Дәлірек айтсақ, осыдан тура 29 жыл бұрын 1995 жылы 23 сәуірде ЮНЕСКО-ның шешімімен халықаралық кітап және авторлық құқық күні болып белгіленді. Әрине, елімізде қазір кітап нарығы біртіндеп жолға қойылып, өз алдына дамып келеді. Тіпті әлемдік шедеврлерді аударып, қазақ оқырманына кеңінен насихаттап жүрген баспалар да жетерлік. Соның бірі – Steppe&World баспа үйі.
Аталмыш баспа үйі күні бүгінге дейін 130-дан астам кітап шығарып үлгерген. Сонымен қатар оның сексен пайызы – балалар әдебиеті. Steppe&World баспа үйі әлемнің ең таңдаулы кітаптарын оқырман қауымға тұрақты түрде ұсынып келеді. Қазіргі таңда Қазақстандағы ең ірі кітап дүкендерімен жұмыс істейді. Елдегі кітап көрмелерінің бәріне қатысып та жүр. Баспа үйі басшысының сөзінше, жыл сайын Франкфурт халықаралық кітап көрмесіне, Балониядағы халықаралық балаларға арналған кітаптар көрмесіне де қатысады.
Ендеше мерекеге орай құрылғанына бес жылдай уақыт болған Steppe&World баспа үйінің директоры Раиса Сайран Қадырмен сұхбаттасып, қазіргі қазақ қоғамындағы кітапқа қатысты кейбір мәселені талқылап көрдік.
- Баспа ісі қазір Қазақстанда қалай дамып жатыр? Оның келешегін немен байланыстырасыз?
– Кейінгі бес жылда еліміздегі баспа ісі қарқынды дамып келе жатыр. Мәселен, кеше ғана болған «Astana Eurasian Book Fair – 2024» VII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатыстық. Сол көрмеде де халықтың ықыласын, баспагерлердің жай-күйін аңдадық. Бүгінгі қазақ оқырманы қай баспадан қандай кітаптар шығып жатыр, қай кітапты оқуға болады деген секілді дүниелерді біледі. Және көрмеге келгендердің осыдан бес-он жыл бұрынғыдай емес, іздегенін тапқанына, таңдау мүмкіндігі көбейгеніне ырза болып жүргендерін де көрдік. Бірақ мойындауымыз керек, әлі әлемдегі кітапты жақсы оқитын елдердің деңгейінен тым төменбіз, орта шеніне де жете қойғанымыз жоқ. Өйткені әлемдегі үздік туындыларды шығарып жатқан баспалар саусақпен санарлық қана. Дегенмен мемлекетке алақан жайып қарап отырмай-ақ, жұмысын табанды түрде жүргізіп жатқан сол саны аз, шағын баспалардың өзі көңіл қуантады. Әрине, мемлекеттік органдарға жақын жүретін, ол жақтың ісін жақсы түсініп, жан-жақтан жол тауып, қолдау тауып шығарып жатқандар да бар. Олардың ісіне де сәттілік тілеймін, өйткені сол баспалар да қазақша контентті көбейтіп жатыр. Яғни оқырман кітаптан таршылық көрмеуі керек, не оқығысы келсе, соның қолжетімді болғаны жақсы. Жоғарыда айттым ғой, көп кітап көргенге көңілі өсіп, риза болып жүрген оқырмандарды көрдік, десе де қазақша кітап шығып жатыр дегенге таңғала қарағандар да көп болды. Олар балаларына тек орысша кітап сатып алып беріп жүрді. «Әттеген-айы, балаларымыз қазақша түсінбейді» деп, қазақша кітапты жорта алып бермейтін ата-аналарды да көрдік. Әрине, кітап нарығы енді қалыптасып келе жатқан әр қоғамда осындай мәселелер болады, мұны жолға қою үшін бізге әлі он жылдай уақыт керек шығар...
- Бүгінгі қазақ қоғамында қандай бағыттағы кітаптарға сұраныс жоғары?
– Қазіргі таңда қазақ қоғамында ғана емес, дүниежүзінде өзін-өзі дамыту бағытындағы, яғни психология мен бизнеске қатысты кітаптар өте өтімді, сұранысы жоғары. Кешегі пандемия адамдардың жанына қатты әсер етті, ауыр соққы болды. Бұған әлеуметтік дағдарысты қосыңыз. Адам – адам болған соң, бай болсам, бақытты болсам, жаным тыныш болса дейді. Өмір сүріп жатқан ортасы, қоғамы осыған жағдай жасап бере алмаса, мұның бәріне адамның өзі ұмтылады. Ал әлемде осы екі бағыттағы кітаптар өте көп. Қазақстанда мұның қаншалықты деңгейде екенін білмеймін, бірақ Еуропада, әсіресе Скандинавия елдерінде детектив, хоррор жанрындағы кітаптарды жақсы көріп оқиды. Бұлай болатыны, ол жақта анау айтқандай интрига, дағдарыс, жалпы стресс жоқ. Сол себепті олар детектив секілді дүниелерді талап етіп тұрады. Бұл – бір. Екіншіден, детектив адамның ойлау қабілетін, жұмбақтың шешімін табу, мәселенің түпкі себебін іздеу секілді қасиеттердің дамуына жақсы ықпал етеді. Қазақ оқырмандары осы детектив, хоррор жанрындағы кітаптарға сусап отыр ғой деп ойлаймын. Тағы бір байқағаным – махаббат тақырыбында жазылған заманауи көркем шығармалар жоқтың қасы. Бүгінгі өмірді білетін, түсінетін, сезінетін заманауи жазушылар осы тақырыпты өзек еткен жаңа шығарма жазса, сатылымы жақсы болатын секілді. Бұл сөзіме қайта-қайта басылып шығып жатқан классик жазушылардың осы тақырыптағы кітаптары дәлел.
- Кітап оқу мәдениетін тұрақты қылу үшін не істеу қажет?
– Мұны отбасы мен мектептен бастауымыз керек. Бұл жерде ата-ананың балаға кітап оқыту рөлі өте зор. Ата-аналар балаларына кітап оқып беруі не бірге оқуы керек. Ал ұстаздар мектепте балаларға кітап оқудың маңызын түсіндіріп, апта сайын жаңа кітап оқытуы, талдауы қажет. Не түрлі қойылым қойғызып, кітап авторларымен кездесу өткізіп, сурет салдырып деген секілді, кітапқа қатысты іс-шараларды жиі ұйымдастыруы керек. Бұл – ұзақмерзімді жұмыс. Әрі бұл – кейінгі 30 жылда тіпті тұралап қалған шаруа. Кітапты да, кітап оқу мәдениетін де көбірек насихаттап, әсіресе қазақша контентті үздіксіз шығара беру де кітап оқу мәдениетін тұрақты қылуға көмектеседі ғой деп ойлаймын.
- Кітап оқу мәдениетінен айырылған қоғамды қалай елестетесіз?
– Қараңғы, жемқор қоғам, бір-бірін құрметтемейтін, өтірікке сенетін адамдар, әлемнен оқшауланған, қорқақ қоғам көз алдыма келе қалды.
- Әр қазақ оқыса ғой дейтін санаулы кітаптарыңыз бар ма? (кез келген жанрдан)
– Әр қазақ, біріншіден, фольклордан бастап, ақын-жырауларды, кейінгі 100-150 жыл шамасында жазылған туындылардың бәрін оқуы керек. Екіншіден, Нобель сыйлығын алған шығармаларды немесе сол сыйлықты алған авторлардың ең үздік туындыларының бәрін оқуы қажет. Одан кейін балалар әдебиетін де жақсы оқыса деймін. Мүмкіндік болса түпнұсқадан, болмаса қазақша аудармасын оқыңыздар. Мұның бәрі әлемдік трендтен қалмау үшін керек. Өйткені біздің елімізге әлемде шығып жатқан жақсы кітаптар өте кеш және Ресей арқылы келді. Яғни әлемдік тренд әуелі Ресейге жетіп, олар біздің аузымызға шайнап салып берді. Демек орысшадан аударылған кітаптарда, мойындасақ та, мойындамасақ та, Ресейдің «дәмі» болды. Әлемдік трендке тікелей шыға алмадық. Қазір бірте-бірте бұл олқылықтың орны толып келеді.
- Уақытыңызды бөліп, сұрағыма жауап бергеніңізге көп рақмет!