Газ – жалынның қуаты, жылудың көзі

Магистралды газ құбырлары арқылы табиғи газды үздіксіз тасы­мал­дау, сондай-ақ жылыту маусымын ойдағыдай өткеру – QazaqGaz Ұлт­тық компаниясының құрамындағы «Интергаз Орталық Азия» АҚ үшін стратегиялық маңызды міндет.

Әсіресе, қысқы кезеңде бұл мін­деттер үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінде ол сәтті жүзеге асу­да. Өйткені «ИОА» АҚ ағымдағы жылу беру маусымының аяқ­талуын күтпей-ақ келесі маусымға дайындыққа кірісіп кетеді. Газ тасымалдау жүйелері жыл сайынғы күзгі-қысқы кезеңде пайдалануға сақадай-сай тұруы үшін компанияда жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспары жасалады. «Қыс шанаңды жаз сайла» деген осы емес пе?

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ОЙДАҒЫДАЙ АЯҚТАЛДЫ

Жұмыс нәтижесі дайындықтан кө­рі­неді демекші, «Интергаз Орталық Азия» АҚ өзінің газ тасымалдау жүйесі мен ны­сандарын 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде пайдалануға ертерек қам жасап, оны техникалық жағынан ғана емес, құжаттарына дейін 100% әзірлеп қойған болатын. Соның арқасында биыл­ғ­ы жылыту маусымы ойдағыдай өтті.

Атап айтар болсақ, былтыр жазда «ОАО-4» (Орта Азия-Орталық), «ОАО-5», «Қар­талы–Рудный», «БГА–ТБА», «Ока­­­рем–Бейнеу», «Газли–Шымкент», «Жаңа­жол–Ақтөбе» магистралды газ құ­быр­ларының (МГҚ) учаскелерінде және «Жаңаөзен–Ақтау» учаскесінің 3 тар­ма­ғында ірі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ жаңа маңызды инф­ра­құры­лымдық жобалар қолданысқа енгі­зіл­ді. Мәселен, 2023 жылғы 30 мамырда Аты­рау облысында «Мақат–Солтүстік Кав­каз» магистралды газ құбырының лу­пин­гі пайдалануға берілді. Инвестициялық жо­ба халықты және Атырау қаласы мен об­лысының ірі өнеркәсіптік кәсіп­орын­дарын газбен жабдықтауда сенімділікті арт­тырып қана қоймай, өңірдің, тіпті тұтас­тай алғанда еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып отыр.

Осы жылдың қазан айында «Бейнеу–Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екін­ші тармағы бойынша газ беру бастал­ды, ол елді мекендерді, ірі өнеркәсіптік объек­тілерді, сондай-ақ Маңғыстау облы­сы­ның негізгі энергетикалық кәсіпорны – жылу және электр энергиясын өндіретін «МАЭК» ЖШС-ін газбен тұрақты жаб­дық­тауды қамтамасыз етті. Бұл инвес­ти­циялық жобалар мерзімінен бұрын Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша орын­далып отыр. Мұны компанияның елі­міз­дің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесі деуге болады.

Ал «Бозой» жерасты газ қоймасына (ЖГҚ) газ құю немесе алу кезінде белгі­лен­ген режимді сақтау және газ айдау аг­ре­гаттарын (ГАА) бір мезгілде де, кезе­гі­мен де жүргізуге мүмкіндік туғызу үшін тех­нологиялық коммуникациялар сыз­ба­сына өзгерістер енгізіле отырып, өз күші­мен жөндеу жұмыстары жасалды.

«ИОА» АҚ 2023-2024 жылдардағы жы­лыту кезеңіне дайындық шараларының тұтас­тай кешенін тұрақты негізде жүргізіп келеді. Олар – газ құбырларына техни­ка­лық қызмет көрсету, жөндеу және табиғи газды апатсыз және қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету бойынша өзге де шаралар. Атай кететін бір жайт, есепті кезеңде тұ­тынушыларды газ көзінен айыру деректері тіркелген жоқ.

КЕЛЕСІ ЖЫЛҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛЫП КЕТТІ

«Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның газ та­сымалдау жүйесінің нысандары мен жаб­дықтарын 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге пайдалануға дайын­дау шеңберінде биыл 18 наурызда Іс-ша­ралар жоспарлары әзірленіп бекітілді. Апта сайын нысандардың дайындығы ту­ра­лы есептер тыңдалып, талдау жүргі­зілу­де. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жал­ға­сып, тұрақты мониторинг жасалып тұратын болады.

Магистралды газ құбырлары арқылы т­а­биғи газды қауіпсіз және үздіксіз та­сы­малдауды қамтамасыз ету мақсатында, бекітілген Іс-шаралар жоспары аясында «Бұхара–Орал» МГҚ, «Қарталы–Рудный» МГҚ, «ОАО-4» МГҚ, «ОАО-5» МГҚ, «БГА–ТБА» МГҚ, Ақтөбеге бұрылатын газ құбыры-бұрымының 2-тармағы учас­келеріндегі ақаулары бар құбырларды ауыс­тыру бойынша жөндеу жұмыстары жоспарлануда.

ЖЕРАСТЫ ҚОЙМАЛАРДЫҢ ҚЫСҚЫ КЕЗЕҢДЕ МАҢЫЗЫ ЗОР

Салқын кезеңдердің тұрақты өтуінде әдетте жерасты газ қоймаларының рөлі зор. Соған сай «Интергаз Орталық Азия» АҚ олардың сыйымдылық мүмкіндігін кезең-кезеңімен дамытып отырады. Мәселен, 2023-2024 жылдардағы газ алу маусымының басына таман еліміздегі ЖГҚ қажетті көлемде толтырылды. Жал­пы көлемі 3,26 млрд текше метр болатын жедел газ қоры құрылды. Соның ішінде үш жерасты газ қоймаларынан нақты пай­даланылған газ көлемі 3,1 млрд текше метр болды.  

Осылайша, 2023 жылы ЖГҚ нысан­дарын күзгі-қысқы кезеңге дайындау шеңберінде біраз жұмыстар жүргізілді. Олар – кәсіпшілік жабдықтардың кран­дары мен газ тарату пунктерін/жинау пун­ктерін (ГТП/ЖП) майлап, гидрав­ли­калық сұйықтықпен толтыра отырып, жұ­мысқа жарамдылығын сынау, ГТП ұң­ғы­маларының су жинағыштарының шү­мек­тері мен тиектерін тексеру, қажет бол­ған жағдайда ауыстыру, ГТП диафра­г­­ма­ларын тексеру және тағы басқалар.

Барлық жұмыстар 2023-2024 жылдар­да­ғы күзгі-қысқы кезеңге «Ақтөбе» МГҚБ, «Тараз» МГҚБ және «Шымкент» МГҚБ жабдықтары мен қондырғыларын пайдалануға дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес орындалды. 

ТҰТЫНУШЫ ТАРЫҚПАУҒА ТИІС

Табиғи газды тасымалдаудағы ең бі­рін­ші міндет – тұтынушының, әсіресе қыс­­­тың көзі қырауда маңызды ресурс­тар­дан тарығып қалмағаны. Осы ретте әлеу­мет­тік маңызы бар нысандарға, ком­му­нал­дық шаруашылықтарға, өнеркәсіптік кә­сіпорындарға және қарапайым халыққа бірінші кезекте көңіл бөлінеді. 

Сонымен қатар жылыту маусымының маңызды кезеңінде де «Интергаз Орталық Азия» АҚ қазақстандық газды экспорттау, ресейлік және өзбек газын еліміздің ау­ма­ғы арқылы транзиттеу бойынша өзінің ке­лісімшарттық міндеттемелерін толы­ғы­мен орындағанын атап өту қажет. 

«ИОА» АҚ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

Көрер көзге көрінбесе де, тек Қазақ­стан аумағына ғана емес, көрші мемле­кет­терге де көгілдір отынды жеткізіп беру мін­детін мүлтіксіз атқарып отырған «Ин­тер­газ Орталық Азия» акционерлік қоға­мын күллі Орталық Азияға тіршілік көзін, жалын мен жылу қуатын жеткізіп беріп отыр­ған күретамыр деуге болады. Ол күре­тамыр жер астында бүлкілдеп соғып жа­тыр. Ал оның еш ақаусыз, үздіксіз тоқ­та­май жұмыс істеуіне компанияның білік­ті мамандары мен кәсіби ұжымы зор үлес қосып отыр. 1997 жылы шілде айында құрыл­ғаннан бері «ИОА» АҚ осы газ тасы­малдау жүйесін пайдалану және техни­ка­лық қызмет көрсету міндетінен еш жаңыл­ған емес. Сол еңбегінің жемісіндей 2018 жылғы шілдеде Қазақстан Респуб­ли­касы Үкіметінің қаулысымен «Интергаз Орта­лық Азия» Акционерлік қоғамы – ма­гистрал­ды газ құбыры бойынша Ұлттық опе­ратор мәртебесін алды. Сол мәртебе биі­гінен аласарған емес. Ендеше қысқы күн­­нің бір кешінде жылы да жайлы үйіңіз­де отырып, терезеден маужыраған түнгі ас­панға көз салып, жерге жапалақтай жау­ған қар ұшқындарын сүйсіне тамаша­ла­ға­ныңызда, осынау Ұлттық оператор­дың ұйым­шыл ұжымын да үйіңіздегідей жылу­лықпен еске алып қоюды ұмыт­пағай­сыз.

Нұрлан ҚОСАЙ