Соның арқасында, Қаржы министрлігінің бағалауынша, бюджетке 100 миллиард теңгеге дейін қосымша қаржы түсуі мүмкін. Өйткені ол заң, мысалы, қазақ астығын, шикізатын шетелге тым арзанға сатуға тосқауыл қояды деп күтілуде.
Капиталдың бәрі «қашқын» емес
Экономист-ғалым Леонид Григорьевтің түсіндіруінше, шенеуніктер арасында: «шетелге қашқан капиталды тегіс елге қайтаруға болады, бұл үшін жазаны қатайтса немесе керісінше, рақымшылық жарияласа жеткілікті» деген «ерекше аңыз», қате түсінік орнықты.
Осы мақсатта Қазақстанда үш рет капитал амнистиясы жүргізілді. Соңғы науқан 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін, яғни бақандай 15 ай бойы жалғасты. Бірақ соның өзі жағдайды өзгерте алмады.
«Саясаткерлер шетелге кеткен қаржыны салықтық базаны ұлғайтудың, сөйтіп елді дамытудың пайдаланылмай жатқан резерві ретінде қарастырады. Бұл күрделі дағдарыс кезінде экономикалық ғажайыпты іздегенмен бірдей. Капиталдардың сыртқа «қашуы» проблемасын талқылауды осылай экономикалық ғылымнан саяси өріске ауыстыру елге тек зиян әкеледі. Өйткені ары қарай тоқтаусыз ағып кетіп жатқан капиталға тосқауыл қою шаралары қарастырылмайды. Шетел асқан қаржының бәрі «қашқан капитал» емес, оның басым бөлігін заңды қаражаттың халықаралық қозғалысы, капитал экспорты құрайды. Биліктің міндеті – ұғымдардың ара-жігін заң жүзінде нақты ажыратып, капиталды заңсыз жылыстату схемаларын тойтаратын тегеурінді тетіктерді әзірлеу», – деді экономист-ғалым.
Кеткен қаржы негізінен, қайтпайтын болса, ең құрығанда қолдағы барға ұқыпты болу қажет. Сарапшылардың пікірінше, тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылдығында амнистиямен бекер әуестенген Қазақстан Үкіметі енді осы дұрыс бағытта алғашқы қадам жасай бастады. Бұл ретте 2024 жылғы 25 наурызда Президент Қ.Тоқаев «Кейбір заңнамалық актілерге трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.
Құжат Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 37-тармағын орындау мақсатында әзірленді.
Заң Қазақстанның трансферттік баға белгілеу саласындағы заңнамасын жетілдіруге және тиімділігін арттыруға, капиталдың елден шығарылуын бақылау шараларын күшейтуге, сондай-ақ халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелердегі мемлекеттік кірісті жоғалтудың алдын алуға бағытталған.
Сенатор Ольга Булавкинаның айтуынша, бұл заңның басты бір жаңалығы сол, оған сәйкес салық төлеушілер, компаниялар халықаралық мәмілелерді жүзеге асырған кезде екіжақты келісімде көрсетілген бағадан емес, нарықтағы баға бойынша салық төлеуге міндеттеледі. Белгілі бір нарықтық бағаны анықтап, соны салық төлеуде қолдану үшін бұдан былай салық төлеуші өз бетінше қажетті ақпаратты жинап, функционалдық талдау жүргізуі керек.
Мәселен, өзге компаниялардың ұқсас мәмілелерін өзара салыстырып, содан ортақ бағаны шығаруы және салық органы алдында аталған нарықтық бағаның дұрыстығын дәлелдеуге тиіс.
Баға қайтсе, әділ болады?
Бұл талап өзара байланысты, аффилирленген, қазақша айтқанда, сыбайлас компаниялар арасында бекітілетін мәмілелерге қатысты. Жаңа заңда мәмілеге қатысушы тараптарды «өзара байланысты» деп тану критерийлері кеңейтілді және өзара байланысты резидент емес тұлғалармен мәмілелерге қатысушылар үшін жергілікті есептілікті ұсыну міндеттемесі енгізілді.
Әйтпесе, мысалы, қазақ жерінің қойнауындағы қазба байлығын көсіп-қазып алып жатқан алпауыт компаниялар аз салық төлеу үшін әлемнің әр елінде қаптатып, делдал фирмаларды құрады. Содан соң шикізатты – мұнайды, металды және басқасын соларға өзара келісімшартта бекітілген «эксклюзивті бағамен» өте арзанға сатады.
Ары қарай сол делдал қазақтың шикізатын Еуропаға, басқасына қымбатқа өткізеді. Одан түскен қаржы шикізат өндірушінің қалтасында, бірақ шетелдегі шотында тұнады. Қазақстанға қайтпайды. Салдарынан, арзанға кеткен шикізаттан бюджетке корпоративті салық, баж және басқа түсімдер де өте аз түседі.
Жаңа заң бұл кесірлі тәжірибеге тыйым салуға тиіс: мейлі, шетелге «нөл» теңгеге сат, бәрібір, нарықтық құнмен алым-салық төле!
Бірақ сенатор бір қаупін білдірді: өзара байланысты тұлғалар арасында жасалған мәмілелерде нарықтық әділ бағаны анықтау үшін «өзара салғастырылатын деректер» табу қиындау. Себебі өзге компаниялардың ұқсас мәмілелерінен алайын десе, контрактілердің шарттары әдетте жариялана бермейді, коммерциялық құпия ретінде заңмен қорғалады.
Бұл олқылық отандық экспорттаушыларға салықшылардың орасан зор айыппұл салуына, соның кесірінен банкрот етуіне соқтыруы ықтимал.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұған жол бермеудің жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Мысалы, өзара салғастырылатын бағаны таба алмаса, компания тікелей Мемлекеттік кірістер комитетінен кеңес сұрап, жүгіне алады.
– Салық төленгелі тұрған бағаның қаншалықты нарықтағы бағаға сәйкес келетінін тексергенде, бүгінде біз «Плац», «Аргус», «Рефинитив» сияқты ақпараттың ресми дереккөздеріне сілтеме жасаймыз. Нарықтағы әрбір өнім бойынша төл дереккөздері бар, оларды тек қазақстандық салықшылар ғана емес, шетелдік әріптестеріміз де қолданады. Бұлар – жалпыға белгілі анықтамалықтар. Оларды салық төлеушілеріміз де басшылыққа алады. Мәміле бекітуден бұрын немесе мәміле аяқталғаннан кейін Қазақстанда салық төлеуші болып табылатын тарап біздің фискалдық органға өтінішпен жүгіне алады. Оған тиісті түсініктеме береміз. Осы мақсатта есептілікті енгізіп отырмыз, соның арқасында цифрларды уақытылы түзете аламыз, – деді Ержан Ерікұлы.
Салықшылар жылда компанияларға жаппай тексеріс жүргізіп, соның қорытындысында қаптатып, қомақты айыппұл салатыны мәлім.
Бұған қосымша опция пайда болды: мемлекеттік кірістер органдары төленген салыққа, есептілікке мониторинг жүргізеді де, компанияларға ұсыныс-рекомендацияларын жолдайды. Салық төлеушіге айыппұлға жеткізбей, қатесін өз бетінше, алдын ала түзетуге, басқа нарықтық бағамен жете салық төлеуге немесе төл шешімінің дұрыстығын түсіндіруге мүмкіндік беріледі екен. Вице-министр тиісті жұмыстардың қазірден жүргізіліп жатқанына екпін түсірді.
Президенттің жаңа заңға қол қоюына байланысты Қаржы министрлігі «Атамекен» ұлттық палатасымен, бизнес қоғамдастықпен ақылдасып, өзге елдердің ұқсас тәжірибелерін түсіндіріпті. Палата және салалық қауымдастықтар қалың ұйқыға кетпей, сергек жұмыс жасаса, өзіне мүше кәсіпкерлерге өмірге жолдама алған жаңалықтың жай-жапсарын, бүге-шігесін белсенді түсіндірсе, түсінбестік, тосылу болмаса керек.
Президенттің сонау 2020 жылғы Жолдауындағы тапсырмасының енді ғана заңға айналып, міндетті талапқа трансформациялануының бір себебі де осында екен: өткен жылдар бойы капиталдың шетке заңсыз кетуіне, бюджетке салықтың жосықсыз аз төленуіне тоспа құратын жаңа тетіктің егжей-тегжейі түсіндірілген, оны енгізуге дайындық жұмыстары іске асырылған.
Делдал «паразиттермен» күрес өрістей ме?
Жаңа заңның тағы бір маңызды жаңалығы бар: ол бойынша тауар биржаларында жасалған мәмілелерге бақылау енгізіледі.
2019 жылы Үкімет пен Парламент биржаларды дамыту мақсатында «Трансферттік баға белгілеу туралы» заңының 3-бабына өзгеріс енгізген болатын. Нәтижесінде, содан бері трансферттік баға белгілеу бойынша бақылау «елдің тауар биржаларында биржалық тауарлармен жасалған мәмілелер бойынша» жүзеге асырылмай келді.
Бүгінде көмір, газ, бензин, дизель отыны, битум, цемент, соя бұршағы, картоп, ұн, қант, бидай, арпа, мақта, өзге де көптеген тауар ірі көлемде тек биржа арқылы сатылады. Мұны өндірушілер салықты аз төлеу үшін пайдалана бастады. Мысалы, компания өндірген өнімін биржада тіркелген төл делдалдарына, соның ішінде шетелдік фирмаларға арзанға сатады. Өз кезегінде делдалдар өнімді нарыққа бірнеше есе қымбатқа өткізеді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, мәселен, 2023 жылы «Шұбаркөл көмір» АҚ-ы өзі өндірген көмірін тек қана Modern Trading Solutions тауарлық биржасы арқылы сатуға шешім қабылдады. Осыдан кейін Modern Trading Solutions биржасы өзінде тіркеліп, Шұбаркөл көмірін сатып алғысы келген брокерлер мен дилерлерден жарғылық капиталдың 4%-ы көлемінде кіру жарнасын төлеуді талап ете бастаған. Бұл шамамен 95 миллион теңгеге барабар. Бұдан бұрын, 2023 жылғы 23 мамырға дейін оның біржолғы жарнасы 500 мың – 1 миллион теңгені құраған еді.
Осы арқылы биржа «дұрыс» делдалдардан өзгелердің мүше болып, келісімді бағаны бұзуына тосқауыл қойғанға ұқсайды. Сол себепті антимонополиялық орган «Modern Тrading Solutions» тауар биржасы» АҚ-ына монополияға қарсы заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы алдын ала ескерту жіберді. Осыдан кейін аталған биржа біржолғы жарна мөлшерін 20 миллион теңгеге дейін төмендетті. Алайда осының өзінде жарнасы көмір саудасымен айналысатын басқа тауар биржаларына қарағанда 133 есе көп! Өзгелерінде кіру жарнасы 150 мыңнан 3,5 млн теңгеге дейінгі аралықта.
Биржаларда қитұрқы тірліктер көбейіп кеткендіктен, мемлекет жаңа заң арқылы тауар биржасында жасалған мәмілелерге мемлекеттік бақылауды қайтарып отыр.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2019 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер отандық тауар биржаларын дамытуды мақсат тұтқанын еске салды. Әйткенмен, Ұлттық статистика бюросының, антимонополиялық органның, министрліктердің қорытынды ақпараттары биржалардың дамуында серпін жоқтығын, аталған жеңілдік, яғни биржалардағы мәмілелерге мемлекеттік бақылаудың жойылуы теріс мақсатта пайдаланылатынын паш етті.
«Бұл жеңілдік салаға оң әсерін тигізген жоқ, тауар биржаларында сатылатын тауарлардың көлемі де, операциялар саны да салмақты өскен жоқ. Оның орнына аталған жеңілдік жаппай жаңа схемаларда қолданылған. Мысалы, газды, дәнді дақылдарды биржа арқылы қасақана төмен бағаға сату фактілері анықталды. Айталық, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға 25%-дан 110 пайызға дейін жасанды түрде арзандатылып сатылып келген. Тауар шынымен тікелей ашық биржада сатылғанда, тауарлардың бағасы ең кемі 25% қымбаттайтын еді. Керісінше, арзанға кетуін – сатып алушы мен сатушының келісіп жасаған әрекеті деп санаймыз», – деді вице-министр.
Мұның сыртында кілең дамыған елдер ғана кіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстанға рекомендациясында биржаларға ұсынылған мұндай негізсіз жеңілдікті алып тастауға кеңес беріпті.
Егер ұтымды, тиімді қолдана білсе, бұл заң халық пен мемлекетке қатар залал келтіріп отырған делдалдардың табанына тас қоюға мүмкіндік береді. Қазақ жерінің қойнауынан тоқтаусыз алынып жатқан ен байлықты шетке шығарғанда, әділ бағасынан салық өндіруге жол ашады. Ел бюджетіне корпоративті салықтан қосымша миллиардтар ағындайды. Сондай-ақ капиталды сыртқа әкетудің біраз арнасын сұйылта алуы да ықтимал.
Айхан ШӘРІП