Қазақстандық "Барыс" Құрлықтық хоккей лигасы плэй-офф кезеңінің төртінші матчінде магнитогорскілік "Металлургті" жеңді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Шығыс конференциясының 1/4 финалындағы ойын ресейлік клубтың айдынында өткен, матч қонақтардың пайдасына 2:0 есебімен аяқталды. "Барыс" 20-минутта алға шықты. Финляндия құрамасы сапында әлем чемпионы атанған Атте Охтамааның пасынан кейін қазақстандық форвард Антон Сагадеев көзге түсті.
"Барыс" матчтың соңына таман есепті еселеді. 56-минутта форвард Дастин Бойд шайба салды.
Осылайша, "Барыс" төрт жеңіске дейін өтетін серияда 3:1 есебімен алда тұр. Енді бесінші матч 9 наурызда Нұр-Сұлтанда өтеді. Елордалық клуб жеңіске жетсе, Гагарин кубогының екінші кезеңіне шығады.