қоюға мәжбүр еткен. Қағазда не жазылғанын білместен, қол қойғандар да болыпты. Кейбірін соттан кейін ақтап аламыз деп те алдаған. Алданған. Түрмеде қорланған тағдырлар...
Жуырда «Ленинградтық мартиролог» кітабы қолымызға тиді. Жинақ 2008 жылы Санкт-Петерборда шыққан. Онда 1937-1938 жылы «халық жауы» атанып, өлім жазасына келісілгендердің тізімі беріліпті. Арасында жоғарыда біз айтқан он екі адамның да есім-сойы бар.
Жинаққа тұтқындалушы Анна Алексеевна Павлованың 1937 жылы 20 сәуірде берген жауаптарынан үзінді келтіріпті. Ол Сталин мен НКВД-ға арнайы хат жазған. Хатында: «Сталин комедия ойнап отыр. Өзін халық көсемі санайды, бірақ елдің қалай тұрмыс кешіп жатқанынан бейхабар. Мен Советтер одағын түрмеге теңедім, тіпті фашистік Германияның өзінде халық бізден жүз есе артық тұрады» деп жазған екен. Турасын айтқанда, ол өз жауабында: «халықтың бақытсыздығына кінәлі бірден бір адам Сталин деп санайтынын» жасырмайды.
... Ленинградта (қазіргі Санкт-Петерборда) Левашов мемориалдық зираты (Левашовское мемориальное кладбище) бар. Бұл зират өзге зираттарға ұқсамайды. Ағаштарға атылған жандардың суреті ілінген. Жерде қарағай бүршіктері (шишкалар) мен қиыршық тастармен үйілген үйінділер жатыр. Тіпті, тура сол зиратта анық кімдердің жерленгені туралы ешкім де нақты дерек айта алмайды. Бұл құпия зираттың тарихы 1937 жылдың қазан айынан басталған. Дәл сол жылы Қазан төңкерісінің 20 жылдық мерейтойын атап өткен еді. Қазан төңкерісінің мерекесі зұлымдыққа, сұмдық зұлматқа ұласты.
Жазықсыз жандар құрбандыққа шалынды. «Халық жауы» деген желеумен алдымен ұлт қаймақтары ұстала бастады. Соңыра жаппай «асыра сілтеуге» жол берді.
Ленинградта 26 сәуірде атылған қазақтардың кейбірі әлі күнге белгісіз. Жоқтаушысы жоқ. Кейбірінің туыс-туғаны деректерін жинақтағанымен, нақты мәліметтер жоқтың қасы. Кейбірі туралы еш жерде айтыла да бермейді.
Біз осы мақала арқылы жоғарыда аты аталған 12 қазақ азаматы туралы деректерді ортаға тастадық. Бәлкім, бұл азаматтардың тікелей ұрпақтары немесе туыс-туғандары табыла ма деген бір үміт. Егер табылып жатса, осы қорымға Қазақстан атынан арнайы барып, туған жердің бір уыс топырағын салу да біздің буынның ұрпақтық парызы болар еді.
Мұнда эстон, еврей, армян және басқа бірталай ұлттың атынан қойылған ескерткіштер бар. Қазақстанның жазықсыз атылған 12 азаматына сондай бір ескерткіш тақта немесе құлпытас қойылса деген ұсыныс жасағымыз келеді.
Жылдар өтсе де зұлмат заман зардаптары халық жадында. Мұндай қасірет енді қайталанбауға тиіс. Ал сол заманды еске алып отыру, тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз!
Гүлзина БЕКТАС