Мемлекеттік білім беру грантына қатысты қабылданған шешімдер туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Аралбайұлы айтып берді.
«Су басқан аймақтарда болып, елмен жүздесіп қайтқандағы көтерген бірінші мәселем – оқушыларға білім беруге қатысты дүние. Сол аймақтарда баланың барлығы онлайн оқуы мүмкін емес екенін айттым. Оқушыларға тиісті жағдай жасалмаған, үлкені де, кішісі де, бір жерде жатыр. Сондықтан 9-сынып оқушыларын мемлекеттік емтиханнан босату керек деген ұсыныс айттық», – дейді ол.
Мәжіліс депутатының сөзінше, алда болатын емтихан сұрағы, талабы бәріне бірдей болғанымен, апат аймағындағы балалардың оқу бағдарламасын меңгеру деңгейі әртүрлі. Осыған орай, халық қалаулылары көтерген мәселе ескеріліп, Премьер-Министр О.Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне тиісті тапсырма берген.
«Біздің ресми хатымыздан кейін су астында қалған өңірлердегі барлық мектептен емтихандар алынып тасталды. Екіншіден, Оралға барғанда балаларды эвакуациялық пункттерге жатқызбай, мүмкіндік болса лагерьлерге орналастыру керек екенін айттық. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балабақша мен мектепалды даярлық сыныптарын қосқандағы 3 000-дай оқушы мен 600-дей мұғалім эвакуациялық аймақта қалғанын хабарлады. Осы балаларды «Балдаурен» сияқты лагерьге орналастырып, психологиялық көмек көрсетіп, денсаулығына қарау керек. Сол талабымыз да ескерілді. Бірақ «Балдауренге» баланың барлығы сыймайды. Сондықтан қазір бүкіл аймақтағы лагерьлердің барлығы сол балаларды қамтып, жатқызу мәселесімен айналысып жатыр», – деді Н.Сәрсенғалиев.
«AMANAT» фракциясының мүшелері бастамашы болған үшінші мәселе –волонтер-студенттердің талабы. Орал қаласында тасқын зардабын жоюға көмектесіп жүрген ерікті жастар практикаларының тоқтап тұрғанын жеткізген. «Олар ертең баға қойылмай қала ма?» деген қаупін айтты. Дереу Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловқа хабарласқанымда Оралға ұшып келді. Екінші күні студенттермен кездесіп, нәтижесінде талап ескерілді. Студенттер апат жағдайында қанша күн волонтерлік қызметте болса, сонша күн практикадан өтті деп есептелетін болды. Төртіншіден, онлайн оқуға көшкен балалар тиісті білім ала алмай жатыр, диплом алатын жастарда дұрыс дайындық жоқ. Оқушылардың оқу бағдарламасын жүйелі меңгеруі үшін волонтерлердің орны ауысып отыратын болды. Сол кездегі есеп бойынша, 18-24 сәуір аралығында су келеді деген болжам болды. Соған сәйкес, 4-курс студенттерінің дипломын қорғау жұмысын екі аптаға шегерту туралы шешім қабылданды», – дейді депутат. Сондай-ақ арнайы емтихан тапсырған кезде берілетін әлеуметтік балл волонтерлердің барлығына қосымша берілетін болып шешілген. Осылайша, студенттердің жоғары балл алуына мүмкіндік жасалды.
Депутат айтқан бесінші мәселе – Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерінің онлайн оқуға көшуі. «Бұл – тарихқа бай университет. Бірақ Жайықтың жағасында орналасқандықтан, су астына қалып кету қаупі бар. Қашанғы салдарымен күресеміз, себептеріне де алдын ала дайындалуымыз керек қой. Осы талабымнан кейін БҚМУ су келмей жатып, түгелдей онлайн оқуға ауыстырылды. Одан кейін тағы бір шешілген мәселе апат аймағы болып жатқан өңірлердегі ұстаздарды аттестаттауға шақырып жатыр екен. Бар үйінен айырылып жүрген ұстаздарды қалай шақырады? Міндеттеп ақысыз демалысқа кетіріп жатыр деген фактілер де келді. Ұстаздар ақысыз демалысқа кеткенде жалақысы жүрмейді деген сөз айтылып қалды. Әрине, сағат толмайды, бірақ ол ұстаздың сабақ бергісі келмегеннен емес қой, бүкіл ауыл, бүкіл мектепті су алып кетсе, ұстаздың не кінәсі бар? Сондықтан осы мәселелер біржақты реттеліп жатыр», – деді Н.Аралбайұлы.
Мәжіліс депутатының сөзінше, өңірде тасқын судың салдарынан сәт сайын ахуал ауырлай түскен. Апат салдарынан Батыс Қазақстан облысы бойынша 1 220 үй, Орал қаласында 14 мың үй су астында қалған. Сонымен қатар депутат оқушыларды жазғы мектепте оқыту ұсынысына әу баста қарсы болғанын айтады. Өйткені бірінші жылы мектеп дайын емес, ұстаздар жұмыс істеуі керек. Ал оларға қосымша ақысы төленуі керек. Оның үстіне, жазғы уақытта оқушының бірі демалыста болса, бірі оқып жатады. Мысалы, емтиханды басқалар мамырда тапсырса, кейбірі шілдеде тапсыруға тура келеді. Бұл баланы стреске алып келуі әбден мүмкін.
«Саяжай тұрғындарына өтемақыны төлеуде де мәселелер туындайтыны анық. Ол жерде 70 мыңдай адам тұрса, 20 мыңы – тұрақты халық. Сол тұрақты халықтың тең жартысына жуығы студент, оқушылар шығар. Жаңа оқу жылының басына дейін үйлерін реттеп, өтемақысын бермесек, білім сапасы қандай болады? Олар үйсіз, күйсіз қаңғырып жүргенде қалай оқу оқиды? Ертеңгі күні елді басқаратын, білім саласын дамытатын сол жастар ғой. Қазір оларға жағдай жасап бере алмасақ, біздің құнымыз қанша? Сондықтан осы мәселелерді дереу қолға алып жатырмыз», – дейді депутат.
Сондай-ақ Нартай Сәрсенғалиев Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша қойылған тиісті талаптар қазір қаралып жатқанын айтты. ҰБТ-ға қатысты айтылған мәселенің ішінде екі талап ескеріліп жатыр.
«Ұлттық бірыңғай тестілеуден апат аймағындағы оқушылардың бәрін босату керек екенін айттым. Ол дегенім – бүкіл Батыс Қазақстан емес, су астында қалған бірқатар аудандар, аймақтар. Сол өңірдегі оқушыларға мемлекеттік грант берейік деген ұсыныс келтірдім. Неге? Өйткені елімізде әр жылы мыңдаған грант игерілмей қалады. Бұл – бір. Екіншіден, Маңғыстау, Атырау облыстарына нысаналы гранттар бар. Олар да игерілмей қалып жатады. Ғылым және жоғары білім министрлігі апат аймақтарға келген кезде осындай нысаналы гранттарды Түркістан сияқты халқы тығыз орналасқан аймақтарға қосымша бөлу туралы мәселе айтылды. Оралдан келгеннен кейін дереу осы мәселені көтердім. Игерілмей жатқан гранттарды апат аймағындағы балаларға үлестіріп беру керек. Неге? Өйткені маусымда мемлекеттік білім гранты ойнатылады. Ал қазір түлектер Жоғары оқу орындарына ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ тапсырып жатыр. Оны тапсыруға эвакуациялық пункттердегі балалардың мүмкіндігі, әрине жоқ. Не дәптері, не кітабы жоқ. Табиғи апат нысандарына жауапты шенеуніктердің жауапсыздығы салдарынан халық жапа шегіп отыр. Бұл – осы салаға жауапты азаматтардың салақтығынан болған апат. Биліктің басты міндеті – елге, халыққа болысу. Қазір ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ-ға қатысу мүмкіндігінен айырылып отырған түлектерге біз көмектесуіміз керек және ақысыз оқыту керек. Мыңдаған бала далада қалып, қаңғырып жүр, ондайда оқу мүмкіндігі жоқ. Қара шаңырағынан айырылған баланы қандай сынаққа саламыз? Осы талапты айттым, осы нақтылы екі талап Үкіметте қарастырылып жатыр. Әлі мамыр айы келген жоқ, тағы бірқатар шешімдер қабылдануы керек деп санаймын», – деп ойын түйді Мәжіліс депутаты Н.Аралбайұлы.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ