2023 жылы модальды жалақы мөлшері орташа статистикалық деңгейден 4 есе төмен болды. Мәселен, былтыр төртінші тоқсанда номиналды жалақы көлемі 322,8 мың теңге болса, модальды жалақы 81,4 мың теңгені құраған. Бұл деректі finprom.kz сарапшылары келтірді.
Айта кетейік, номиналды және модальды деген ұғымдар – орташа айлық жалақыны есептеудің әдістемесі. Оны Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мамандары математика амалдарын қолдана отырып жасайды. Яғни, номиналды жалақы дегеніміз – қызметкердің күндік, апталық, айлық еңбегі үшін төленетін қаражат. Дегенмен қаржы мамандары номиналды жалақы халықтың тұтыну көрсеткіші мен тұрмыс деңгейін толық сипаттай алмайтынын айтады. Ал модальды жалақы – ең жиі кездесетін жалақы мөлшері, ол көбінесе қызметкерлердің санын қамти отыра есептеледі. Бүгінде сол жалдамалы қызметкерлерге төленетін номиналды және модальды жалақысы арасындағы алшақтық жоғары, 2022 жылы ол көрсеткіш 4,5 есе болатын.
Finprom.kz сарапшылары экономикалық қызмет түрлері бойынша деректерді саралай келе, модальды жалақы саладағы табыс деңгейіне байланысты қалыптасатынын айтады. Мәселен, тау-кен өнеркәсібінде номиналды жалақының орташа деңгейі айтарлықтай жоғары (608,7 мың теңге), сондай-ақ модальды жалақы – 417,7 мың теңге. Өйткені тау-кен және мұнай өндірісі кәсіпорындарында кездесетін жалақы республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш саналады.
Одан кейінгі орынға ІТ секторы мен байланыс саласы шыққан. ҰСБ деректеріне сәйкес, «айтишниктер» мен ақпараттандыру мамандарының модальды жалақысы 297,5 мың теңге көлемінде. Осы сомаға жақын жалақыны (295,8 мың теңге) логистика саласындағылар алады. Модальды жалақы бойынша төменгі көрсеткіш – қызмет көрсету саласы, сауда және білім беру ісінде. Мұндағы жайт білім беру саласында қызметкердің көптігімен және олардың көпшілігінде табыстың аздығымен түсіндіріледі.
Бір есептен модальды жалақы – еңбек нарығының индикаторы. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің басым бөлігінің орташа атаулы жалақыға (322,8 мың теңге) қолы жетпейді. ҰСБ былтырғы деректеріне қарасақ, жалдамалы қызметте жүргендердің 60,4%-ы 300 мың теңгеге дейін ғана табыс тапқанын байқаймыз. Еңбеккерлердің жалпы санының төрттен бір бөлігі 300 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін, 11,4%-ы 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін алады. Елімізде айлығы миллион теңгеге жететіндердің саны – 78,3 мың адам, яғни 2,3% ғана.
Ел тұрғындарының орташа жалақы көрсеткішін анықтаудың бір тәсілі – медианалық жалақы көрсеткіші. Медианалық жалақы төлемінің цифрі елдегі жұмыскерлердің 50%-ы азырақ, ал 50%-ы одан көбірек алатынын білдіреді. Яғни, компаниядағы штат құрамы 5 адам деп алайық. Басшысының айлығы 600 мың теңге, басқа қызметкерлердің жалақысы сәйкесінше: 450 мың, 200 мың, 170 мың, 150 мың теңге. Міне, мамандар мұндағы жалақының медианалық мәні 200 мың теңге деп есептейді, себебі екі қызметкер көбірек (600 және 450 мың теңге), ал екеуі азырақ (170 және 150 мың теңге) алып тұр. Осы себептен, сарапшылар медианалық жалақыны халықтың табысының неғұрлым шынайы көрсеткіші деп санайды.
Егер жалақыға қатысты деректерді өңірлер бойынша қарастырсақ, еңбек нарығындағы индикатор да бірнеше есе ерекшеленіп көрінетініне көзіміз жетеді. Мысалы, Астанада жалдамалы қызметкерлер 2023 жылы орта есеппен алғанда 297,5 мың теңге табыс тапса, бас қаланың айналасындағы Ақмола облысында көрсеткіш – 82,1 мың теңге. Айырмашылық бірнеше факторларға байланысты. Мамандардың пайымынша, аймақтар мен мегаполистерде ең төмен жалақы алатын салалардағы жұмысшылар саны да әртүрлі. Екіншіден, көрсеткішке гиг-экономиканың үлесі мен шағын бизнестің даму динамикасы әсер етеді. Сондай-ақ бұл жерде көлеңкелі экономика деңгейінің де көрінісі бар.
Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Айгерім Аманжолова ресми статистика нақты жағдайдың бейнесін бермейтінін айтады. «Кез келген қызметкер жалақысы жылдан-жылға өсіп келе жатқанына қатты қуанатыны сөзсіз. Дегенмен бұл нақты емес, бұл жерде атаулы көрсеткіш туралы сөз қозғалып жатқанын есте сақтаған жөн. Біріншіден, деректер төлеуге жататынына емес, есептеуге жататынын көрсетіледі. Шынайы алып қарасақ, қызметкер шамамен 20%-ға аз алады, өйткені осы сомадан салықтар мен аударымдар ұсталады. Екіншіден, статистика тек сандардың тілін, ал «атаулы» сөзі тек ақша қаражаттарына қолжетімді тауарлар мен қызметтердің баламасын емес, тек ақша баламасын ғана көрсетеді», – дейді маман.
Ұлттық статистика бюросы сарапшыларының есебінше, былтыр модальды жалақы нақты мәнде 1,6%-ға өскен. Тіпті, кейбір өңірде көрсеткіш инфляцияны басып озған. Мәселен, Павлодар облысында ең жиі кездесетін жалақы 81%-ға, Шығыс Қазақстан облысында – 59%-ға, Ақтөбе облысында 52,9%-ға көбейді.
Инфляция демекші, АҚШ-тың 40-президенті Рональд Рейган кезінде инфляцияны «нашақор-тонаушыдай қатыгез, қарулы бандиттей қорқынышты, қанқұйлы кісі өлтірушідей ажал жеткізуші» деп сипаттаған екен. Айтса айтқандай-ақ. Қазақстан халқының тапқан табысын жеп, тиынынан теңге құратпай, жалмап отырған да осы – инфляция атты құдырет.
2023 жылғы Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингіне (IMD) қатысқан 64 елдің ішінде Қазақстан (48, 24%) 59-орынды иеленді. Аталған рейтинг азық-түлікке жұмсалатын шығындар көрсеткіші негізінде түзілген. Тізімнің басында АҚШ (6,49%), Сингапур (6,9%), Ұлыбритания (8,19%), Швейцария (8,82%), Ирландия (8,98%), Канада (9,77%), Аустрия (10,38%), Аустралия (10,82%), Финляндия (11,09%) және Германия (11,26%) мемлекеттері тұр. Euromonitor International деректеріне сәйкес, Африканың кейбір елдерінде тұрғындардың азық-түлік тауарларына жұмсайтын шығындары Қазақстанға қарағанда аз: Эфиопияда – 41,3%, Угандада – 44,2%, Камерунда – 45,2%.
Экономистер ел неғұрлым бай болса, азық-түлікке жұмсалатын шығындардың үлесі соғұрлым аз болады деп пайымдайды. Демек, тамақтан артылған қаражат ақылы қызметтерге және басқа да қажеттілікке жұмсалуы тиіс. Алайда елімізде азық-түлікпен қоса, ақылы қызмет құны да қымбаттап келеді. Finprom.kz порталының дерегінше, 2024 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша Қазақстанда ақылы қызметтер бір жылда 12,8%-ға көтерілген. Оның ішінде су бұру, қоқыс шығару, ыстық су мен суық су, электр энергиясы сынды үздіксіз пайдаланатын қызметтерге тариф қосылып отыр.
Обалы нешік, ел тұрғындары орта есеппен 370 мың теңгеден жоғары жалақы алғанды қалайды. Сарапшылар мұндай қорытындыға hh.kz порталына жолданған 400 мыңнан астам жұмыс іздеушінің түйіндемесіне талдау барысында келіпті. Алайда «үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» демекші, нарық ұсынып отырған жалақы көрсеткіші әзірге қуантпай тұр.
Бауыржан БАЗАР