Атқарушы билік бұл жұмыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізуде. Қарғын судан зардап шеккен облыстарда арнайы комиссиялар құрылды.
Үкімет материалдық резервтен 3,8 млрд теңге қарастырып отыр. Оның 1,1 млрд теңгеден астамы Батыс Қазақстан облысына бағытталмақ. 20 сәуірдегі жағдай бойынша 8 814 отбасы жалпы сомасы 3,2 млрд теңге болатын 100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлемді алды. Қазір зардап шеккен өңірлерде 3 210 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1 969-ына бағалау жүргізілді. Оның ішінде 311 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. 35 отбасына ескі үйдің орнына жаңа баспана мен пәтерлер берілді. Ал мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 89 млн теңгеге жетті.
«Атамекен» ҰКП-ның 19 сәуірдегі дерегінше, өңірлерде су тасқынынан ШОБ-тың 470 субъектісі зардап шеккен. Олардың үштен бірі ауыл шаруашылығына тиесілі. Жалпы, ұлттық палата өкілдері есептеп шыққандай, су тасқыны дүкен, шаштараз, ателье, наубайхана, кафе, жылыжай және фермалардың ғимараттары мен жабдықтарын 13 млрд теңгеге бүлдіріп кеткен. Яғни, су тасқынынан ең көп зардап шеккен сала – шағын бизнес. Өңірлердегі жағдайға сәйкес, бүгінде Ақтөбе кәсіпкерлері шығынға көбірек ұшыраған, қазіргі дерек бойынша 160-қа жуық бизнес нысанға шығын келген. Атырау облысында 114 шағын бизнес субъектісі зардап шекті. Ұлттық палатаның хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан өңірінің кәсіпкерлеріне келтірілген залал әлі де анықталуда.
Айта кету керек, суға ағып кеткен төрт түліктің есебі әлі нақтыланған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 12 сәуірде таратқан хабарына сүйенсек, 6,8 мың бас мал шығыны анықталыпты. Оның 75%-ы ұсақ мал. Одан бері он күн өтті, сондықтан бұл мәлімет алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Айтқандай, бүгін, 23 сәуірде өтетін Үкімет отырысында су тасқыны жағдайы қаралады. Осы отырыста жаңа деректер айтылады деп күтіліп отыр.
Десе де, қазір жергілікті комиссия мал шығынын нақты анықтап, иелеріне өтемақы төлеудің қағидасын дайындады. Табиғи төтенше жағдай салдарынан малы қырылған тұрғындар осы комиссияға тиісті өтінішті төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бастап 30 күннің ішінде өткізуі керек. Ол үшін жоғарыдағы комиссия өлген малдың сәйкестендіру белгілері бар екеніне (құлақ белгісі, тавро, микрочип) көз жеткізуі керек. Егер сәйкестендіру белгілері жоқ болса, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында тіркелгені дәлелденуі тиіс. Тіптен, малдың ешбір құжаты болмаса, ешбір базада тіркелмеген және өлексесі табылмаған жағдайда үш куәгерді тарта отырып акт толтырылады. Өтемақы мөлшері өлген малдың жасына қарай Ұлттық статистика бюросы жариялайтын нарықтық құны бойынша айқындалады. Мал иелеріне шығын бюджеттен немесе бюджеттен тыс көздерден өтелуі мүмкін. Ешбір құжаты табылмаған түліктің шығынын өтеуге бюджеттен тыс көздердің ақшасы бағытталатыны айтылды.
Бюджеттен тыс қаржы демекші, Президенттің Үндеуінен кейін еліміздегі іскер топтар мен алпауыт компаниялар, жеке бизнес өкілдері тасқын судан зардап шеккен аймақтарға қаражат бөле бастады. Қазір ең көп бағытталған қаржы Владимир Кимнің үлесінде. Оның иелігіндегі – «Қазақмыс», KAZ Minerals, «АлтынАлмас», «Қаражыра» және RBK Bank компанияларынан – 40 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат инфрақұрылымды қалпына келтіруге және әлеуметтік нысандар: балабақша, мектеп, аурухана, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына жұмсалмақ. Бұдан бұрын су тасқыны салдарын жоюға деп KAZ Minerals пен «Қазақмыс» 800 млн теңге, Bank RBK 150 млн теңге аударған болатын.
Кеше Еуразиялық Топтың (ERG) негізін қалаушы-акционерлері де су тасқынының салдарын жоюға қосымша 40 млрд теңге көлемінде көмек көрсететінін хабарлады. Бұған дейін Еуразиялық Топ тасқынға тосқын болуға 500 млн теңге, Еуразиялық банк 450 млн теңге бағыттаған.
Форбс тізіміндегі кәсіпкер Тимур Құлыбаев Атырау облысындағы жағдайды қалпына келтіруге деп 30 млрд теңге бөлді. Одан бөлек, Тимур мен Динара Құлыбаеваларға тиесілі Halyk Bank және «Халық» қайырымдылық қоры 1 млрд теңге аударды.
Kaspi.kz құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарына 20 млрд теңге аударды. Оның алдында Kaspi.kz компаниясы 700 млн теңгені (оның 80 млн теңгесі қазақстандықтар жолдаған қаражат) Biz Birgemiz Qazaqstan қорына аударған.
Ал Ақтөбе облысында судан қиындық көріп жатқандарға Болат Өтемұратов қоры 680 млн теңге жолдады. Кейіннен Өтемұратовтың өзі 10 млрд теңге бөлетінін мәлімдеп, қолда бар ресурстарымен толық көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ BI Group 5 млрд теңге, Нұрлан Смағұлов қоры мен Astana Group компаниясы – 6,1 млрд теңге, кәсіпкерлер Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетовалар –1,2 млрд теңге, Рашид Сәрсенов – 5 млрд теңге, Данияр Абулғазин 1,5 млрд теңге аударды.
InDrive компаниясының негізін салған Арсен Томский 100 мың доллар бөлді. Осындай соманы компанияның өзі жіберді, осылайша барлығы 200 мың доллар болды. Freedom Holding компаниясы – 1 млрд теңге, Allur, QazTehna және Qarmet компаниялары – 500 млн теңге, Jusan Bank – 300 млн теңге, Банк ЦентрКредит 200 млн теңге бөлді. Кейінірек Банк ЦентрКредит акционерлерінің бірі Бақытбек Байсейітов БҚО-да зардап шеккендерге көмекке деп 5,5 млрд теңге бөлетінін айтты.
Көп болып көмек қолын созған істе мұнай-газ компаниялары да қарап қалған жоқ. «Теңізшевроил» компаниясы 2 млрд теңге бөлсе, ТШО-ның бақылаушы акционері – Chevron Corporation зардап шеккен қазақстандықтарға 3 млн доллар (1,3 млрд теңге) бағыттады. Ал «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» 2 млрд теңге аударыпты.
Жалпы алғанда, су тасқыны салдарынан мұнай-газ өнеркәсібі жұмысына да нұқсан келген болатын. Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы 634 ұңғымада мұнай өндіру тоқтатылды. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мұнай өндірудің жалпы шығыны 16 мың тоннаны құраған.
Сонымен қатар PTC Holding компаниясы – 150 млн теңге, Каспий құбыр консорциумы (КТК) – 250 млн теңге, Alageum Electric компаниялар тобы 102 млн теңге бөлген. Одан бөлек, мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар да түрлі деңгейде қаражат аударып жатыр. Бұл сома әлі де артуы мүмкін. Ресми дерекке сүйенсек, зардап шеккендерге қаражат жинау 30 сәуірге дейін жалғасады, барлық жиналған қаражат аймақтарда апаттан қираған үйлер салуға жұмсалады.
2024 жылғы 19 сәуірдегі жағдай бойынша азаматтар мен компаниялардан «Қазақстан халқына» қорына 2,54 млрд теңге жиналған. Қысқасы, қарастырылып жатқан қаражаттан мәселе жоқ. Ендігі жұмыс жылумен жиналған ақшаның есеппен жұмсалғаны, шын мұқтаж жанның қолына жеткені.
Бауыржан БАЗАР