«Итпен жатқан битпен тұрар» дейді халық даналығы, бұл жағдай азаматтардың қылмыс әлеміне тартылуына ықпал етеді. Дегенмен бұл проблемаларды тегіс дерлік шеше алатын технологиялық мүмкіндік бар. Оны енгізу 2020 жылы басталған еді, қазір біршама тоқырап тұрғандай.
БІЛЕЗІК ТАҚҚАНДАР АЯҒЫН АҢДАП БАСАДЫ
Әңгіме қылмыскерлердің аяғына тағылатын «электронды білезік» туралы болып отыр. Мысалы, Антикор 2020 жылдан бері күзетпен ұстауға қатысы жоқ бұлтартпау шарасы қолданылған адамдарды қадағалау үшін электронды білезіктерді пайдалану бойынша халықаралық тәжірибені енгізді.
– Электронды білезік – күдіктінің немесе айыпталушының аяғына бекітілген радиоэлектронды модуль. Адам оны алып тастауға немесе оған кез келген жолмен механикалық әсер етуге тырысса, дереу дабыл сигналы қосылады және Антикордың кезекші бөліміне хабарлама жіберіледі, – деп түсіндірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары.
Ішкі істер органдары да бұл технологиялық шешімді оңды санайды. 2021 жылы тұңғыш рет елордада, пробация қызметі сотталғандарға арналған электронды білезіктерді қолдана бастады. Сол жылы жыныстық тиіспеушілікке қарсы баптарда көзделген қылмыс жасаған 7 сотталғанға е-білезік тағылды.
Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған баптармен сотталғандарға сот үкімімен белгілі бір орындарға баруға, атап айтқанда оқу орындарына жақындауға, түнгі уақытта үйден шығуға, пробация қызметіне хабарламай, тұрғылықты жерінен тыс жерлерге, өзге өңірлерге кетіп қалуына тыйым салынған.
Е-білезіктер осы шектеу-тыйымдардың бәрінің сақталуын қамтамасыз етеді. Онсыз әрбір қылмыскердің қасына бір-бір бақылаушыдан күзет қою мүмкін емес. Ебін тауып, бет-жүзін бүркемелеп, тыйым салынған жерден бір-ақ шығуы мүмкін. Мұны «Сергек» және басқа бейнебақылау камераларымен анықтау қиын.
ІІМ-нің хабарлауынша, электронды білезік арқылы пробация қызметінің инспекторы сотталғандардың жүріс-тұрысын, бекітілген талаптарды сақтауын онлайн, нақты уақыт режимінде, қалт еткізбей қадағалай алады. Бұл үшін инспектордың бұрынғыдай үнемі компьютердің алдында тапжылмай отыруы қажет емес.
Барлық ақпарат оның планшетіне, смартфонындағы арнайы қосымшаға беріледі. Тиісті деректер жазылып, архивтелінеді. Инспекторлардың бірін-бірі ауыстырып, кезекшілік жүргізуі де қажет емес. Түнде ұйықтап тұрып, «білезіктілердің» өткен кезеңде немен айналысқанын, қай бағытта қозғалғанын тез қарап шыға алады. ІІМ-нің мәліметінше, мұның бәрін қызметкер компьютердің, планшеттің немесе смартфонның көмегімен жеке кабинет арқылы тексере алады.
«Егер сотталған адам белгіленген шектеулерді бұзса немесе білезікті зақымдауға тырысса, бұзушылық туралы дереу дабыл түседі. Белгіленген тыйым салуларды бұзу, электрондық бақылау құралдарын қолданудан бас тарту немесе жабдықты бүлдіру анықталған кезде пробация қызметі жазаның түрін бас бостандығынан айыруға өзгерту туралы мәселені қарау үшін материалдарды сотқа жібереді», – деп түсіндірді ІІМ мамандары.
БҰЛ ТЕХНОЛОГИЯ ҚАЗАҚСТАНДА НЕГЕ КЕҢ ТАРАЛМАДЫ?
Антикордың дерегінше, электронды білезіктер 2020 жылы – 6, 2021 жылы – 27, 2022 жылы – үй қамағында отырған 41 күдіктіге қатысты қолданылыпты. Өсім қомақты, бірақ көрсеткіш бәрібір төмен.
«Агенттік жедел-тергеу желісі бойынша қылмыстық процесті ізгілендіру және цифрландыру қағидаттарын ұстанады. Күзетпен ұстаумен байланысты емес бұлтарпау шарасы таңдалған адамдарды қашықтан бақылауға арналған электрондық бақылау құралдарын (білезіктер) пайдалану қамтамасыз етілген. Бұл құрал бекітілген режимді бұзуға талаптануларға қарсы жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Осы мақсатта оқиғалардың тарихына қол жеткізе отырып, күдіктінің қозғалысын минут сайын онлайн-бақылау жүзеге асырылады», – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баяндамасында.
Ведомство бұл құрал күдіктінің жеке өміріне араласуды болдырмайтынына назар аудартты. Құзырлы орган қызметкерлері оның баспанасына кіріп, тұрақты тексермейді. Мұның сыртында, электрондық бақылау құралдарын пайдалану арқасында Антикордың күштері мен құралдары да барынша ұтымды пайдаланылады. Бір қызметкер бір мезгілде бірнеше бақыланушыны қадағалай алады.
Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі 2021 жылы өзіне барлығы 2,5 мыңға жуық электронды білезіктер және 25 мыңнан астам мобильді құрылғылар қажет екенін мәлімдеген. Соған 2022 жылы қол жеткізді.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің пробация қызметі мамандарының мәліметінше, күдіктінің немесе сотталғанның үйінде бақылау қондырғысы орнатылады. Біршама салмақты болғандықтан, білезік негізінен, оның аяғына киіледі.
Бұл құрылғыны жеткізушілерге қойылатын талап сол, ол біріншіден, су өткізбейтін болуға тиіс. Өйткені оны тағушының суға түсуге мүмкіндігі болуы керек. Екіншіден, шаң-тозаңға төзімді болуы шарт: қылмыскерлер өзін шектейтін құрылғыны тазалықта ұстауға мән бермейді. Ендеше кірлену, балшыққа бату, шаң басу кесірінен құрылғы сөніп қалмауға тиіс.
Үшіншіден, білезік ұзақ уақытқа, тіпті жылдар бойы тағылатындықтан, оның «гипоаллергенді» болуы, теріде тітіркену, қызару, бөрту сияқтыларды тудырмағаны маңызды. Мамандардың айтуынша, білезіктің міндеті – күнделікті өмірде қиындықтар келтіріп, сотталғанның өмірін тозаққа айналдыру емес, оның заң аясында дұрыс жүріс-тұрысын қамтамасыз ету.
Қазақстанның біраз өңірінде интернет нашар аулайтыны мәлім. Соған қарамастан, пробация қызметі е-білезіктің желіден ажырап қала алмайтынына сенімді: ГЛОНАСС/GPS-ті тікелей жерсерігінен аулайды. Егер оны тағушы талапты бұзып, үйінен сыртқа шықса, немесе қаладан кетіп қалуға ұмтылса, дабыл пробация қызметкерінің автоматтандырылған жұмыс үстеліне келіп түседі.
Ішкі істер органдарының ардагері Болат Мұқышев электронды білезіктердің қылмыстық-атқару жүйесін жаңғыртуда үлкен рөл атқаратынын жеткізді.
– Сотталғандарды, күдіктілерді қашықтықтан бақылау құралдары олардың қылмысқа қайтадан бару қаупін төмендетеді. Бассыз кеткені болмаса, 95 пайыздайы үнемі бақылауда екенін түсініп, аяғын тарта басады. Осы арқылы пробация қызметінің бақылау сапасы жақсарады. Бірақ электронды білезіктерді пайдалану үлесі сол бұрынғыдай төмен болып қалды. Мұның объективті де, субъективті де себептері бар. Ең бастысы, жете қаржыландыру қажет. Бұл құрылғылар арзан емес, 10-20 мың теңгеден басталады. Шығындарды азайту үшін ҚАЖ комитеті білезіктерді жалға алады. GSM/GPRS арнасы арқылы онлайн бақылау шығыны да аз емес. Саланың мәселелері шешілсе, болашақта электронды білезіктерді қолдану бас бостандығынан айырудың баламасына айнала алар еді, – деді Б.Мұқышев.
Электронды бақылау тек білезіктен ғана тұрмайды. Қызметке білезіктер жиынтығы, сим-карталар, байланыс қызметтері, бағдарламалық қамтамасыз ету, техникалық сүйемелдеу кіреді.
Сонымен қатар электронды бақылау тек е-білезікпен шектелмейді. Өзін жақсы жағынан көрсеткен сотталушылардың қозғалысын бақылау үшін оларға білезік орнына, арнайы бағдарлама орнатылған шағын планшет беріледі. Оны олар әрдайым өзімен бірге алып жүруге тиіс. Мұндай қосымшаны өзге мобильді құрылғыларға енгізуге болады.
ҚАЙ ЖАҒЫНАН ДА ОРЫНДЫ ЖОБА
Бұл технологияны қолдану жалғасын тапты. 2024 жылғы 10 сәуірде 5 миллион теңге пара алды деген күдікке іліккен Маңғыстау облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының аяғына электронды білезік тағылғаны белгілі болды. Антикордың хабарлауынша, маңғыстаулық шенеунікке қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Ол құрылыс объектісі бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт аясында қаражатты тездетіп және кедергісіз аудару үшін бизнес өкілінен пара алды деп айыпталған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Соған дейін күдіктілер – басқарма басшысы және пара берген бизнесмен электронды білезікпен үй қамағында отырады.
Бизнес омбудсмен Рустам Жүрсінов те мәселен, кәсіпкерлерді жаппай түрмеге тоғыта бермеген жөн деп санайды. «Кімнің жерін жерлесең, соның жырын жырларсың» дейді халқымыз. Түрмеге қамалған адам қылмыскерлермен араласып, солардың жолына түсуі мүмкін. Электронды білезіктер – заң бұзған бизнес өкілдерін бұлтартпау шарасының ең ұтымды тәсілі. Соттардың дерегінше, қолданылатын санкциялардың 97%-ы, яғни 12 801 оқиғаның 12 455-інде қамауда ұстау болған. Үй қамағы небәрі 2% немесе 240 жағдайда қолданылған. Бұл ретте электронды білезіктер 0,3% немесе 37 жағдайда ғана пайдаланылды. Бизнесмендерді бас-көз демей, қылмыстық процеске тарту үлкен проблемаға айналды», – деді Р.Жүрсінов.
Әділет министрі Азамат Есқараев тағы бір проблемаға екпін түсірді: Қазақстанда бюджеттің жетіспеушілігі салдарынан «қамаққа алу үйлерін» (арестные дома) салу мәселесі шешілмей, кейінге шегерілді.
– Негізінен елімізге 29 қамақ үйі керек. Олардың құрылысы 57 миллиард теңгені талап етеді. Сондай-ақ олардың жұмысын қамтамасыз ету үшін 2,5 мың бірлік персонал, жұмыс орнын ашу қажет болады. Сонымен қатар оны қамтамасыз ету үшін жыл сайын 3 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру мәселесі қарастырылуы керек. Сондықтан бюджет жағдайына байланысты бұл мәселе жуық арада шешіле қоймайтын түрі бар, – деді министр.
Ресми мәлімет бойынша қазақстандық түрмелерде 34 мыңнан астам адам жазасын өтеуде. Олардың өмір сүруіне бюджеттен әр адамға жылына 1 миллион 600 мың теңге, яғни жалпы көлемі 54-55 миллиард теңге бөлінеді.
Әлемнің көптеген елінде электронды білезік түрмеге қамауға балама ретінде қолданылады. Бұл түрмедегілерді асырап-бағуға кететін қыруар қаржыны үнемдейді, өйткені білезікпен өз баспанасында отырғандар өзін-өзі күтуге, тамақтандыруға, киіндіруге, басқасына өзі шығындалады.
Биылғы 28 наурызда Бас прокурордың бірінші орынбасары Т.Тәшімбаевтың төрағалығымен өткен қылмыстық процесте бұлтартпау шараларын қолдану мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңесте де осы мәселе талқыланған болатын. Жиынға қатысушылар бас бостандығынан айырумен байланысты емес баламалы процестік мәжбүрлеу шараларын қабылдау, соның ішінде электрондық бақылау құралдарын – электронды білезіктерді кеңінен қолдану қажеттілігі жөнінде ортақ байламға келді.
Мемлекет пробация қызметінің есебінде тұрған барлық адамға электрондық бақылау құралдарын қолдану практикасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қалай болғанда, қылмыстық қудалау саласын ізгілендіру үшін де, қамақ үйлерін қаптатып салу сияқты шығындардан бюджет қаражатын үнемдеу үшін де электронды білезік сияқты қашықтан қадағалау технологияларын кеңірек енгізген орынды.
Елдос СЕНБАЙ