Буллингпен күрестің KiVa тетігі: бұл не?

Буллингпен күрес жаңа деңгейге шығады. Президент таяуда, 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер топтамасына қол қойды.

Заңдар алғашқы ресми жарияланған күнінен 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Бұл ретте жаңа 2024-2025 оқу жылында елімізде Финляндияның буллингке қарсы KiVa бағдарламасы енгізілмек. Мемлекеттің осы қоғамдық кеселмен де салмақты күресуге ден қойғаны байқалады.

Құрдасыңды құрметтеп, қошеметке бөлен

Қазақстанда енгізілгелі жатқан бул­лингке қарсы финдік Kiva бағдар­ла­масы бұл мәселені кешенді шешуге бағдар­лан­ған. Отандық мамандар оны жергілікті жағ­дайларға бейімдеу үшін пысықтап жа­тыр. Атап айтқанда, педагогтермен де жұ­мыс жүргізу керек. Мектеп психологі Алмагүл Әзімқұлқызының байламынша, педагог бір жағынан психолог болғаны жөн. 

– «Мына баланың бір кемістігі бар, ай­наласының бәрін жапырып барады» деп оқушыны не бізге, не «завучке» сүй­рейді. Байыбына тереңдесек, ол баланың ата-анасынан, не туысқанынан зорлық көретіні әшкереленеді. Содан «таз ашуын тырнадан аладының» кері келеді, бала бейшара, адамның қоры емесін өзіне дәлелдеу үшін қоқиланып, сынып­тас­тарына күш көрсетеді. Немесе ата-ана­сының бірінен айырылған бала сот­қар­ға айналады. Буллингпен күрес ша­ралары проблеманың барлық қырын ес­керіп, педагог – оқушы, оқушы –оқу­шы, оқушы – ата-ана, оқушы – қоғам қа­рым-қатынасын қамтығаны жөн, – де­ді психолог маман. 

Оның айтуынша, буллингпен күрес – осы тараптың бірін де сырт қалдырмай, бәрін тегіс жұмылдыруды талап ететін үлкен тәрбиелік жұмыс. Дамыған елдердің тәжірибесі осыған бағдарланған. 

«Бізде педагогтер «қылтың-сылтыңға» уақытының жоғын сылтау етіп, баланы жазалайды. Немесе өзіне ұруға тыйым салынғандықтан, сыныптағы күші зорды айдап салып, соған ұрғызатындар да бар. Бұлай болмауы керек. Дамыған елдер буллинг пен оның салдарына бүкіл мектеп, барша қоғам болып қарсы тұруға үйренді. «Ашуды басқару» тек ересектерге ғана емес, балалар, педагогтер үшін де міндетті болуы керек», – деді А.Әзімқұлқызы.

Ол финдік KiVa, Норвегияда әзірленіп, АҚШ, Канада, Англия, Еуропа елдері және басқасы қабылдаған OBPP (Olweus Bullying Prevention Program) бағдарламалары «ма­ра­паттар мен мүмкіндіктер құрылымын» қалыптастырып, насихаттауға бағытталға­нына екпін түсірді. Балабақша жасынан балалардың құлағына құяды: бұзақы-ұрыншақ болу бедел емес, ол саған еш­қан­дай бонус, игілік әкелмейді, тағдырыңды бүлдіреді, болашағыңа нұқсан келтіреді. Қайта мейірімді, жақсы болсаң, заң мен құ­қықты құрметтесең, қошеметке бөлене­сің, елге сыйлы адам боласың деп үйретеді. 

Өз кезегінде, Премьер-Министрдің орын­­басары Тамара Дүйсенова Үкіметтің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулы­сымен «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құ­қықтары мен саламаттылығын қамта­ма­сыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға ар­нал­ған кешенді жоспар» бекітілгенін еске салды. 

– Осы кешенді жоспар аясында биыл 110 мектепте пилоттық режимде Финлян­дияның буллингке қарсы KiVa бағдар­ла­масын енгізу жоспарлануда. «Назарбаев зият­керлік мектептері» базасында  ха­лықаралық сертификаты бар 5 жаттық­тырушы даярланды. Енді 8 мыңға жуық педагог және бағдарламаның 332 үйлес­тіру­шісі оқытылады. Жаңа 2024-2025 оқу жы­лынан бастап, пилоттық режимде мек­тептерге енгізілетін осы бағдарлама аясын­да педагог-психологтің әрбір сыныппен булингке қарсы тоқсан сайын 1 сағаттан сабақ өткізуі енгізіледі, – деді Тамара Дүйсенова.

«Жақсының» нендей жақсылығы бар?

Фин тілінде kiva – «жақсы» деген сөз. Финляндияда 2009 жылдан бері барлық мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алудың жалғыз бағдарламасына айналған KiVa бағдарламасының атауы Kiusaamista Vastaan сөздерінен құралған. Ол «қорлауға қарсы» дегенді білдіреді. Маман айтқан кешенді норвегиялық бағдарламадан айырмашылығы сол, финдік KiVa мектеп­тердегі 5-тен 11 жас аралығындағы оқушы­ларға ғана бағдарланған. Бұл бағдарлама балаларды құрбан болмауға, зорлық-зомбылыққа үнсіз төзбеуге үйретеді. 

Сарапшылардың түсіндіруінше, фин­дік бағдарламаның «темірқазық» та­қы­рыптарының бірі – құрбы-құрдас­тар­дың бірге, тізе қоса жұмыс істеуі. Яғни, мұны мектеп тимбилдингі деуге болады. Оның барысында мамандар балаларды буллинг жағдайларын танып-білуге, оған ұжымы­ның мүмкіндігін пайдаланып, бір­лесе қарсы тұрып, қорғануға баулиды. 

Финдік бағдарлама буллинг оқиғала­рының алдын алуға бағытталған универ­салды іс-әрекеттерді де, сондай-ақ мек­тептегі әлімжеттік жағдайларына ересек­тердің араласуы бойынша спецификалық іс-қимылдарды да қарастырады. 

Бағдарлама әр алуан жастағы балаларға лайықталған 3 нұсқадан құралған: бала­бақшаға, 1–3 және 4–6-шы сыныптарға арналған. 

KiVa аясындағы спецификалық іс-қимылдарға сәйкес, мысалы, әрбір мектеп­те 3 мұғалімнен не басқа персоналдан тұ­ратын команда түзіледі. Олар буллингтің әрбір оқиғасын сынып жетекшісімен жеке қарастырып, іс-қимыл жоспарын жасайды. Бұл жерде зорлық-зомбылық құрбан­дарымен де, оған бастамашы болғандармен де әңгіме жүргізіледі, бұған себеп болған жайттардың мәнісіне терең үңіледі. Соңы­нан бірлескен жүздесулерді жүйелі ұйым­дастырып, тараптарды татуластыруға күш салады. 

KiVa-ның қызықты бір тәжірибесі на­зар аудартады: мұғалімдер әрбір мектепте үлгілі, озат, қайырымды, саналы оқушы­ларды анықтап, оларды біріктіріп, белсенді топ қалыптастырады. Буллинг оқиғасы кезінде педагогтер солардың қызметіне жүгінеді: «әлеуметтік жоғарғы статусқа ие» 4 оқушыдан жәбір көрген баланы қор­ға­нына алуды, көмектесуді сұрайды. Бұл қыз­меті үшін олар жақсы бағамен ынта­ландырылады. 

Бұл бір жағынан, құрбанның жападан жалғыз қалып, өмірден баз кешіп, өзіне қол салуының алдын алады. Екінші жағы­нан, зардап шеккен баланың «әлеуметтік мәртебелі» құрдастарын бедел-авторитет көріп, мақтан тұтып, солардың деңгейіне тартылуына, сөйтіп, лайықты азамат болып өсуіне ықпал етеді екен.

Финляндияда KiVa аясында буллинг­пен, кибербуллингпен күрес бір мезетке де тоқтамайды. Бұл тақырыптағы мате­риал­дар балаларды еліктіргіш видеоойын­дар, анимациялық сабақтар түрінде үнемі ұсы­нылады. Оқу жылында мектептегі әлім­жеттікке тойтарыс беру жөнінде кем дегенде 20 сағаттық сабақ өткізілуі шарт. 

Сабақтарға мәселелерді топ болып талқылау, ұрыс-керісті жұдырықпен емес, дебатпен шешуге үйрену, түрлі ұжымдық жұмыстар, рөлдерге бөлініп, жаттығу кіреді. Нәтижесінде, әрбір сынып бул­лингтің жолын кесудің, онымен күресудің төл әдіс-тәсілдерін, ішкі қағидаларын қалыптастырып жатады. 

Фин мектептері жәбірленуші бала­ларды қамқорлығына алған, буллингтің барлық сипатымен күресте белсенділік танытқан оқушыларды мектепішілік «цифрлық валюталармен» ынталандырады. Ол цифрлық ақшаны білім ордасындағы түрлі автоматтардан азық-түлік түрлерін, керек-жарақты сатып алуға, ақылы ресурс­тарда есептесуге пайдалануға болады. Яғни, қайырымды бала «қалта ақшасын» өзі таба алады. Бұл тетік «пионер – октябрятт­арға қамқор!» деп таңған кеңестік идеологиядан тиімдірек жұмыс істейді.

Қазақстан финдік үлгінің қандай тәжірибелерін өзінде ендіретіні әзірге белгісіз. KiVa негізіндегі отандық бағдар­лама әзірге пысықталып жатыр. Алдын ала нұсқасы жаңа оқу жылына таман жария етіліп, қоғамдық талқылауға шығарылады деген болжам бар.

Тентектердің ата-анасы шығынға батады

Буллингке қарсы жаңа бағдарлама мектеп психологтеріне де сүйенеді. Алайда мектептердің бәрінде бірдей психолог жоқ болып шықты. Үкімет басшысының орын­басары Тамара Дүйсенованың айтуынша, республикада орта білім беру ұйымдарында барлығы 12 417 педагог-психолог жұмыс істейді. Соның ішінде балабақша мен мектепке дейінгі ұйымдарда – 3 526, мем­лекеттік және жеке мектептерде – 8 236, колледжде – 655 психолог бар.

Соңғы үш жылда психологтердің саны небары 403 маманға ғана көбейді: 2021 жылы – 12 014 психолог болған. 

Нәтижесінде, Ұлттық білім беру дерек­тер қорының мәліметінше, педагог-пси­хологке деген тапшылық мектептерде – 229, балабақшаларда 2 029 маманды құрайды. 

Психолог болмаған соң, оқушылармен психологиялық-педагогикалық сүйемел­деу жұмыстарын жүргізу пән мұғалім­деріне, сынып жетекшілеріне, әлеуметтік педагог­терге, тәрбие жөніндегі орынба­сарларға жүктеледі. Бірақ олар күнделікті оқу про­цесінде сабаққа дайын емес, тәртібі нашар балаларға нашар баға қойып, жазалаумен айналысатындықтан, шәкірттердің олар­мен еркін сырласып, мұң шағуы неғайбыл. 

Сондықтан Үкімет білім жүйесі үшін кәсіби психологтерді даярлауға ден қойды. «Педагогика және психология», «Психо­логия» мамандығы бойынша 36 жоғары оқу орны кадр даярлап жатыр. 2023-2024 оқу жылында 8 723 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде «Педагогика және психоло­гия» мамандығы бойынша бакалавриатқа – 6 702, магистратураға – 1 512, докторанту­раға – 267, «Психология» мамандығы бо­йынша бакалавриатқа – 230, магистратура бағдарламаларына 12 грант берілді. 

Бұдан басқа білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысын үй­лес­тіру, педагог-психологтерге әдісте­мелік қолдау және балалар мен ата-аналарға психологиялық кеңес беру мақсатында өңір­лерде 12 психологиялық қолдау ор­талығы ашылды. Осы орталықтардың қыз­метін ұйымдастыру бойынша әдісте­мелік ұсынымдар бекітілді. 

2024 жылдың соңына дейін Жамбыл, Манғыстау, Түркістан, Жетісу, Ұлытау, Абай, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында жалпы саны 8 пси­хологиялық қолдау орталығын ашу жос­парланған. Қазіргі кезде 19 931 білім ұйы­мының 9 552-сінде педагог-психологтердің штат бірліктерінің саны талаптарға сәйкес келтірілді. Қалған білім беру ұйымдарында Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, штат санын талаптарға сәйкес келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Тентек пен оның ата-анасы ынталан­дыруға көнбеуі, сөз көмегіне, ақыл-кеңес­ке мұрын шүйіріп, салғырт қарауы мүмкін. Сөз өтпесе, жаза өтеді: 2024 жылғы 15 сәуірде Мемлекет басшысы қол қойған, ал­да­ғы жазда күшіне енетін «Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодексіне әйел­дердің құқықтары мен балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ра­лы» заңында жауапкершілік қатай­тылды.

Бұл заңмен қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 127-2-бап­пен толықтырылды. Оған сәйкес, кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу, буллинг, кибербуллинг – бірінші жолы ескерту жасауға немесе бірден 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңге) айыппұл салуға соқтырады. Яғни, буллер оқушылардың ата-анасы осынша шығындалуға мәжбүр болады.

Егер басбұзар баласы бұзақылығын тыймаса, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, айыппұл бірден 3 есеге – 30 АЕК-ке (110 760 теңгеге) дейін өседі. 

Баланы жәбірлеумен, буллингпен, кибербуллингпен ересектеу, яғни 12–16 жастағы оқушылар айналысса, онда ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасалады немесе 10 АЕК айыппұл салынады.

Қалай болғанда да, «бәріміз солай өскенбіз!» немесе «қысым көрсе, қауқарсыз емес, қайратты болып өседі!» сияқты ес­кірген, зиянды стереотиптерден Қазақстан қоғамының арылғаны маңызды. Бұл үшін мемлекет әлімжеттікпен күрестің батыстық пәрменді тетіктерін енгізіп, жауапкер­ші­лікті қатайтуға кірісті. Заң түзелді, қоғам да түзеліп, осы іске сүбелі үлесін қосқаны абзал.

Айхан ШӘРІП