Қазақтың тарихы тек қаламмен ғана жазылмаған. Біздің тарих ауызекі әңгімеде, аңыз-жырларда да сақталған. Сөзсіз, ауызша жеткен деректі кейбірі ғылыми факт деп қабылдамайды. Оның өз дәлелі бар. Дегенмен ауыздан-ауызға айтылған ақпарат сол заманның тыныс-тіршілігімен таныстыра түсетіні анық. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Сондай бір дереккөз ретінде дәстүрлі музыка мәдениетіндегі ән мен күйдің шығу тарихы жатады. Бүгін Aikyn.kz оқырманы үшін дәстүрлі ән әлемінде ойып тұрып орын алған екі әннің аңызын ұсынбақпыз.
«Ләйлім шырақ»
Біржан салдың елге аты жайылып, даңқы асқан кезі болса керек. Сапарлатып жүріп, бір ауылға келеді. Ауылда Біржанның замандастары, ауқатты деген Көлбай мен Жанбай есімді ағайындылар тұрады. Аздап менмендігі бар ағайындылар «Біржан сал келе жатыр» дегенді естігенде ләм-мим демей, бұрылып үйіне кіріп кетеді.
Біржан сырнайлатып-кернейлетіп жетіп, ауыл шетіндегі бір үйге түскен екен. Үй иесі Арқа даласына атағы жайылған әншінің асты-үсті күтіп жатады. Біржан да аянбай ән салыпты. Кеш батырып, түн ортасынан ауғанда ғана тоқтаған дейді.
Ауылға Біржан келді деп естігенде барлығы шеткі үйге жақындай береді. Солардың ішінде Көлбай, Жанбайдың Ләйлім есімді қарындасы да болса керек. Бірақ Көлбай «ана үйге жақындаушы болмаңдар» деп ескерткен соң, амалсыз әншінің дауысын алыстан ғана тыңдап отырады.
Таң атады. Біржан жол жүруге дайындалып жатса, қосшысы келіп «Ағатай, аттың шідері жоқ» дейді. Сал төңірекке қарап тұрып, бұлақ басына келген Ләйлімді көреді. Жақындай бере «Шідерімді көрмедіңіз бе?»,-деп сұрайды. Мына сұраққа таңырқаған Ләйлім басын шайқайды. «Кеше ауылға келгенімде, мені күтіп алмаған Көлбай мен Жанбайға бір қаратып айтып кетейінші» деп ойлайды да, домбырасын алып, жаңа бір әнге басады.
Әннің арасында «Ләйлім, Ләйлім» деп айтып тұрғаны анық. Сөз арасында шідерінің бағалы екенін айтып, неге ұрладың деп қояды. Ләйлім қыз одан бетер таңғалып, «Бір қайыс үшін барлығын ұры қылғаныңыз не?» дегеніне, «Шідерімнің бағасы қырық қысырақ» деп әнін айта береді.
Біржан ән айта бастағанда ауыл адамдары түгел далаға шығып, таңырқап қарап тұрады. Ішінде Көлбай мен Жанбай да бар. Бір-біріне қарап: «Біржанды тоқтатпасақ, мына әнімен біздің масқарамызды шығарайын деп тұр ғой. Ертең елге таралып кетеді, Көлбай, Жанбай ауылы деп сөзге қаламыз. Дайындалыңдар, әншіні үйге шақырыңдар, айыбымызды жуайық»,-дейді.
Көлбай, Жанбайдың ақ боз үйінде отырып, Біржан тағы бірнеше ән айтады. Арасында «Байекелер, кеше мені танысаңыздар да танымағандай болып, мына жұртты әнімді тыңдауға жібермегендеріңізді естідік. Бәріміз де пендеміз. Ешкімге ренішім жоқ. Бағана бұлақ басында Ләйлімге бір ән арнап едім. Енді сол әнімді тағы да жаңашалап айтып берейін. Елдің ауызында қалатын ән ғой»,-деп Ләйлімге сол әуенмен, бірақ мәтінін көркемдеп тағы да ән арнайды.
Біржанның әні «Ләйлім шырақ». Шырқайтын Мәдениет Ешекеев.
«Қараторғай»
Ақан сері ит пен құстың жақсысын танитын байқампаз жан болған екен. Жүрген жерінде тұлпардың жүйрігін, тазының қырағысын танитын болған. Ұнатса өзімен бірге алып кетіп жүрсе керек. Осындай бір ұнатқанын өз заманында аты шыққан Әлібек батырдың үйінен көреді. Әлі қанаты қатпаған бүркіттің балапанын көріп, ұнатып, сұрап алады. Әлібек батырдың да ойы сол екен. Ақан сері сұрамаса да, сол балапанды сыйламақ болған дейді. Осылайша, Ақанның қолына Қараторғай түссе керек.
Жылдар өтіп, Қараторғай да қартайыпты. Кезінде жердегі мен көктегіні алатын құстың бүгінде ұшып-қонуының өзі зар екен. Сондай бір кезде Ақанның жанында бір ақсақал тұрып: «Ертеректе үлкендерден құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады дегенді естуші едік. Енді көріп тұрмыз»,-дейді. Ақан сері де басын изеп: «Солай екен. Құйрығының қауырсыны түсіп, сиреп бара жатыр. Жерге қона алмай әлек» дей бергенде Қараторғай шаршап, жерге құлайды.
Тұғырында қанша отырсын?! Ұшуға жаралған тіршілік иесі әрдайым көкке ұмтылады ғой. Осылайша, күнделікті Қараторғай жерге қонар алдында шырылдап, шаршап, қанаты талып құлап жүрген екен.
Ақан сері де бұл көріністі көріп уайымдап: «Бір кезде қасқырды алатын едің. Енді міне бір уыс болып қартайдың. Торғайдай болдың. Жерге қона алмай, маған қарап жәрдем сұрап шырылдағандайсың»,-дейді. «Қараторғай, ұштың зорға, бишара, шырылдайсың жерге қонбай»,-деп ыңылдап жүреді. Кейін бұл әнге айналып, халық арасында Ақан серінің «Қараторғайы» деп айтылып жүреді.
Ақан сері «Қараторғай». Айтушы Дәуренбек Әркенов.
Бұған дейін Кие туралы «Ақсақ құлан», «Жаралы ақбөкен», «Ақсақ киік» күйлерінің шығу тарихын жазған болатынбыз.