Аталған сында Қазақстан балуандары бақ сынап, еркін күрестен 2, грек-рим күресінен 3 жолдама жеңіп алды. Өкінішке қарай, Жәмила Бақбергенова бастаған әйелдер командасы лицензияға қол жеткізе алған жоқ. Осы орайда Aiqyn-ның тілшісі Олимпиадаға іріктеу турнирін қорытындылаған болатын.
ЕРКІН КҮРЕС: АЛЫПТАР МҮМКІНДІКТІ ЖІБЕРМЕДІ
Бішкек бозкілемінде еркін күрес шеберлері екі жолдама жеңіп алды. Оның бірін Әлішер Ерғали (97 келі), екіншісін Юсуф Батырмұрзаев еншілеген. Екі балуан да соңғы ел чемпионатында топ жарып, іріктеу турниріне қатысу құқығын әділетті түрде жеңіп алды. Әлішер жартылай финалда Қытай қазағын ұтса, Юсуф Қырғызстан балуанын қапы қалдырды.
Ал 57, 65 және 74 келідегі балуандар межеден шыққан жоқ. Ерасыл Мұхтарұлы (57 келі) алғашқы айналымда-ақ үнді спортшысына есе жіберсе, Маис Алиев (65 келі) аса тартысты белдесуде қытайлық қарсыласына жол берді. Аталған белдесу 15:15 есебімен аяқталып, әдіс сапасына байланысты Қытай споршысы жеңгенін айта кету керек. Өкініштісі сол, 70 келі салмақта әлем чемпионатының финалына шығып, Азия біріншілігін екі рет ұтқан Нұрғожа Қайпанов олимпиадалық салмақта жарқырай алар емес. Бішкектегі турнирде Нұрғожа жартылай финалға қиналмай жеткенімен, кейін ирандық балуанға 0:10 есебімен жол берді. Команда үздігінің тас-талқан ұтылғаны қынжылтады екен. Кейін бапкерлер де Қайпановтың бұрынғы деңгейінен төмендегенін айтты. «57 келідегі Ерасыл Мұхтарұлы әлі жас бала. Ол бала жанып кетті. Таңертең тамағын да іше алмады. Үнділік балуан физикалық жағынан өте мықты. 65 келідегі Маис Алиев те 20 жастағы жігіт. Ол барын салды, бірақ Қытаймен күрескенде қателік жасады. Тәжірибе жетпеді. Бес ұпаймен алда келе жатып, жеңісті қолдан беріп қойды. Ақылға салмады. Бірақ оның күресі ұнады. 74 келідегі Нұрғожа Қайпанов өте нашар күресті. Соңғы жаттығу жиынында да босаңсып жүрді. Өзінен төмен салмақтағылармен дайындалды. «Ертең мықтылармен тіресесің, өзіңнен жоғары салмақ алсаңшы» деп қанша айттық оған. Сол әсер етті. 97 келідегі Әлішер Ерғали ойдағыдай күресті. 125 келідегі Юсуп Батырмұрзаев батырлық жасады. Оның ең осал жері – төзімнің жоғы. Күресі, әдістері бар, бірақ төзім жоқ. Бірінші кезеңге ғана жетеді. Оның проблемасы – сол. Әйтпесе, әлемдік деңгейдегі, медаль салатын балуан. Енді Ыстанбұлда өтетін соңғы іріктеу турниріне Яшар-Догу халықаралық турнирінде жақсы күрескен жігіттерді апарамыз», – деді бас бапкер.
Еркін күрестен Қазақстан командасында 86, 97 және 125 келіде жолдама бар. Енді оларға қалған үш салмақта лицензия алу міндеті тұр.
ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ: АЙДОСТЫҢ АСУЫ, МЕЙІРЖАННЫҢ ӨКІНІШІ
«Классикалық» күрестен алты олимпиадалық салмақтың біреуінен ғана жолдама иеленген едік. 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов былтыр Белград кілемінде бесінші орынмен қатар, Париж жолдамасына қол жеткізген. Бішкектегі іріктеу сынында қоржын тағы да үш квотамен толықты.
Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) Париж кілемінде белдесу құқығын жеңіп алды. Иә, күрестегі лицензиялық жекелеген спортшыға емес, тұтас командаға беріледі. Десе де, бұл балуандар өз салмағында үздік болғандықтан, құрамның өзгеруі неғайбіл.
Айдос Сұлтанғали үшін бұл ерекше қуаныш. Әлем чемпионатында екі рет жүлде салған балуан Токио ойындарынан тыс қалған еді. 2021 жылы Азия чемпионатында топ жарғанына қарамастан, бапкерлер Айдосты жазғы ойындарға апарған жоқ. Осы бір әділетсіз шешім балуанды еш мұқалтпаған екен. Айдос Сұлтанғали Бішкекте қарсыластарын күмәнсіз жеңіп, Париж лицензиясын иеленді.
77 келідегі Демеу Жадыраев үшін бұл екінші олимпиада болмақ. Боранбек Қоңыратовтың шәкірті Бішкек кілеміндегі жеңісті соңғы секундтарда жұлып алды. Кәріс балуанынан ұтылып жатқан ол белдесудің аяқталуына аз уақыт қалғанда жеңіске жетті. «Жанкүйердің қолдауы мен бір сәтке де тоқтатпады. Шешуші белдесуде ұтылып жатсам да, алға баса бердім. Уақыт деген қызық қой, өзі. Жеңіп жатқанда өтіп болмайды, жеңіліп жатқанда зуылдай жөнеледі. Енді жақсылап дайындалып, Токиода кеткен есені қайтаруға тырысамыз», – дейді Демеу.
Ал 130 келідегі Әлімхан Сыздықов олимпиадаға баратын сәтті 12 жыл күтіпті. Ол өзінің үшінші олимпиадалық циклінде төртжылдық додасына жолдама жеңіп алды. Токио қарсаңында бапкерлер іріктеу турниріне Сыздықовты емес, 40-тан асқан Георгий Цурцумияны қойған болатын. Осы шешім ел арасында қызу талқыланғаны да есте. Өзінің жұлдызды сәтін күткен балуан енді Парижге алаңсыз дайындалады.
Бішкекте 67 келідегі Мейіржан Шермаханбеттің лицензиясыз қалғаны өкінтеді. Талантты балуан бір жарым жыл бойы жарақатына байланысты жарыстардан сырт қалды. Соған қарамастан, кілемге қайта оралып, аз уақыт ішінде жазғы Азия ойындарында күміс алды. Іріктеу турнирінде де Мейіржан жақсы қарқынмен келе жатқан. Бірақ жапон балуанының кілтін табу мүмкін болмады. Соңғы лицензиялық жарысқа бұл балуанның бару-бармауы белгісіз. Грек-рим күресінен Қазақстан командасы 67 және 97 келіде олимпиада жолдамасына таласады.
ҚЫЗДАР ҚУАНТПАДЫ...
Әйелдер күресінен Қазақстан командасы Бішкектегі аймақтық іріктеу турнирінен бірде-бір жолдама ала алмады. Командаға ең тәжірибелі деген спортшылар да Елена Шалыгина (38 жас), Жұлдыз Ешімова (36) көмектесе алмады. Ал 19 жастағы Лаура Ғаниқызы көрермен көзайымына айналғанымен, адуынды үнділік қарсыласын жеңуге күші де, техникасы да жеткен жоқ.
Бас бапкер Қайрат Сағадиевке енді команданы қайта жасақтауға тура келеді.
Күрес түрлерінен Олимпиадаға лицензия беретін соңғы жарыс мамыр айында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтеді.
Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ