Мысалы, медицина саласындағы әйгілі футуролог Рэй Курцвейл: «2031 жылы адам ағзаларын басып шығаруға арналған 3D принтерлер кез келген деңгейдегі ауруханаларда қолданылады, 2032 жылы нанороботтар медициналық мақсатта қолданыла бастайды. Олар адам жасушаларына қоректік заттарды жеткізе алады», – дейді. Десе де, әлемдік медицина жетістіктері елімізді айналып өтіп жатқандай. Себебі елімізде халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы жиі сынға ілігеді.
Биыл да Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы елдегі медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділгін қатаң сынға алған болатын. Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес денсаулық сақтау саласын қаржыландыру бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті – денсаулық сақтау жүйесін дамыту болуға тиіс. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының айтуынша, медицинадағы қаржыландыру мөлшері, ашықтық пен оның тиімділігіне қатысты проблемалар саладағы негізгі қағидаттарды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
Қазақстанда 2020 жылдан бастап тегін денсаулық сақтау қызметтерін тегін көрсету жүйесі аралас тәртіпте қаржыландырылады. Яғни, қазір ол бюджеттік қаржыландыруға және міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне негізделген. Дегенмен сарапшылар аталмыш мәселелердің түпкі себебін қаржыландырудың жеткіліксіздігімен байланыстырады.
Тегін қызмет текке кетпесін десек
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стратегия департаментінің директоры, Дамир Көпжасаров, МӘМС жүйесін енгізудің негізгі тұжырымдамасы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру деген пікірде. Оның айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде амбулаториялық-емханалық көмекке жұмсалатын шығыстардың үлесі 2025 жылға қарай 60%-ға дейін жеткізумен кезең-кезеңімен арта түспек.
– 2023 жылдың қорытындысы бойынша, ТМККК және МӘМС шеңберінде амбулаториялық-емханалық көмекке жұмсалатын шығыстардың үлесі 57,3% құрады. МӘМС енгізілуімен 2020 жылдан бастап клинико-диагностикалық қызметтерді (КДҚ) қаржыландыру 15 есе, стационарды алмастыратын медициналық көмекті және амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді 3 есе, жоғары мамандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту және МСАК-ты 2 есе өсуі байқалады. Сонымен қатар бір тұрғынға Денсаулық сақтау шығындары 2 есеге – 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін өсті, – дейді ол.
Дегенмен Halyk Finance аналитикалық орталығы мамандары Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің негізгі проблемасы – тегін медициналық қызметтердің қолжетімді болмауы деген пікірде. Мысалы, егер қала тұрғынының қалтасы көтерсе ақылы түрде сапалы және кәсіби медициналық көмекке жүгіне алады. Елімізде дәрі тапшылығы жоқ сондықтан көптеген препаратты сатып алу да мәселе туғызбайды. Егер ауыл тұрғыны болса, медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерді төлеуге жеткілікті қаражаты болса да, сапалы қызмет алуға мүмкіндігі бола бермейді. Сарапшылар бұл жерде де мәселе халықтың нақты табысына келіп тірелетінін алға тартады. Өйткені жеке медициналық компаниялар табысы төмен ауыл-аймақтарда бөлімшелерін ашуға құлықсыз.
«Сондықтан еліміздегі табысы төмен азаматтар жеке немесе мемлекеттік медициналық ұйымда тегін қызмет алу барысында мынадай проблемамен бетпе-бет келеді:
– барлық медициналық қызметтер тегін қол жетімді емес;
– мамандандырылған тегін қызметті алу үшін бірнеше күн күтуге тура келеді;
– Көп жағдайда тегін медициналық қызметтер сапасыз, кәсіби емес, ескірген немесе тозған жабдықта, әсіресе ауылдық жерде тұрсаңыз тозығы жеткен бөлмелерде көрсетіледі», – дейді Halyk Finance басқарма басшысының кеңесшісі, қаржыгер Мұрат Темірханов.
Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігіндегі тағы бір өзекті мәселе халықты МӘМС жүйесімен қамту мәселесі. Өйткені Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәлімдеуінше, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде 3,6 млн адам, яғни халықтың 18,1%-ы МӘМС жүйесінен тыс.
«Осыған байланысты, заңнамалық деңгейде 2025 жылдан бастап жергілікті атқарушы орган қаражаты есебінен МӘМС жүйесіне дағдарыстық (D), шұғыл (E) әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бар адамдардың санаттарын тарта отырып, МӘМС жүйесімен халықты қамтуды арттыру мәселесі пысықталуда. Бұл шаралар МӘМС жүйесінде дағдарысты және шұғыл деңгейі бар адамдар санатынан 948 мың адамға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек аумақтық жақындығын қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Енді 50 тұрғыны бар ауылдарда мейірбике алғашқы медициналық көмек көрсетеді, бірақ орын-жай қарастырылмайды. Ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайтылады, – дейді Д.Көпжасаров.
Бұл мемлекет тарапынан мәселенің түйінін тарқатуға бағытталған шаралар десек, қазіргі ахуалымызды ЭЫДҰ мүше дамыған елдерімен салыстырған тәуелсіз сарапшылар әлі де атқарылар жұмыс жеткілікті екенін аңғартып отыр. Мәселен, Halyk Finance зерттеу орталығы еліміздегі тегін медициналық қызметтерді қаржыландыру мөлшерін отырып көрсеткен. Инфографикада Қазақстандағы денсаулық сақтау шығындарына жұмсалатын қаражаттың ЖІӨ-ге қатынасы ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен екенін көруге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бюджеттік қаржыландыру кезінде жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін медицинаға жұмсалатын шығыстардың ең төменгі деңгейі дамыған мемлекеттерде ЖІӨ-нің 6-9%-ына және дамушы елдердегі ЖІӨ-нің кемінде 5% -ына жеткізуді ұсынады.
«Бәріміз біріміз үшін»
Мәселен, АҚШ-та денсаулық сақтау саласын бюджет емес, сақтандыру ұйымдары қаржыландырады. Нәтижесінде, медициналық ұйымдары тиімді жұмыс істейді. Америка Құрама Штаттары ғылыми зерттеулердің деңгейі мен тиімділігі бойынша әлемде жетекші орын алатыны жасырын емес. Ондағы денсаулық сақтау ең озық медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен және керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Медицина саласындағы Нобель сыйлығының көп бөлігін АҚШ өкілдері алады. Тіпті, соңғы 20 жылда жасалған барлық жаңа дәрі-дәрмектердің жартысына жуығы АҚШ-та жасалған. Табыс деңгейі бойынша да америкалық дәрігерлер басқа елдердегі әріптестерінен әлдеқайда жоғары.
Елімізде МӘМС жүйесі енгізілгенімен әлі де саланы мемлекеттік қаржыландыру жүйесі басым түсіп отыр. Мұны Денсаулық сақтау министрі төмендегідей түсіндіреді.
«МӘМС жүйесі – жинақтаушы емес және дербес шоттарды көздемейді, бірақ ынтымақтастық қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бұл медициналық көмекке жүгінбейтін азаматтардың жарналары жоғалып кетпейді, қайтарылмайды, бірақ емделуге мұқтаж басқа пациенттерге қайта бөлінеді дегенді білдіреді. Бұл, әсіресе құны 1 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейінгі қымбат тұратын медициналық көмек көрсету жағдайларында, жинақтау жүйесі шеңберінде мүмкін емес айрықша технологияларды қолдану жағдайларында өте маңызды», – деген болатын ведомство басшысы.
С.Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының 2022 жылғы есебіне сәйкес, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік денсаулық сақтау шығындарының 35%-ын қамтылған. Ал қалған 65%-ы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз ету шығындары – 54%, ал профилактикалық және емдік шараларды қамтитын бюджеттік бағдарлама шығындары – 11%.
Дәрі-дәрмектің «дәрмені» қандай?
Halyk Finance аналитикалық орталығы мамандарының айтуынша, халықтың қалтасынан медициналық қызметке төленетін төлемдер кез келген елдегі халықтың қаржылық жүктемесінің өте маңызды көрсеткіші. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметтеріне сүйенсек, МӘМС енгізудің әсерінен азаматтардың қалта шығысының көлемі 2019 жылғы 33,8%-дан 2022 жылы 31,1%-ға дейін қысқарған.
Дегенмен тәуелсіз сарапшылар «Қазақстанда медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге халықтың қалтасынан төленетін төлемдердің жалпы сомасы статистиканың жетілмегендігіне және бейресми төлемдерге байланысты айтарлықтай төмендетіліп отыр. Яғни, іс-жүзінде Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша ЭЫДҰ елдерінен айтарлықтай артта», – деген пікірді алға тартуда.
Қор мамандары өз кезегінде елімізде 2019 жылдан бері КТ/МРТ қызметтерінің қолжетімділігі
7 есеге, ал оны қаржыландыру көлемі 9 есеге өсті. УДЗ қызметтерінің қолжетімділігі 2 есеге және де қаржыландыру көлемі 4 есеге өскенін мәлімдеп отыр. Сондай-ақ 10 және одан да көп күн күтетін консультациялық диагностикалық қызметтердің үлес салмағы, 2020 жылғы 14%-дан 2023 жылғы 9%-ға дейін айтарлықтай қысқарғанын жеткізді.
«Қазір Денсаулық сақтау министрлігі пациенттің бағытын оңтайландыру, кадрлық әлеуетті ұтымды пайдалану мақсатында медициналық көмек көрсету тәртібі бойынша қажетті өзгерістер енгізу үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны талдау бойынша, сондай-ақ жүгіну мен аурудың себебіне байланысты клиникалық-диагностикалық зерттеулер тізбесі бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар қолданыстағы бизнес-процестер, оның ішінде ақпараттық жүйелерде де жетілдірілуде. Бұл шаралар емханалардағы кезектерді қысқартуға, бастапқы буын жұмысының жеделдігін арттыруға, медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді», – дейді Дамир Көпжасаров.
Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандыруды, инвесторларды тартуды, технологиялар мен жаңа әзірлемелердің трансфертін қамтамасыз етуді, отандық өндірушілермен оффтейк-келісімшарттардың көлемі мен номенклатурасын кеңейтуді және отандық өндірістің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарының үлесін 2025 жылдың өзінде-ақ 50%-ға дейін жеткізуді тапсырған еді.
Жақында Сенаторлар қолжетімді медицинаға мұқтаж елдердің дәрілік препаратқа қол жеткізуді жеңілдетуге бағытталған заңды да қарады. «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң ДСҰ-ға қатысушы елдерге патенттелген дәрі-дәрмекті экспортқа мәжбүрлеу лицензиясы бойынша құқық иесінің рұқсатынсыз дәрілік заттарды өндіру құқығын береді.
Сенаторлардың айтуынша, заңның қабылдануы дәрілік препараттарға қолжетімділікті жеңілдетуге, елдегі фармацевтика өнеркәсібін дамытуға жәрдемдесуге, сондай-ақ сауданы дамыту үшін Қазақстанның әлемдік нарықтарға қол жеткізуіне қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етпек.
Кез келген елдің бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін орташа өмір сүру ұзақтығы арқылы бағалауға болады. Кеңес одағы дәуірінде, 1987 жылы еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 69,3 жыл болған. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендей бастады және 1996 жылға қарай 64,1 жыл деңгейіне түсті. Яғни, 9 жылда 5,2 жылға төмендеп, 1978 жылғы көрсеткіш – 64,2 жылға жақындаған. Еліміз тек 2011 жылға қарай 1987 жылғы көрсеткіштерге қол жеткізе алған болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтырғы жылдың сәуір айында бұл көрсеткіш 74,44 жасқа дейін өскен. Бұл еуропалық көрсеткіштен 10-11 жылға аз. БҰҰ-ның 2022 жылдың наурызында жарияланған Life Expectancy Index атты зерттеуінде Қазақстан өмір сүру ұзақтығының индексі бойынша әлемде 167-орынға ие. Осыдан-ақ елдің денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін бағамдауға болады.
Кәмила ЕРКІН