Қатира Жәленова, ақын: Менің өмірлік азығым – рухани байлығым

Кестеленген көркемсөзден жыр жауһарын төккен ақын Қатира Жәленованы «Шиелінің шынары» деп әсте бекерге атамаса керек.

Ол масатыдай құлпырған бойжеткен шағында ару Алматыда жыр алыптарымен иық тіресе жүрді. Әдебиет әлеміне өзіндік қолтаңбасымен енген сырбойылық ақынның орамды шумақтары оқырмандар көңіліне орныққан-ды. Уақыт өте поэзиядан жырақ қалып, туған жерінде жеке кәсіппен айналысқан ақынның өткені мен бүгініне үңіліп, сыр-сұхбат құрған едік.

– Ақындықтың ауыр жүгін арқалап, ару Алматының көгінде қалықтадыңыз. Білуімізше, марқұм әкеңіз де сөз қадірін са­ралай білетін, өнерден кенде адам бол­маған екен.

– Негізі, менің өз жағымнан да, на­ға­шы жағымнан да сөз өнері қонған қа­сиет бар. Отбасында үш қыз болдық. Мен үйдің ортаншысы едім. Үлкен апам ерте тұрмыс құрып, бөлек кетті. Жа­нұяда мен әкемнің, ал сіңлім анам­ның қызы болды. Сол кездері марқұм әкем­нен алған тәлім-тәрбием маған өмір­лік азық болып келеді. 

Көзкөргендер әкемнің ақындар айтысына 13 жасынан бастап қа­тысқанын жиі айтып отырушы еді. Ал әкемнің әкесі, атам діндар кісі бол­ған екен. Әкем көзінің тірісінде өзін оқу­­ға, білім алуға мүмкіндігі болмаға­нын, оған әкесінің қарсылық таныт­қа­нын айтып отырушы еді. Жыр алыбы Әб­ділдә Тәжібаевпен бірге әкем ауыл мол­да­сынан дәріс алып, медреседе оқы­ған. Бір күні әкем досымен бірге жоғары оқу­ға түсіп, білім алуға талап­танып, Ал­­­маты қаласына кетеді. Мұны естіген әкесі артынан барып, оқуға тапсырайын деп тұрған жерінен ауылға қайта алып ке­ліпті. Ауылдан аттап шы­ғармаған екен. Сол күйі білім ала алма­ған. Бірақ өз бетінше оқып үйреніп, сауатын аша­ды. Содан да болса керек, марқұм әкем менің оқып, білім алуыма кішкентай ке­зімнен қарсы болмады.

– Әбділдә Тәжібаевтың әкеңізбен ете­не жақын араласқанын айтып қал­дыңыз. Жалпы, сіздің поэзия әлеміне қа­нат қағуыңызға ақын ағамыздың ық­палы болғаны рас па?

– Әбділдә ағамыз арман қуып Ал­ма­тыға кеткеннен сол жақта тұрақтап қал­ды. Ауылға ат ізін сала бермейтін. Әкем марқұм болғаннан кейін мектепті тә­мамдап, білім алуға құлшынысым арт­ты. Содан Әбділдә Тәжібаевты із­деп, Алматы хат жолдауға шешім қа­был­дадым. Сол кісіден көмек сұрағым келді. Өйткені сол кезде ағамыздың атағы шы­ғып, дүрілдеп тұрған еді. Алайда ақын­ның мекенжайын білмеймін. Сон­да да хат жазып, сыртына Алматы қа­ла­сына Әбділда Тәжібаевқа деп почтамен жібере бердім. Әйтеуір, хатым қолына бір жетер деген үмітім болды. Үшінші ха­тымнан кейін көптен күткен жауап ха­тымды алып, қуанғаным бар. 

Содан кейін үзбей хат алмасып тұрдық. Өлеңдерімді жіберіп тұрдым. Ол кезде ақын Ғылым академиясының «Әдебиет пен өнертану» бөлімінде жұ­мыс істейтін еді. Менің білім алып, ақын ретінде танылуыма көп Көмек бер­ді. Алғашында ҚазМУ-дың жур­на­лис­тика факультетіне түсу арманым еді. Бірақ ол кісі маған филология факуль­те­тіне түсуге кеңес берді. Осылайша, фи­лология факультетінде білімімді шың­дадым. 

– Бала кезіңізде әуелі биге құмар бол­ғаныңызды, бишілікті әуес тұтқа­ныңыз­ды естідік. Бірақ біржола би өне­ріне бет бұрмаған екенсіз. Оның себептері бол­ды ма?

– Оқушы кезімде үнді киносын жиі кө­ретін едім. Соның ішінде оның әуе­ніне елітіп, биін қызыға қарайтын­мын. Содан болуы керек, биге қызығу­шылы­ғым бол­­ғаны рас. Мектебіміздегі көрке­м­ө­нерпаздар үйірмесінде, ауыл клубын­да көптеген пьесада ойна­дым. Әсі­­ресе, ер адамның рөлін жиі сом­дай­тын едім. 

Ең алғаш акробатикамен де ай­на­лысқанымды айта кетейін. Кейіннен осы өнерімнің арқасында ба­­лерина болғым келді. Алайда әкем ме­нің бұл өнерімді қолдамады. Соны бай­­қағасын балетте өнер көрсетемін де­ген арманымды жол ортада қалды­рып, биден қол үздім. 

– Поэзия әлеміне алғаш қадам бас­қан кезіңіз есіңізде ме?

– Мектепте 7-сыныпта оқып жүр­ген кезімде аудандық «Өскен өңір» га­зетіне алғаш «Табиғат» деген өлеңімді бер­ген болатынмын. Сол өлеңім басы­лып шыққан күннен бастап ауылда ақын қыз атанып кеттім. 

Ал Алматыда студент кезімде бір топ өлеңімді алып, сол кездегі «Ле­нин­шіл жас» газетіне бардым. Мәдениет бө­ліміне кіргенімде көзіне үлкен кө­зәй­нек киген бір жігіт пен шашы дудыраған бір кісі отыр. Сөйтсем, бірі – бөлім мең­герушісі Оралхан Бөкеев, екіншісі, Са­ғат Әшімбаев екен. Сол арада өлең­дерімді қарап шыққан Сағат Әшімбаев «Қыз монологы» деген лирикалық өлеңім­ді ұнатты. Ал Оралхан ағам екін­ші өлеңіме ерекше назар аударды. Сол күн­нен бастап өлеңдерім осы басы­лым­ға да жариялана бастады. Кейіннен те­левизия журналистерінің назарына ілі­гіп, «Алтыбақан» хабарына қатыс­тым. Осылайша, менің поэзия әлеміне ал­ғашқы қадамым басталды.

– Шығармашылық ортадан алыстап, туған жерге қайта оралдыңыз? Неге?

– Мен туған өңіріме 1995 жылы қай­та оралдым. Оған да өзіндік себеп бол­ды. Сол заманның талабына сәйкес, тәуелсіздік жылдарының басында жасы қы­рыққа толған адамдарды жұмыстан қыс­қарту жүрді. Бәрі қырыққа келген­дер­ді қартайған адамдай қарайтын болды. 

Сыр өңіріне қайтып келген соң, об­лыстық «Сыр бойы» газетінің та­­­­балдырығын аттап, сол кез­дегі бас редактор Жақсылық Рахма­тул­ла­­ның алдына кірдім. Сөйтсем, бұл жақ­­та да қысқарту жүріп жатыр екен. Осы­­лайша, 22 жыл еңбек өтілім бола тұ­ра жұмысқа орналасуым қиынға соқ­ты. 

Сол жылдары шағын және орта биз­нес­ке енді бетбұрыс жасала бастаған кез бо­латын. Тұрақты жұмыс бол­ма­ға­н­­­­дықтын кәсіп бастауға кірістім. Нәти­же­сін­де, өңірде алғашқылардың бірі болып, же­ке азық-түлік дүкенін ашып, кәсі­бім­ді жүргіздім. Он бес жыл соның нанын же­дім. Бүгінде сол кәсібімнің нәсібін кө­ріп отырмын.

Жалпы, поэзия әлемінен жырақтап кет­сем де, бір кездері үзеңгілес жүрген әріп­тестерім мен ақын аға-апаларым­ның жадынан шыға қоймаған екенмін. Қызылорда қаласына келген соң, біраз жыл өткенде Фариза Оңғарсынованың өзі мені іздепті. Бір күні үйіме телефон ша­лып, аман-саулық сұрасып, мені Астананың 10 жылдығына орай өткіз­гелі отырған «Фариза және сіңлілері» атты шығармашылық кешіне арнайы шақырды. Бұл ұзақ жыл үзілістен кейін халық алдына шығып өз өлеңімді оқы­ған керемет сәт еді.

– Тасқа қашалып жазылған дүниенің ғұмыры ұзақ болары белгілі. Қанша кітабыңыз шықты?

– Негізі, кітап шығару оңай шаруа емес екені белгілі. Оның бәрі қаржыға ті­ре­леді. Өзімнің де кітап шығаруға әуес­тігім болған емес. Дегенмен Алма­ты­­да жүрген кезімде мемлекеттің қол­дауымен өлеңдер жинағы топтас­тырыл­ған үш кітап шығарғанмын. Елге орал­­­­ға­сын Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қол­дауымен «Сырдария кітапханасы» сериясы аясында тағы бір кітабым жарық көрді. Артынша, сол кездегі Мәдениет ми­нист­рінің орынбасары болып тұрған Бауыр­жан Омарұлының ықпалымен мем­лекеттік тапсырысқа өтінім беріп, бесінші кітабымды шы-ғардым. Келер жы­лы «Сырдың әні» атты кезекті кіта­бым шығады деп жос­парлап отырмын. Ал нақты уақытта «Қа­наттас қалам­дас­та­рым» атты проза­лық дүние жазу үс­тін­демін. 

Бұл менің ұзақ жылғы шығарма­шы­лық жолымда жеткен жетіс­ті­гімнің бір парасы дер едім. Ақын шы­­­­ғармашылығына сусындаған оқыр­мандарыма да үлкен сый болады ғой деп ойлаймын.

Ал мемлекет тарапынан берілген мара­паттарыма келсем, «Сырдан ұшқан қар­лығаш» деген кітабым арқылы Ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атандым. Сондай-ақ Тәуел­сіз­дік­тің 30 жылдығына орай Қазақ ра­дио­сының ардагері ретінде «Құрмет» ор­денін кеудеме тақты. Сол сияқты түрлі мерекелік, мерейтойлық медальдармен ма­рапатталдым. Осының өзі елімнің ең­бегімді бағалағаны деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы