Індет қаупі бар ма?

Биылғы көктемгі тасқын елді біраз әбігерге салып тұрғаны рас. Кейбір ауылдарда тұрғындардың малы мен мүлкі түгел суға кетті.

Тіпті, ен даланы еркін кезген киіктің мыңға жуығы жайылған судың арнасын кесіп өте алмай, суға тұншықты. Қазір сол өлекселерді түгел жинап алу мүмкін болмай тұр. Егер өлекселер дер кезінде жиналып алынбаса, түрлі инфекциялық ауру тарау қаупі төнуі ықтимал.  Бірқатар сарапшылардың пікірі осыған саяды. 

Су тасқынының зардабын есептеп, түгел шығынды қалпына келтіру жұмыс­тары қазірдің өзінде жүзеге асырыла бастады. Кей өңірлерде халық үйлеріне қайта оралып жатса, енді бірі мемлекет ұсынған баспаналарының кілтін алуда. Кеткен шығынның есебі жүргізілуде. 

Бірақ су басқан өңірлерден инфекция таралу қаупі бар екені жасырын емес. Мемлекет бұл жағдайға қаншалықты дайын? Түрлі ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желілер су басқан өңірлерде аса қауіпті сібір жарасының ошақтары бар екенін айтып шулаған еді. 

Елдің енжарлық танытпай, мәселеге ерекше көңіл аударуында үлкен мән бар. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары ресми түрде елімізде аса қауіпті сібір жарасының 10 ошағы қар­ғын судың астында қалғанын мәлімдеді. Одан бөлек, су жайылған аймақтарда түрлі кәріздер мен өзге де эпидемоло­гия­лық қаупі бар орындар, тіпті ескі қорым-молалардың болуы жағдайдың жақсы болмай тұрғанын аңғартады. Ең басты мәселе сол, кезінде аса қауіпті бол­ған жұқпалы инфекциялық аурулар­дың таралып кетпеуін бақылауда ұстау болып отыр. 

«Еліміздің су басқан 3 облысында 10 сібір жарасы ауруының көмілген орны бар. Барлық учаскелерден топырақ сы­намаларын алу үшін ветеринария және медицина мамандарынан тұратын арнайы жұмыс топтары жіберілді. Әрбір сынама бойынша Респуб­ли­калық вете­ри­нариялық зертханада және Ұлттық ветеринариялық референт­тік орталықта ПТР және бак­териологиялық зерттеулер жүр­гізілуде. Зертханалық сараптама қоры­тын­дысы бойынша, сібір жара­сының болуы анықталмады. Яғни, жер бетіне сібір жа­расының спораларының шығуы бол­ған жоқ, эпизоотиялық жағ­дай тұрақты. Сондай-ақ барлық өңір­лерде сібір жа­расы, қарасан, аусыл және бас­қа да аса қауіпті ауруларға қарсы жос­парлы егу жұмыстары белсенді жүр­гі­зіліп жатқа­нын атап өткім келеді», – деді АШМ Ветери­на­рия­лық бақылау және қадағалау коми­тетінің бас сарапшысы Ерлан Тасболатов.

СІБІР ЖАРАСЫ ТАРАЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Жоғарыда атап өткеніміздей, ел аумағындағы су шайған жерлерде сібір жарасының 10 бірдей ошағы қалып қойған. Қазір атқарушы билік қауіпті ауру таралмайды деп сендіріп отыр. Сібір жарасы алдымен малға, одан кейін сол малдың етін не сүтін пайдаланған адам­дарға жұғады-мыс. 

ДСМ Санитариялық-эпидемиоло­гиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаевтың айтуынша, біздің елдегі аталмыш ауру­дың ошағы көбіне тері аурулары арқылы жүреді екен. «Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды. Ол тек жануарлар арқылы ғана таралады. Бізде аталмыш аурудың 3 түрі белгілі. Олар тері ауру­лары, өкпе, ішек аурулары санатында. Егер сібір жарасын жұқтыру фактісі анықталса, дер кезінде емделу керек. Уақыт оздырып алсақ, адам өліміне әкеліп соғады. Сондықтан сақ болған дұрыс. Бір айта кететіні, бұл ауру адамнан адамға берілмейді. Сол себепті ел ара­сын­да байбаламға салынып, дүрлігудің қажеті жоқ. Әзірге аурудың таралу қаупі жоқ», – дейді Жасұлан Алпысбаев.

Маманның сөзіне сенсек, еліміздегі әлгі су астында қалған ауру ошақтары ерекше жағдайда барлық талаптарды орындау арқылы көмілген екен. Сон­дықтан болжам бойынша аурудың таралу қаупі жоқ.

Батыс Қазақстан бойынша су басқан жерлерде сібір жарасының 3 бірдей ошағы қалып отыр. Ветеринария және медицина мамандарынан құралған арнайы жұмыс топтары осы учаскелерден топырақ үлгілерін ұдайы алып бақылау үстінде. Қазіргі жағдай бойынша барлық сынақтар теріс нәтиже көрсетуде. Яғни, топырақ үлгілерінде сібір жара­сының споралары анықталған жоқ.

Еліміздің Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі өңірлерде санитарлық-эпиде­мио­логиялық қызметтің (СЭҚ) жұмысы кү­шейтілген режимге ауыстырылып отыр­­ғанын айтуда. 

– Су тасқыны басталғалы бері 4 мың­нан астам ауызсу сынамасы алынып, санитарлық-химиялық және микробио­логиялық көрсеткіштері бойынша тек­серілген. Судың сапасы мен қауіпсіздігіне зертханалық бақылау нәтижелері бо­йынша жұқпалы аурулардың су арқылы таралу қаупі тіркелмеді, – деп жазды ресми хабарламада министрлік. 

Осы сәуір айының 8-19 күндері Ал­маты мен Қостанай қалаларында қауіпті аурулардың ошақтарын тексеріп, бақы­лауда ұстау бойынша ветеринарларға арналған бес күндік тренингтер өтті. Шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Қазақстан Респуб­лика­сындағы Байланыс және серіктестік кеңсесі ұйымдастырды. Маңызы мол шара дер кезінде ұйымдастырылып отыр. Шараға қатысқан отандық ветери­нарлар назар аударарлық маңызды дүниелерді жадына сақтап, пысықтап алды. Мұн­да мал дәрігерлерінің ауру ошақ­тарын талдау­дағы кәсіби дағ­дыларын нығайту, ве­тери­нариялық-санитария­лық инспек­тор­лардың трансшекаралық аурулармен қоса, онымен күресу әлеуе­тін арттыру басты назарға алынды. 

Аталмыш шараға арнайы қатысқан Ұлыбритания ғалымы, ФАО сарапшылар тобының өкілі Дэвид Патонның айтуын­ша, жұқпалы ауру тараған кезде оны бірден анықтау мүмкін болмайды екен. Әсіресе, сібір жарасы мен аусылды жұқтыруы мүмкін деп күдікке ілінген түліктен қауіпті вирусты анықтау үшін арнайы тексеріс болу керек. «Жұқпалы ауру тараған жағдайда мамандардың да сақ болғаны өте маңыз­ды. Себебі кей жағдайда ауру жұқ­тырған жануармен жұмыс жүргізген мамандар да аусылды не өзге де түрлі вирустарды таратушы болып жатады. Мұндай жағдай тә­жірибеде кездескен. Сондық­тан біз арнайы семинар ұйымдастырып, қауіпті вирустар анықталған жағдайда жергілікті халық пен мамандардың қалай әрекет етуі керектігін пысықта­дық», – дейді сарапшы Дэвид Патон. 

МАЛ ӨЛЕКСЕЛЕРІ ЖАТҚАН СУДАН КЕЛЕР ҚАУІП КӨП

Дәл қазір елдегі жағдай бойынша қанша малдың қырылып қалғаны бел­гісіз. Мал түгілі дала кезген аңның да қызыл судың астында қалғаны шындық. Су қайтып, жер құрғамайынша далада қалған өлексені санап, оған байланысты белгілі бір шара қолдану да қиын екені түсінікті. Дегенмен Үкімет тапсырма­сына сай, арнайы министрлік қолдан келгенше ахуалды бақы­лауда ұстап тұрған сыңайлы. Мәлімет бойынша, өлген мал басы туралы де­рек­тер үнемі жаңартылып жатыр. Соңғы мәліметке сенсек, су шайған өңірлерде 7 035 өлген мал анықталды, олар­дың басым бөлігі ұсақ мал екені ай­тылуда. 

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров БҚО-да мал өлек­селерін жою жұмыстары мен эпизо­о­тиялық жағдайды өзі барып тексерді. Жергілікті жерлерде жұмыс жүргізіп жатқан Республикалық эпизоотиялық жасақ филиалында қажетті құралдың бар-жоғына көз жеткізген министр эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу мақсатында жұмысты жан­дандыруды тапсырған. Дегенмен төрт түлік пен аң-құстар­дың өлексесінен суға түрлі инфекциялар тарауы мүмкін. 

«Ешқандай тәуекел жоқ, қорық­паңыз­дар, жайбарақат отыра беріңіз­дер», – деп айта алмаймыз. Әсіресе, «су алып кеткен жерде заттарым, мал-мүлкім қалып қойыпты», – деп қайта-қайта бара берудің қажеті жоқ. Суға жолауға болмайды. Суды қорғанбай, қолмен ұстау өте қауіпті. Ерекше қажеттілік туындаған жағдайда ғана арнайы киім­мен, резеңке етік, резеңке қолғап кию шарт. Суға малынып кеткен азық-түлікті мүлде пайдалануға бол­майды. Өйткені ол суға малдардың өлекселері, түрлі қалдықтар, лас дүниелер араласқан. Сондықтан түрлі инфекциялық аурулар пайда болуы мүмкін», – деді Санита­рия­лық-эпидемиологиялық бақылау коми­тетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.

Су алған аймақтарда өлген малдың басын анықтау біршама қиынға түскен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бағалаушы мамандар суға тұншыққан малды санап шығу үшін ауылдарды ара­лап, арнайы акт жасап жүрген көрінеді. Бірақ ауыл-ауылды кезіп жүрген маман­дарды күтіп, өлген малын қора шетіне жинап қойып отырған халықтың дегбірі қаша бастаған. Себебі мамандар келем дегенше, мал өлекселері бүлініп кетуі мүмкін. Акт жасаушы сарапшылар са­нын арттырып, жұмысты жылдамдат­паса, өлексе өздігінен бүлініп, ауру тарап кетуі мүмкін деп қауіптеніп отыр олар. 

Ақтөбе облысындағы Берсиев ауыл­дық округінде тұрғындар қорадағы малдың ешбірін құтқара алмай қалғанын айтып отыр. «Берсиев халқы тек малмен күн көріп отыр. Ел малсыз қалды. Бірін­ші жанымыз аман қалса болды деп ойладық. Жан қалғаннан кейін мал керек екен. Кредит алып, мал бағып отыр­ған халық та бар. Солардың бәрі өн­діріліп, барлығын аяғынан тұрғызса. Біз­дің басты өтініш сол, өлген малы­мызды тездетіп санап, өлексенің көзін жойсақ», – дейді ауыл тұрғыны Ермекбай Оразғалиев. 

Сан-эпид бақылау мекемелерінің дерегінше, сел мен су тасқыны кезеңінде ағын судың сапасы өте төмен болып кетеді екен. Яғни, өзен арналары мен тоғандарда, көлдерде микробтық және вирустық ластану деңгейі артады. Сон­дықтан А вирустық гепатиті, ішек ин­фекциялары, асқазан өт жолдарының аурулары сияқты жұқпалы аурулар пайда болуы мүмкін екен. Эпидемиологтер ауру­дың алдын алу үшін арнайы құты­дағы суды, жарамдылық мерзімі ұзар­тыл­ған азық-түлікті пайдалану керек­тігін айтады.

Батыс Қазақстанда киіктердің көп мөлшерде тасқын суға тұншығып қыры­лып қалғаны белгілі болды. «Уральская неделя» басылымының жазуынша, 12 сәуірде Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылының тұрғындары бір мыңнан астам киіктің қырылғанын хабарлаған. Қазір бұл жерге «Охотзоопром» РМК қызмет­кер­лері келіп тиісті жұмыстарды жүр­гізуде. 

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың айтуынша, Мұрат­­сай су қоймасынан 12 сәуірде 1 мыңнан астам киіктің өлексесі табыл­ған. «Сәуір айында осы Мұратсай ауылының тұсы­мен киіктер Жәнібек ауданына қарай төлдеу үшін өтеді. Әлсіз болса керек, әлде бірін-бірі тапап кетуі де мүмкін. Киіктің мұнша көлемде қырылып қалуы қиын жағдай болып отыр. Әзірге себебі белгісіз. Қазіргі кезде «Охотзоопром» мекемесі, «Бөкейор­дасы» табиғи резер­ваты, аудан және ауыл әкімдігі қызмет­керлері, вете­ри­нар мамандар судан өлекселерді шы­ға­рып, көму жұмыстарын жүргізуде. Жағ­дайды анықтау үшін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен ғалымдар да келді. Аудандық санитар­лық-эпиде­миоло­гиялық басқарма қыз­меткерлері судан сынама алды. Қазір жағдай бақы­лауы­мызда», – деді Н.Даумов.

Судағы киік өлекселерін шығару жұ­мысына жергілікті тұрғындар да тар­тыл­ған. Қазір суда өлкесе жоқ. Енді жағадағы қамыс пен тал түптерін ар­найы тексеріп, бақылау жұмыстары жүргізіле бастады. 

Ғалымдардың пайымдауынша, сібір жарасынан өзге де аурулармен ауырған малдардың қорымы аса қауіпті екені рас. Бір ғана сібір жарасының ауру қоздыр­ғыш таяқшалары 20-40 жылға дейін то­пырақ астында тірі болады екен. Сон­дық­тан жұқпалы ауру жұқтырған жануар­­ларды жоюдан бөлек, ол қорым ар­найы бетонмен қоршау жасалып, эпидемиоло­гиялық маңызды объек­тілер ретінде бақылауда ұстап тұра­ды екен. Біздегі ауру ошақтары талапға сай болғандықтан әзірге қауіп байқал­маған. 

Бердібек ҚАБАЙ