Кеше Мәжіліс Cпикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Ойынқұмарлық – ел қауіпсіздігіне қатер
847
оқылды

Сондай-ақ жаңар­тылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энер­гетикасы мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қа­был­дады. Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ко­декске масс-медиа мәселелері бойынша енгізілетін тү­зе­тулер екі оқылымда қабылданды.

Ойын бизнесі, лотереялар және ло­терея қызметі мәселелері бойынша заң­­намалық өзгерістер мен Әкім­ші­лік құқық бұзушылық туралы ко­декс­ке енгізілетін ілеспе түзетулерді де­путаттар Мемлекет басшысының құ­мар ойындарға тәуелділікке қарсы күресті күшейту туралы тапсырмасы аясында әзірледі. Кеше заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Жұ­мыс тобының жетекшісі Елнұр Бей­сен­баев құмар ойынға тәуелділікпен кү­ресу қоғам үшін өзекті мәселе еке­нін атап өтті.

«Қазақстанда ойынқұмарлық ін­дет­тей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төн­діре бастағанын байқаймыз. Сон­дықтан мұндай жағдайға әкеле­тін себептерді жойып, қоғамды бұл дерт­тен сауықтыру үшін шұғыл ша­ра­лар қабылдау қажет. Бүгін қа­рас­тырғалы отырған заң жобалары осы мә­селені барынша ауыздықтап, рет­­­теуге арналған», – деді ол.

Депутат заң жобасында букме­кер­лік кеңселер мен казинолардың жар­­­­­намасын шектеу қарастырыл­ға­нын айтты. Үйлерде, ғимараттарда, құ­рылыстардың қоршауларында, кө­ліктерде сыртқы жарнама ор­на­лас­тыруға тыйым салынады. Интер­нет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді бас­па басылымдарында, кинода, мо­бильді операторлардың SMS хабар­ла­маларында да жарнамаға толық тыйым салынады. Бұл тыйым әлеу­меттік желідегі блогерлерге де қа­тыс­ты.

Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудың жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі. Алимент және несие берешегі өтелмеген азаматтар, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде тұрған тұлғалар құмар ойындарға қатыса алмайды. Аталған санаттарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Заң жобасы аясында электронды казино мен онлайн казино қызметін ұйымдастырған заңды тұл­ғаларға қылмыстық жаза қолданылады. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру ұйымдарында, ғибадат үйлері мен құрылыстарында лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады. Сонымен қатар ойын биз­несін ұйымдастырушылар енді өздерінің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндеттеледі. 

Дауыс беру қорытындысында Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы құмар ойынмен күресу туралы заңды осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанына назар аударды. 

«Депутаттар екінші оқылымға дейін осы және басқа да ұсыныстарды мұқият зерделеп, заң жобасын жан-жақты талқылап, тағы да пысықтауы керек. Бұл жұмысқа сарапшыларды, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, барлық мүдделі тарапты тартқан жөн», – деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша енгізілген түзетулер екі оқылымнан өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасады.

Жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжан­ның айтуынша, заң жобасы өткен аптада Мәжіліс қабылдаған «Масс-медиа туралы» заңға ілеспе болып саналады. Өзгерістер оның нормаларын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс баптарымен сәйкестендіруге бағытталған. 

«Заң жобасында масс-медиа туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. «Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасын бұзу» кодексінің 452-бабын алып тастау ұсынылады. Себебі «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның күші жойылады», – деді Ж.Әшімжан.

Бұдан соң Мәжіліс жаңартылатын энергия көз­дерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Бауыржан Смағұлов құжат Мемлекет басшысының 2021 жылғы электр энергетика саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленгенін айтты. Заңға «жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объект» ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Мұндай нысандар артық өн­дірілген электр энергиясын энергиямен жабдық­таушы ұйымға белгіленген шекті тариф бойынша сата алады. Мәжілісмендер екінші оқылымға дайындық барысында жобаға жаңа нормалар енгізді.

«Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жиынтық қуаты 10 мегаваттан аспайтын, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген су электр стансасынан электр энергиясын басымдықпен сатып алу жүзеге асырылады. Газ баламалы отын түрі ретінде пайда­ла­нылатын жылу беру объектілеріне қондырғыларды жаңғыртуға, реконструкциялауға жасалатын инвес­тициялық келісімдер кеңейтіледі. Сондай-ақ жаңар­тылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласына мемлекеттік реттеу енгізіледі», – деді Б.Смағұлов өз баяндамасында.

Бұдан бөлек, Мәжіліс «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі сала­ларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті. Жалпы, отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға 17 депутаттық сауал жолдады. Төменде, солардың бірқатарын ықшамдап беріп отырмыз.


ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДАР КӨТЕРГЕН ЖҮК – ЗІЛ БАТПАН

Ерлан САИРОВ,

Мәжіліс депутаты, 

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:

«Бүгінде адамзат бала­сы­ның тұрмыс-тіршілігін интер­нет құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Оның ішінде әлеу­меттік же­­лілер қоғам өмі­рі­не ден­деп енді. Мысалы, елі­міз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн., Facebook-қа – 2,6 млн., ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа – 14,1 млн. азамат тіркелген. Олар әрбір жанның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – бүгінгі өмір шындығы! Десе де, таяқтың екі ұшы бо­латыны секілді, олардың пайдалы жақтарымен қатар, зияны да жеткілікті.

Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірім­деріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатады. Шектеусіз таратылымдағы әлеуметтік желілер пай­далы білім алып, үнемі қозғалыста болуы тиіс балалардың алтын уақытын ұрлағанымен қоймай, олардың денсаулығына, психикасына да теріс әсер етуде. Әсіресе, балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Түрлі ойынды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көрі­ністерге толы рилстар да осы TikTok ар­қылы таралуда. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қам­қорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады.

Желінің осындай зиянды салдарларын ескере отырып, бірқатар әлем елдері TikTok-қа шектеу қойды. Ендеше, аталған әлеуметтік желінің ұлттық қауіпсіз­дігімізге, жастарымыздың моральдық бет-бейнесіне, денсаулығы мен психикасына төндіретін қаупін ескере отырып, ел Үкіметі келесі шараларды қолға алуы қа­жет. Олар – жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес TikTok-тағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қою, балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаулау, TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу». 

Сергей ПОНОМАРЕВ,

Мәжіліс депутаты,

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: 

«Өкінішке қарай, елі­мізде «та­залық» пен «тәр­тіп» ұғым­дары ұлттық маңы­зын жо­ғалт­ты. Қазір көп­шілік бала­ларға арнал­ған сенбіліктерді жоюды жақтайды. Бұл бала­лар­ды еңбекке баулудың жақ­сы әдісі деп ойлаймын. Бала кезімізде бәріміз металл және макулату­ра жинадық, айналаны сыпырдық және одан кейін қоқыс таста­майтынымыз анық еді. Адамдар өздері жинаса, қоқыс тастамайды. Бұл аксиома. Ендеше, осы ретте мен келесі жайттарды ұсынамын:

Үкімет ұйымдастыру шараларымен қатар мектептен бастап барлық жастағы әлеуметтік топта идеологиялық шараны қамтамасыз ететін «Таза Қазақстан» кешенді бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыруы керек. Жергiлiктi атқарушы органдар өз шағын алаңдарын абаттандыру­да халықтың қатысуына жағдай жасауы қажет. Тұр­ғын­дарды елді мекендердің тазалығын сақтауға ынталан­дырған жөн. Мәселен, қазір Алматыда «Алматы – ортақ үйіміз» экологиялық акциясы өтуде. Қала тұрғындарына асыл тұқымды ағаштар мен бұталардың көшеттері тара­тылуда. Олар оны өз аулаларына отырғызып, күтіп-баптап, суарып тұрға тиіс.

Мемлекет басшысы атап өткендей, әкімдердің қызметі елді мекендер мен қоғамдық кеңістіктердің сыртқы келбетіне қарай бағаланатын болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен ел азаматтарын аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру идеясын қолдауға шақырамын. Бұл мәселеде қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер және азаматтық белсенділер үлкен рөл атқарады. Олар патриотизм дегеніміз өз Отанын таза ұстауға деген ұмтылыс екенін үлгі боп көрсете алмақ».

Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ,

Мәжіліс депутаты, 

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:

«Наурыздың аяғында мен де ең алғашқылардың қата­рында суға батқан Қостанай облысының Арқалық, Аман­гелді мен Жангелдин аудан­дарының ауылдарына барып, бар жағдайды өз көзіммен көріп қайтқан болатынмын. Бұзылған үйлер, өлген үй мен дала жануарларын, жырылған жолдар мен құлаған бағандардың көрінісі жантүршігерлік. Сумен күресіп, үйлері мен ауылдарын аман сақтап қалудың амалын жасап жүрген жергілікті халықтың жұмылып атқарған істерін де алғаш рет сол жақтан көрдім. Дегенмен арнайы техника, құрал-саймансыз табиғи апатқа төтеп беру мүмкін емес. 

Биылғыдай көлемгі су тасқынының қайта­ланбай­тынына ешкім кепілдік бере алмайды. Осыған орай, әр өңірдің климаттық және геогра­фиялық ерекше­ліктерін ескере отырып, дереу барлық өңірлерде келесідей іс-қимылдар қабылдау қажет деп санаймын. Үкіметтің резервегі қаражаты есебінен: инфекциялық ауру тарау қаупінің алдын алу үшін өлген жануарларды дереу санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жою. Сондай-ақ ауызсудың сапасын тексеру, су тасқы­нымен байланысты апаттардың алдын алу үшін және екінші жағынан суармалы су мен су тап­шылығы бар жайылымдық жерлерде қар мен жауын-шашын суын тоқтатуға арналған су қоймаларын салу­ды қарастыру. Оған қоса республикалық және жер­­гілікті автожолдардың су өткізгіш құбырларын тек­­серіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу. Келесі мәселе – аудандардағы төтенше жағдайлар бөлім­шелерінің жеке құрамын арттыруды, олардың ма­териалдық-техникалық қамсыздануын, оның ішінде өрт сөндіру техникасы, жүзу құралдары мен су сорғыш жабдық­тармен қамтамасыз ету. Ескеретін келесі бір жайт: шалғай аудандардың көліктік қолжетімділігін жақ­сарту, әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңір­ара­лық байланыстарды күшейту қажет. Сондай-ақ Ар­қа­лықта әуежай салу мәселесін жеделдету қажет. Әуе­­жай­дың қажеттілігін су тасқыны да айқын дәлел­деп берді. Өйткені авиакеросин сақтайтын қойма­лардың бол­мауынан басқа өңірден барған тікұшақ жанар­майдың жоқытығынан сын сағатта әрекетсіз тұрып қалды».

Екатерина СМЫШЛЯЕВА,

Мәжіліс депутаты, 

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:

«Осы күндері депутаттар өңір­­лерде болып, зардап шек­­­кендермен кездесіп, қабыл­даулар жүргізді. Бүгінде эва­куациялау пункттерінде «AMANAT» партиясының «Кұқықтық көмек» жоба­сы­ның заңгерлері жұмыс іс­теу­де. Келіп түскен өтініш-ті­лектер негізінде келесі мәселелерге назар аудару маңызды:

Бірінші. Бұзылған және қираған үйлерді қалпына келтіру үшін уақыт қажет. Ал отбасылар үшін тұратын жер керек. Үйді жалға алу құны өте қымбат. Әкім­діктерде болса, тұрғын үй қоры жеткіліксіз. Ендеше бізде заңда азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін жалдау ақысының 50 пайызын субсидиялау механизмі қарастырылған, осы мақсатта бюджетке қаражат бөлінген. Міне, осы ережелерді зардап шеккен отбасыларға да қолдану қажет.

Екінші. Су тасқынынан кейін тұрғын үй-жайлар мен аулаларды санитарлық тазалау маңызды. Бұған санитарлық қызметтің ресурстары жеткіліксіз және бюджетте қаражат қарастырылмаған. Ал өз есебінен жүргізуге үй иесінің қалтасы көтермейді. Оның үстіне бұл жұмыстар кәсіби деңгейде атқарылуы қажет. Ендеше санитарлық өңдеуге қажетті қаражатты бюджетте қарастырып, мұны мамандандырылған ұйымдар арқылы жүзеге асыруды ұсынамыз.

Үшінші. Мүлікті тіркеу мәселесі. Қазірдің өзінде үй иелері арасында дау шығып жатыр. Өйткені ондаған жылдар бұрын үйлерін тастап кеткен немесе тіркеусіз сатқан қожайындар пайда болуда. Оларға нотариалдық немесе адвокаттық көмектер мемлекеттік заң көмегі ретінде тегін көрсетілуі керек. Сондай-ақ тіркеу жарналары мен алымдар бойынша зардап шеккендерге түсетін қаржылық ауыртпалықты азайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.

Төртінші. Кейбір елді мекендерде көпқабатты үйлердің ортақ мүлкі бүлінген. Бірақ жекелеген мен­шік иелерінен өтемақы туралы өтініштері қа­был­дан­бай­ды. Ал мұндай үйлердің көпшілігі аз пәтерлі бол­ғандықтан, басқару органдары жоқ. Осыған орай тұр­ғын үй инспекциясы осы мәселені шешуге атсалысса.

Бесінші. Су тасқыны кезінде пәтер жалдап тұрған отбасылар қиын жағдайда қалып отыр. Олар да дүние-мүлкінен айырылды, бірақ өтемақы алгоритмі оларға келгенде түсініксіз. Жалға берілетін тұрғын үй нарығы бізде «көлеңкелі» болғандықтан, жалға алушылардың көпшілігінің қолында жалдау шарттары жоқ. Осыған байланысты азаматтардың аталған санатына бірыңғай бекітілген тәртіпте қолдау көрсету маңызды».

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ