Ал апта басында бес күнге созылған құрлық чемпионаты мәресіне жетті. Сары құрлық бәсекесінде Қазақстан құрамасы күрестің үш түрінен 12 медаль жеңіп алды. Былтырғы біріншілікпен салыстырғанда алтын саны аз, оның үстіне көп жағдайда Олимпиадаға енбейтін салмақтарда жүлде алдық. AIQYN-ның тілшісі Бішкек төріндегі тартысты белдесулерді сараптап көрді.
ЕРКІН КҮРЕС: БЫЛТЫРҒЫДАН 3 АЛТЫН КЕМ
Былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында еркін күрес шеберлері 4 алтын иеленіп, Азияда сенімді түрде көш бастаған. Биыл бұл нәтижені сақтау мүмкін болмады. Оның ең басты себебі – ұлттық құрамадағы бірінші нөмірлі балуандардың Олимпиадаға іріктеу турнирінде бақ сынауы. Еркін күрес шеберлері арасынан Париж ойындарына жалғыз жолдаманы былтыр Азамат Дәулетбеков иеленген. Қалған балуандар өз мүмкіндіктерін лицензиялық жарыстан іздеп көрмек.
Хош, Бішкектегі Азия біріншілігінде 86 келі салмақтағы Азамат Дәулетбеков топ жарды. Азамат осы салмақта әлемдік деңгейдегі балуан екенін тағы бір дәлелдеді. Себебі шығыстың ұланы қатарынан үшінші рет құрлық сынында жеңіске жетіп, Азияның үш дүркін чемпионы атанып отыр. Мұндай атақ қазақ балуандарына көп бұйыра бермейтінін де ұмытпаңыз.
Азамат турнир барысында өзіне өте сенімді көрінді, ал финалда әккі қарсыласы, Өзбекстан атынан сынға түсетін Жабраил Шапиевтен басым түсті. Азамат тап осы балуаннан екі ірі жарыста ұтылған еді. Алдымен Токио Олимпиадасына жолдама беретін лицензиялық жарыста жол берсе, кейін Ханчжоудағы Азия чемпионатында тізе бүкті. Осы екі турнирдегі есесін Азамат Бішкек төрінде қайтарып, өзінің бабында екенін көрсетті.
«Бішкекте Азия чемпионатының үшінші алтынын иеленген соң, өзіме деген сенім арта түсті. Оның үстіне, құрлық додасы Олимпиада қарсаңында өткізіліп отыр. Финалдағы қарсыласым – Өзбекстан атынан сынға түсетін дағыстандық жігіт. Ол менің басты қарсыластарымның бірі. Соңғы екі жарыста оған есе жіберіп алдым. Алдымен Алматыда өткен Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде ұтылсам, былтыр Азия ойындарында жол бердім. Сондықтан ақтық сында барымды салдым. Одан бөлек, қазір еліміз қиын кезеңді бастан кешуде. Ел аймақтарын су басып, халық үйлерін тастап, қашуға мәжбүр болуда. Осындай сындарлы сәтте жанкүйерлерді қуантқым келді. Осы жеңісімді су тасқынынан зардап шеккен халыққа арнаймын», – деді жарыстан соң сөз алған балуан.
Осы жеңістен кейін Азамат Дәулетбеков Біріккен күрес әлемінің (UWW) рейтингінде 1-орынға көтерілді.
Одан бөлек, Асыл Айтақын (61 келі) мен Ризабек Айтмұхан (97 келі) күміс, Мейрамбек Қартбай (57 келі) қола жүлдегер атанды. Асыл олимпиадалық емес салмақта алғаш рет жүлдеге ілігіп отыр. Бапкерлер оған сәл ғана тәжірибенің жетпегенін айтады. Ал Мейрамбек былтырғы әлем чемпионатында жартылай финалға жетіп, кейін қола медаль үшін күресте ұтылды. Тіпті, жолдама үшін таласта да жеңіліс тапқан еді. Енді Бішкектегі жетістігінен соң ол күрестен соңғы лицензиялық турнирге қатысуы мүмкін. Себебі Олимпиадаға іріктеу сынына қатысқан Ерасыл Мұхтарұлы (57 келі) бірінші белдесуде ұтылып қалды.
Ал Ризабек туралы әңгіме бөлек. Олимпиадалық салмаққа ауысқан ол финалға сүрінбей жетіп, ақтық сында Бахрейн атынан белдесетін дағыстандық Ахмед Тажудиновке есе 2:4 есебімен жол берді. Былтырғы әлем чемпионатында екі балуан да чемпион атанған еді. Ризабек 92, Ахмед 97 келіде атой салған. Енді міне, екі мықтының жолы Азия чемпионатында түйісті. Мамандар Ризабек Айтмұханның бұл салмаққа бейімделіп келе жатқанына жіті мән беруде. Тіпті, Ахмедтен таза жеңілді деуге ауыз бармайды. Белдесу соңына қарай есепті теңестіріп кетуге аз қалды. Егер осы қарқынынан таймаса, Ризабекті Олимпиада ойындарында көріп қалуымыз мүмкін.
ӘЙЕЛДЕР КҮРЕСІ: БҰРЫМДЫ БАЛУАНДАРДА АЛТЫН ЖОҚ
Қайрат Сағадиев жаттықтыратын Қазақстан әйелдер құрамасы Бішкекте 4 қола медаль еншіледі. Мұнда алтынға басты үміткер 76 келідегі Эльмира Сыздықова болатын. Рио Олимпиадасының жүлдегері осы жолы үш дүркін Азия чемпионы атанады деп күткенбіз. Бірақ Сыздықованың былтырғы жарақаты әлі де сыр беруде. Эльмира жартылай финалда қырғыз күресінің жұлдызы Айпері Медетқызынан ұтылып, турнирді қоламен аяқтады.
57 келідегі Лаура Алмағанбетова ересектер арасындағы алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізіп отыр. Бас бапкер балуанның аяқ алысын жоғары бағалауда.
Лаурадан бөлек, 72 келіде құрлық додасының қола жүлдегері атанған Анастасия Панасович те бапкерлер құрамын қуантты. Екі балуан да ұлттық құрама сапындағы үздік нәтижелерін тіркеді.
Ал 59 келіде тәжірибелі Диана Каюмова қола медаль иеленді.
Әйелдер күресінен құраманың бірінші нөмірлі спортшыларының Азия аймақтық лицензиялық турнирге қатысып жатқанын еске саламыз. Ал бапкер болса, бұл жетістіктің жаман емесін айтады.
«Әйелдер күресі Азия құрлығында өте жақсы дамыған. Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында да негізінен азиялық қыздар топ жарады. Олимпиаданың екі дүркін, төрт дүркін чемпиондары да осы сары құрлықтан шықты. Жапония, Қытай, Моңғолия құрамаларымен әлем санасады. Үндістан да жақсы дамып келеді. Оның үстіне Азиядағы үздік балуандардың басым көпшілігі Олимпиада жолдамасын алып қойған. Сондықтан бірінші нөмірлердің барлығы дерлік Азия чемпионатына қатысты», – дейді бас бапкер Қайрат Сағадиев.
ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ: ЕРЖЕТТІҢ ЖЕҢІСІ
«Классикалық» күрес шеберлері Бішкектегі Азия чемпионатының шымылдығын жапты. Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко жаттықтыратын команда жас балуанның жұлдызын жақты.
63 келі салмақта жамбылдық Ержет Жарлықасын өз мансабында тұңғыш рет Азия чемпионы атанды. Ержет бұған дейін ұлттық құрама сапында мұндай ірі жарыстарға қатыспаған. Өзі белдескен алғашқы ресми турнирде бірден алтын алғаны жанкүйер үмітін жалғай түсті.
Турнир барысында Ержет Жарлықасын Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Солтүстік Корея балуандарын жеңіп, финалда жапондық Аята Сузукимен белдесті. Аятаның Ержетке қарағанда тәжірибесі де, жүлдесі де көп. Ол былтыр 60 келі салмақта Азия ойындарының күміс жүлдегері атанса, Азия чемпионатында екі рет қола медаль жеңіп алған.
Финал өте тартысты өтіп, 6:6 есебімен тең аяқталды. Алайда әдіс сапасы бойынша Ержет Жарлықасын Азия чемпионатының алтынын иеленді.
«Жартылай финал және финалдағы қарсыластарым қиындық тудырды. Әсіресе, Солтүстік Корея балуаны физикалық тұрғыдан өте мықты екен.
Ешкім жарысқа жеңілемін деп келмейді. Бәрімізде де алтын алсақ деген арман бар. Бұл жетістігіме бапкерлерім де, ата-ана, туыстарым да қуанып жатыр. Бірақ өзім жеңіске жетіп, чемпион атанғанымды қатты сезіне қоймадым. Мүмкін, шаршағаным әсер еткен шығар. Енді мұнымен тоқтап қалмайтынымыз анық. Алда әлем чемпионаты бар. Сол сынға қатысып, абыроймен оралсам деген ойым бар», – дейді Ержет.
Грек-рим күресінен 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов күміс жүлдегер атанды. Отыздан асқан балуанымызға 2014 жылдан кейін Азияның алтыны бұйырмай келеді. Ол былтыр да өзін финалда жеңіп кеткен ирандық Насер Гасем Ализадеге тағы айла көрсете алмады. Тұрсынов тап осы Ализадеден үшінші рет ұтылып отыр.
Олимпиадалық салмақ саналатын 77 келіге ауысқан Ибрагим Магомадовтың да қарқыны жаман емес. Былтыр «классиктерге» Азияның жалғыз алтынын сыйлаған осы Ибрагим еді. Сол сыннан соң ол бірден олимпиадалық салмаққа ауысып кетті. Бішкекте Магомадов айтарлықтай жақсы күресті. Тіпті, жартылай финалда жанкүйер арасында «акула» атымен танылған әлемнің екі дүркін чемпионы, қырғыз балуаны Ақжол Махмұдовпен терезесі тең өнер көрсетті.
Ал 97 келідегі жас балуан Юсуф Мациевке тәжірибе жетіспеді. Ол финалда әлем және Азия ойындарының чемпионы, ирандық Мохаммедхади Саравиге қауқар көрсете алмады.
Тағы үш балуанымыз қола медаль үшін күресте қарсыласқа жол беріп, жарысты бесінші орынмен аяқтады. Олар – Ғалым Қабдунасаров (60 келі), Алматбек Аманбек (67 келі) және Әділхан Сатаев (72 келі).
Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ