Алайда қазір ол 862 сантимерге көтерілді. Салдарынан қала сыртындағы саяжайлар суға кетті. Соңғы екі күн Батыста барлық құрылым аяғынан тік тұрып қызмет етті.
Бір қуантарлығы, халықтың күшімен соғылған бөгеттер тасқынға тосқын бола алды. Расымен де, Жайық пен Шаған қатар көтерілгенде Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс және Январцев ауылдарына қауіп төнген. Дегенмен әскерилер мен еріктілер, соның ішінде жергілікті халықтың күшімен қолдан соғылған бөгеттер суды ауылға жібермей ұстап тұр. Әйтсе де, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, әзірге босаңсуға ерте.
– Біз су тасқынының екінші кезеңіне қарсы жүргізілген жұмыстардың нәтижесін көріп отырмыз. Мен өзім Бөрлі, Бәйтерек аудандарына барып, судың деңгейін көріп келдім. Су ауылдың іргесіне келіп тұр. Бірақ қолдан тұрғызылған бөгеттер мен қойылған құм қапшықтардың арқасында ауылға су кірмей тұр. Біз осыған қарап су тасқынына қарсы жүргізілген жұмыстарымыздың бағыты дұрыс болғанын түсінеміз. Тек осы бөгеттерді құруға 1 336 арнайы техника жұмылдырылуда, соның ішінде өзге өңірлерден жолданған техникалардың қазіргі сағатқа 861 техникасы қатысып жатқанын айта кету қажет. Бүгінде 7 мыңға жуық халық пен 3,5 мыңнан астам әскери құрылымның жеке құрамдары қызмет етуде, – деп атап өтті БҚО әкімінің орынбасары.
Жалпы БҚО-ға көп су 17 сәуірден бастап келе бастады. Ресейдің Ирекілі су қоймасынан келген су Жайық пен Шаған өзендерін толтырып жатыр. Қатты ағыспен келген су мөлшері қала маңындағы нөмірі 1,2,3 саяжайларды түгелімен суға кетірді. Бұған дейін төтеншеліктер сол саяжайлардағы барлық тұрғынды эвакуациялық орталықтарға орналастырған болатын. Бірақ үйін қимай қалып қойған тұрғындар бар. Кешелі бері төтеншеліктер сол тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді.
– Қала маңындағы саяжайлардан 30 адамды көшірдік. Олар суға кетпей қауіпсіз жерге шығарылды. Ендігі мақсат – сол тұрғындарды тасқын су жүріп жатқан аймаққа жібермеу. Өкінішке қарай, «үйімді қарап келемін» деген желеумен тасқын қаупі бар жерлерге өткісі келетін азаматтарымыз бар. Бұл – өте қауіпті. Судың ағыны қатты. Ол жерге тек төтеншеліктермен бірге жүруге болатынын ескерткім келеді, – деді БҚО ТЖД бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев.
Бүгінгі күнге дейін облыста 1 292 үйді су басқан, бұдан бөлек 13 044 саяжай үйі су астында қалып отыр. Қазір өңірде комиссия судан келген шығынды есептеуді бастап кетті.
– Комиссия шығынды есептеп жатыр. Өңір тұрғындарына су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық залалды тиісті бағалау жұмыстары басталды. Қазір суға кеткен үйлердің 1 150-не техникалық сараптама жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, 276 тұрғын үй жарамсыз болып танылса, 47 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілуі қажет. Бүгінгі күнге дейін 590 нысанға бағалау жүргізілді, – деді БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.
Жайық өзеніндегі су деңгейі әлі де қауіпті күйде қалып отыр. Өзен бойындағы қауіпті аумақтарда 80 мыңнан астам халық тұрады. Қазір Орал қаласының гидробекетінде Жайық өзені 862 см , қауіпті деңгей 850 см еді. Аймақта су тасқыны салдарынан 9 елді мекен қатынассыз қалды. Себебі жолдарын су шайып кеткен. Аудандарда мал шығынын есептеген комиссия бүгінгі күнге 2 342 бас мал шығыны барын рәсімдеген. Бүгін журналистер алдында сөз алған облыс әкімінің орынбасары бүлінген мүлік те, мал шығыны да өтеледі деп сендірді.
– Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Бүгінде облыс бойынша 5 552 өтініш қабылданып, 1 542 отбасына 514,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді, – деді Қ. Айтмұхамбетов.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы