Астанада 2024 жылы дүбірлі сайыс – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетіні спортшыларды ғана емес, бұқара халықты да қуантып, құлшындырып отыр. Енді ше? Ұлттық спорт – тарихымызды танып, салт-дәстүрімізді білуге, ұл-қыздарымыздың бойына қайсарлық пен табандылық қасиеттерін сіңіріп, жауынгерлік рухымызды сақтауға жетелейтін бастаулардың бірі. Спорттың ұлттық бағыттарын дамыту қолға алынғалы бері кеңестік кезеңде бәсеңсіп қалған рухтың жанданып, өрши түскені де түрлі аудиторияларда айтылып жүр. Сондықтан жылқы тұяғының дүбірі, көкпаршылардың қиқуы естілсе, делебесі қозатын қазақ баласының бұл жаңалыққа қуануы, ұлттық спортқа қызығушылық танытуы, осы тақырыпқа зейін қоюы да заңды.
Мені Кая Мазневамен таныстырған да осы қызығушылық. Оның ел ішінде де, басқа мемлекеттерде де садақ атудың классикалық түрлерінен емес, қазаққа тән түрлері – дәстүрлі садақ ату мен жамбы атудан жеңімпаз атанып жүруі назарымды аударды. Сүйсінтті.
Ежелгі замандарда ел іргесінің бекемдігі үшін аттан түспеген қазақтың қолындағы бес қарудың бірі – садақ. Қандай жорықта, шайқаста, кейіннен аң аулау мен саятшылықта сайыпқыран садақшының бәсі биік болған. Дәуір ауысып, мергендікті танытатын атыс қарулары да өзгергенде, қазақ үшін баға жетпес құндылық саналған садақ ату өнерінің де бағзы танымалдығы азая түскен. Міне, енді Кая сияқты чемпиондардың өнегесімен, ғасырлар қойнауында қалып кетті-ау деп жүрген садақ атуға ұл-қыздарымыз бет бұрып жатыр. Солардың біреуі менің чемпион садақшымен танысуыма себепші болды. Оның аты-жөні – Жақсылық Аяулым, қарағандылық нәп-нәзік жасөспірім. Ниетің жақсы болса, ойың оңға басады деген осы шығар, бір іс-шарада кездейсоқ көрдім. Садақ атып үйреніп жүр екен. Және кімнен дейсіз ғой – тап мен сырттай сүйсініп жүрген Кая Мазневадан! Осылай жолға шықтым.
ЕЖЕЛГІ ӨНЕРІМІЗДІҢ ЖАҢҒЫРУЫ
Университетте ежелгі әдебиеттен дәріс оқыған ұстазымыз әңгімені әріден бастайтын. Оқу бағдарламасындағы Орхон-Енисей жазбаларының сыртында жартастарға түскен суреттерге кеңінен тоқтала келіп, бізге «Құпияларыңды ешкім білмеуі үшін күнделіктеріңді сол жазумен жазыңдар» деп әзілдеген. Содан кейін ішімізде ол жазуды игеріп, өзара хат жазысып жүргендер де болған.
Көне жазуға ойын сияқты қараған бізге ұстазымыз тастағы жазулар сол дәуірдің тыныс-тіршілігінен хабар беретіні, тіпті қазіргі заман адамына жолданған белгілі бір ақпарат деп қарау керектігін де ескерткен. Ол көрсеткен суреттерінен Жетісу өңіріндегі «Тамғалы тас», Түркістан облысындағы қола дәуірінен бері сақталып келіп жатқан таңбалы тастар, Бетпақдаладағы, Маңғыстау ойпаты мен Үстірттегі, Баянжүрек, Келіншектау, тағы басқа өңірлердегі петроглифтердегі зооморфтық бейнелердің ішінен біздің халыққа тән нәрселерді табуға болатынына таңғалдық.
Солардың бірі – садақ кезенген адам бейнесі. Осыдан 3-4 жыл бұрын Бетпақдаланы шарлап қайтқан саяхатшылар Мойынты маңында кездесетін петроглифтерде киіктерге садақ кезеген адам бейнеленгенін айтып келді. Яғни, бұл қаруды ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейінірек соғыс ісінде қару ретінде қолданған. Батырлар жырларында тұлпар мінген жаужүрек батырлардың, сұлу қыздардың қорамсаққа қол салып, жебе кезеген суреттері салынған. Бұлар ең көне жауынгерлік қарудың бір түрі саналатын садақтың пайда болып, қолданыла бастауына қазақтың да қатысы бар екендігіне дәлел болса керек.
Тағы бір мысал ретінде оқытушымыз тастарға қашалып түскен ру таңбалары сол ата балаларына сипаттама береді дей келіп, адай руының таңбасын көрсеткен. Онда ат үстінде садақ ұстап отырған адам бейнеленген екен. Адайларды өр, намысшыл, батыл, жаужүрек етіп көрсететін әдеби туындылар да жеткілікті. Міне, сонау студент кезде естіген ақпарат осы мақаланы жазу кезінде еске түсті. Шындығында, ол рудың таңбасында садақтың бейнеленуі де бұл қарудың ежелден қазаққа серік болғанын білдіреді емес пе?
Сондықтан садақ ату өнерінің ұлттық спорт түрлерінің бірі ретінде дамуы – ежелгі тарихымыздың бейбіт күндегі жаңғыруы, бұл – бір.
Екіншіден, садақ ату – қазақ халқының ұл мен қызға бірдей қараған салтын көрсететін өнер. Жаугершілік заманда әр қазақтың аты белдеуде, бес қаруы керегенің басына ілулі болған. Осы бес қарудың бірі – садақты ерлер ғана емес, әйелдер де тарта білген. Бұған да мысалдарды тарихи жазбалардан, батырлар жырларынан көптеп келтіруге болады.
Үшіншіден, уақыт өте мергендер қаруы заман талабына сай жетілдірілген кезде де қыздар оны ерлермен қатарласа қолданған. Ежелде дұшпаннан қорғану мен аң аулаудың басты құралы садақ болса, Екінші дүниежүзілік соғыста мерген қыздар қолға винтовка алып, талай жауды жайратты. Тіпті, Мәскеу түбіндегі Подольск қаласындағы Орталық мерген қыздар мектебінен шыққан атқыштар қатарында Кеңес Одағының Батыры Ә.Мол-дағұлова мен көпшілікке аттары Әлиядай танымал болмаса да, Мәлика Тоқтамышева, Әлима Ғабдушева және Мүслима Қожахметова есімді апаларымыз асқан ерлікпен күрескен.
Соғыстан кейін өткен түрлі деңгейдегі спорттық сайыстарда мергендік өнер пневматикалық қарумен және садақ атумен сынала бастады. Бірақ ол кезде Қазақстан тәуелсіз мемлекет болмағандықтан, қазақ спортшыларының жеңіс тұғырына шығуы түрлі кедергілерге тап болғаны туралы естеліктер баршылық. Солардың біреуі туралы қазақ тіліндегі тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратайұлы былай деп жазыпты: «Гүлшат Майлыбаеваның аты 60-шы жылдардың басында шыққан еді. Ол өз кезінде винтовкадан ату бойынша 600 мүмкіндіктен 600 ұпай жинаған. Алайда КСРО кезінде бұл спортшыны талай рет аяғынан шалған еді. Сөз жоқ, Гүлшат КСРО-дағы 50 миллион мұсылман халқының ішінде ең алғашқы мерген қыз болған-ды».
Бүгінде тәуелсіз Қазақстан атынан сайысқа түсіп, көк туымызды желбіретіп жүрген Кая Мазнева – Гүлшат Майлыбаеваның лайықты ізбасары. Және оның жетістіктерін садақ атудың ұлттық спорттың бір түріне айналуына қосылған лайықты үлес деп бағалауға болады. Осылайша, қару ретіндегі қызметін тарих қойнауында қалдырған садақтың екінші тынысы ашылып, ұлттық спорттың мергендікті сынайтын түрі болып жаңғырды.
САДАҚШЫ ҚЫЗҒА ТАҒЗЫМ
Осыдан біраз жыл бұрын географиялық-археологиялық тақырыпқа арналған жиында ілеспе аударма жасап отырып, қызық ақпарат естідім. Баяндамашы Шығыс Қазақстан облысындағы тау шатқалын «Жәнделі қыз сайы» деп атады және оның тарихта болған батыр, садақшы қыз екендігі туралы ақпарат бере кетті. Қызығып, іздестіргеніммен, көп ақпарат таба алмадым.
Тек Qazaqstan tarihy порталында Жәнделінің 1867 жылдары елге баса-көктеп кіріп, осы сай арқылы Зайсан көліне өтпекші болған манчжурларға қарсы күресте қаза тапқаны туралы мәлімет бар екен. Ақпаратқа қоса берілген суретте садағын кере тартып тұрған әдемі қыз бейнеленген. Кейіннен сайға баратын жолда да садағын қолға ұстаған қызға шағын ескерткіш қойылыпты. Тарихқа тағзым сияқты...
Қарағандыдағы «Қайрат» ұлттық спорт клубының садақшылар секциясындағы талдырмаш қыздарға қарап отырып, олардың садақты бейбіт мақсатта пайдаланатыны қандай жақсы деген ой келген.
ЖАЛЫҚПАҒАН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ БОЛАДЫ...
Біз онда барғанда Кая Георгиевна Мазнева тәрбиеленушілердің денесін қыздыруға арналған түрлі жаттығулар жасатып жатыр екен. Сырттай қараған, бұл спорттан бейхабар адамға кейбір жаттығу соншалықты маңызды емес болып көрінуі мүмкін. Мысалы, садақшылар созылуы қиын резеңкелерді құлаштарын кере тартуы керек екен. Қызық үшін біз де талпынып көрдік. Жасөспірімдер серпілте тартып жатқан резеңкеге күшіміз жетпеді.
«Ал енді мынаны тартып көріңізші», – деді Кая садағын ұсынып. Садақтың иілген екі ұшына бекітілген адырнаны кере тарту анау-мынау адамның қолынан келе бермейтініне де көзіміз жетті. Ал жаңағы резеңкені созып жатқан балалардың тартқан жебелері зу-зу етіп, анадайдағы нысанаға қадалып жатты.
Оқушы балалар жаттығу садақтарымен дайындалатын көрінеді. Олардың тартылу күші 15-20 келі, ал ересектерге арналған садақтардікі 25-28 келі, болатынын да осы жерде білдік. Үлкен жарыстар алдында әр қатысушының садағы арнайы тексеруден өткізіліп, тиісті белгі жапсырылады екен. Кая Мазневаның садағындағы дөңгелек мөр сияқты таңбалардың сыры енді түсінікті болды.
Балалардың бұл спортқа деген ынтасын арттыру мақсатында клуб басшылары мен жаттықтырушылар жас мергендерді түрлі іс-шараларға қатыстырып, көтермелеп отырады. Жаңадан келген баланың меселі қайтып қалмауы үшін әуелі 10 метрден атқызады. Әрі қарай нысана мен садақ атушының ара қашықтығы 15, 20, 30 метр болып ұзара береді.
Клубқа келіп, садақ атуды үйренемін деген балалардың жасына, санына шек қойылмайды, ең бастысы ынтасы болуы керек. Сондай-ақ ешқайсысын ерекшелеп, «қолайлы» жағдай жасалмайды: қораны тазалау да, жүйрігінің жем-суын беру де ат иесінің мойнында. Және балалардың өздері де бұл жұмыстан қашпай, ықыласпен атқаратынын айтты бізге. «Бала мейірімді болып өссін десең, оны күшік пен мысыққа, басқа да жан-жануарға үйір етіп өсір» дегенді оқығаным еске түсті.
«Садақ ату жебенің ұшуын дәл есептеуді, көздеу әдістерін меңгеруді, ой және дене дайындығын талап етеді, – деді Кая бізбен әңгімесінде. – Яғни, мерген болу үшін математикадан жүйрік, қолың қарулы, денсаулығың, соның ішінде көру қабілетің жақсы, өзіңді игеруің мықты болуы керек».
«Жалпы, садақ атудың бұғанасы беки бастаған балалардың денсаулығына пайдасы өте зор. Жауырынын, иығын, арқасын тік ұстау керектігі баланың мүсіні әдемі болуына тікелей әсер етеді. Садақты көтеріп, нысананы көздегенде қолың, көзіңмен қоса, ағзадағы барлық бұлшық еттер жиырылып, жұмылып, жұмыс істеуге кіріседі, – деп жалғастырды ол. – Сондай-ақ нысана көздеу интуициялық деңгейде баланы, жастарды көздеген мақсатына жетуге талпындырып, бойында табандылық, жігерлілік қасиеттерін қалыптастырады деп ойлаймын».
Каяның сөздерін бұл саланы бес саусақтай білетін маман, садақ пен жебе жайында, құралайды көзге атқан садақшы мергендер туралы Түркі елінің садақшы, этнографы Ирфан Гүрдәл былай дамытыпты: «Балуан, алып күштің иесі болу аса қиын емес, оны жаттыққан, денсаулығы мықты кез келген адам меңгере алады. Бірақ сол балуан, сол батыр эмоциясын ұстай алмайтын ашушаң адам болып шығуы мүмкін. Тек мерген ғана сабырсыз, төзімсіз болмайды. Ондай болуы мүмкін емес. Өйткені аттың үстінде шауып келе жатып, жауға жайдың оғын дөп тигізу миының бүкіл бөлігі жұмыс істейтін, эмоциясын уысында ұстай алатын мыңнан бір кісінің, рухы мықты садақшы мергендердің ғана қолынан келеді».
«ТАРТПАЙ ҚОЙМАС НЕГІЗГЕ...»
Садақ ату, жамбы ату жарыстары туралы әңгімелегенде Каяның көзі жайнап, жүзі алаулап, ерекше күйге енеді екен. Қазақтың ежелгі өнерін де, жаттықтырушылық қызметін де жақсы көретіні бірден байқалады. Үстінен ұлттық киімді тастамайтыны, ауызекі әңгімеде «біздің қазақтар», «қазақ командасы» деп сөйлейтіні де ұнағанын жасырмаймын.
Былай қарағанда көзі көк, түрі бөлек Каяның қазақтың ұлттық спортына – қыз қууға, садақ атуға, жамбы атуға неге құмар болғанын білгіміз келгені рас. Сөйтсек, себептің түптамыры үлкен әжесінде жатыр екен. Ол – саяси қуғын-сүргіннің көп құрбанының бірі, нәубет жылдары Еділ бойынан ауып кеп, қазақ жерінен пана тауыпты. Ал оның қызы, қазір Каяның қолында тұратын әжесі, жасы 80-нен асқан Любовь Анатольевна Қарағанды түбіндегі қазақ ауылында дүниеге келген. «Өзіміз де қазақ болып кеткенбіз. Мені тіпті әке-шешем қазақтың салтымен әжеме берген. Ата-анамның тұңғышымын ғой, – дейді күліп. – Ауылда өскен соң малға үйірсек болдық, ал жылқы деген ғажап жануар ғой. Кейде мен оларды адамнан да ақылды ма деп қалам».
Жасы онға толған кезде әке-шешесі Каяны қыдыртып, қала сыртындағы ескі әуежай алаңына алып барады. Онда әлдебір жарыс па, жаттығулар ма өтіп жатыр екен. Ойнақшыған аттарға көзі түскен қыз қатты қызығып, мінгісі келеді. Бірақ құлап қалады деп қорыққан әке-шешесі рұқсат етпейді. Келесі күні Кая әжесі Любаны көндіріп, алаңға қайта барады. «Тағдыр деген сол шығар, сөйтсем, онда ұлттық ат спорты мектебінің шәкірттері жаттығады екен, – деп еске алды Кая. – Сол жерде алғашқы жаттықтырушым Төлеген Әбдікәрімұлымен таныстым».
Бұл мектепке келетіндер ат спортымен шұғылдану түгі жылт-жылт еткен атқа мініп, алаңға шығу емес, ол атты күту, үстін тазалау, жем-суын уақытылы беру сияқты жұмыстардан басталатынын жақсы біледі. Текті жануар өзіне кімнің қалай қарайтынын сезетінін, жақтырмаған адамына жүген, ер-тоқым салдырмайтынын да алғаш Төлеген ағайынан естіген. Қазір өз тәрбиеленушілеріне де соны айтады. Негізінен, бұл жануармен түсініскендерге ерекше сезім атты тізгіндеп, ерге қонған адамның өзі де биіктей түсетінін сезіну бақыты бұйырған.
Өсе келе, жаттықтырушы Саят Әбдіғалидің тобына алынды. Каяның нағыз спортшылық өмірі, міне, осы кезден басталды деуге болады. Жаттықтырушы алдымен өзі қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы айтып, шәкірттеріне әрі қарай зерделеу туралы тапсырма берді. Кая кітап ақтарып, үлкен кісілерге сұрақ қоюға барып, ыстық бауырсақ жеп жүрген сол күндерді қуана әрі сағына еске алады. Нәтижесінде, Наурыз мерекесіне арналған ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыста «Қыз қууға» қатысты. Міне, содан кейін оның қазақ ұлттық спортындағы сара жолы басталды.
«НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕУ КЕРЕК!»
Қазір Кая Мазнева – аты қазақстандықтарға ғана емес, сырт елдердегі жанкүйерлерге де танымал садақшы. Оның жетістіктері туралы отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатады. Мысалы, былтыр «Садақ атудан ашық республикалық турнирде Кая Мазнева садақ атуда үздік атанып, I орынға ие болды», – деп жазды.
«Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған садақ атудан Халықаралық турнирде жебесі желмен жарысқан қарағандылық Кая Мазнева үздік атанды», – деп сүйіншіледі тағы да.
«Жамбы атуда Мая Казнева алдына жан салмады», – деді спорт комментаторы. Басқа елден келген садақшылар дәстүрлі аралас атыс, компаунд атыс, классикалық атыс түрлерінен жеңіске жетіп жатса, бізді Кая Мазневаның нағыз қазақша түрі – жамбы атудан бас жүлдені қанжығалағаны сүйсінтті.
Ол еңбек жолын да өзі үшін үлкен құндылықтардың түйіскен жерінен таңдапты. Өмірінде мұғалім болған әжесі сияқты балалармен жұмыс істеуге және өзін сол халықтың бөлшегі санайтын қазақтың ұлттық спортын дамытуға арнаймын деп шешті. Қазір ол – беделі биік турнирлерде Қазақстан туын көтеріп жүрген спортшы ғана емес, осы спорт болашағын ойлап, Қарағандыдағы «Қайрат» ұлттық спорт мектебінде «Жамбы ату», «Дәстүрлі садақ атудан» шәкірттер дайындап жүрген тәлімгер.
Кая – шәкірттерін өз өнегесімен тәрбиелейтін жаттықтырушы. Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды, құрама командаға алынды. Жыл басында Малайзияда өткен іріктеу жарыстарына қатысып қайтты, онда да жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Ендігі мақсаты тіпті биік – Көшпенділер ойынында жеңіске жету.
Тәлімгерінің осындай өнегесімен өсіп келе жатқан шәкірттері де осал емес. Елімізде жыл сайын ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында садақ атудан, жамбы атудан өткізілетін облыстық, республикалық біріншіліктерде бақ сынап, көңіл тоғайтатын нәтижелер көрсетуде. Кая, әсіресе спорт шеберлігіне кандидаттың нормасын орындаған үш шәкіртін мақтан етіп, болашағына үміт артады.
Черников Никита республикалық сайыстарда «Жамбы ату» және «Садақ атудан» бірнеше дүркін жүлдегер болды, Монғолияда өткен әлем кубогінің қола жүлдегері. Ни Юлия – «Садақ атудан» Қазақстан чемпионы, «Жамбы атудан» бірнеше дүркін жүлдегер. Асланова Әмина – республикалық жарыстарда «Садақ атудан» үш рет жүлдегер атанды.
Шәкірттерін биік тұғырдан көргенде ерекше толқиды, еңбегінің зая кетпегенін сезініп, арқалана түседі. «Осындайда ұстаздарымды есіме алып, мені «ащы терімді» алып жаттықтырғаны, жеңістерге жігерлендіргені үшін іштей мың алғыс айтамын, – дейді Кая. – Олардың еңбегін осындай шәкірттер тәрбиелеу арқылы өтейтін сияқтымын».
Қоштасарда Көшпенділер ойынына дайындығы туралы сұрадым.
Кая бұл сұраққа іштей дайын сияқты, жауабы нық шықты: «Іріктеу ойындарындағы көрсеткішім өте жақсы. Енді алдымызда бір-ақ жол – намысты қолдан бермеу керек!»
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Астана–Қарағанды