Қауіпті радон немесе баланы сәуледен сақтайық

Экономиканың негізгі драй­вері – өнеркәсіп орындары десек те, оның эколо­гия­лық ахуалға елеулі кері ық­палы бары көп жағдайда көз­ге ілінбей жатады.

Мұны күн­делікті тіршілікте өндіріс орын­дарына қоңсылас орна­ласқан елді мекендердегі топырақ қабаты мен ауаның, өзендері мен көлдердің лас­тануынан анық аңғаруға бо­лады. Алайда заң талаптарын өрескел бұзып, қоршаған ор­таны аса ауыр зиянды қал­дық­тарға толтырған жағдай­лар­ды қолмен істегендер асып кетсе, айыппұлмен құты­­лып жат­қанын байқап жүрміз.    

Ақмола  облысындағы Степногорск қаласының іргесінде орналасқан шағын ғана Ақсу және Заводской кенттерінің айналасы ірі өндіріс ошақтарынан ешқашан арылған емес. Керісінше, жыл санап көбейіп келе жатқандай. Өткен ғасырдың сонау 1930 жыл­дарында-ақ бұл елді мекендер ор­наласқан аймақта алтын өн­діріле бастаған. Кейінірек сол мол алтын қоры бар аймақта ірі кен орындары мен шахталар, үйлер, тау-тау болған қалдық үйінділер, қазылған терең шұңқыр карьерлер пайда болған. Қазір өндірістік аймақтағы екі ірі кенттің тұрғын­дары алтын өндіру компанияларында, Степногорск ЖЭС-де, сондай-ақ подшипник зауыттарында жұмыс істейді. 

Ақсу кентінің белсенді тұр­ғынд­арының бірі Григорий Вингертер бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізудің арқасында Ақсу және Заводской кенті мектептерінде радон сәулеленуінің шектен тыс жоғары екенін анықтайды. Бұған  2022 жылы жергілікті СЭС қыз­меті арқылы тексеріс жүргізген кез­де куә болыпты. Алайда сол екі жылдан бері жергілікті әкімдіктен бастап, қала және облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау басқармасы мен министрлігіне, Экология ми­нистрлігіне тиісті құжатпен рас­талған дәлелдерін тапсыра отырып, хат жазғанымен, білім ор­даларында балалардың ағзасын­дағы қорғасын бар ма, жоқ па дегенді анықтайтын скринингтік тексеріс жүргізе алмай келеді. 

«Біріншіден, кен өндіру кезінде тұрғындардың өмірі мен ден­саулығына елеулі қауіп төнеді. Жоғарыдағы кент тұрғындары үйлерінің кейбірі, тіпті жөндеуге де келмей қалған. Тұрғындар біртіндеп басқа аймақтарға көшіріліп жатқанымен, мәселе түбегейлі шешімін таппай тұр. Екіншіден, Заводской және Ақсу кенттерінде радиациялық және радондық сәулелену аса жоғары. Иондаушы материалдың техногенді ошағы тұрғындардың өмірі мен денсау­лығына өте үлкен қауіп төндіріп тұр. Тексеріс қорытындысы бо­йын­ша халықтың техногенді көз­дерден сәулелену мөлшерінің қалыпты нормасы 1 миллизиверт (1мЗв) болса, мұнда іс жүзінде жы­лына 6,5 м3в-ке жетті.  Халық­аралық радиациялық қорғаныс жөніндегі комиссия да жылына 1м3в мөлшерді қалыпты, 1-5-ке дейінгі сәулеленуді төтенше эко­логиялық жағдай, ал 5м3в асқан жағдайда экологиялық апат ретінде тануды ұсынған. Ақсуда топы­рақтың құрамындағы қорғасын­ның да деңгейі өсіп кеткен. Бұл балалардың ақыл-есі мен дамуы­ның тежелуіне әкеліп соғатын болып шықты. Әрі жүргізілген тексеріс бойынша ең көп радон сәулеленуі білім ордаларында екені анықталды. Бұған дәлел соңғы 2023 жылы ғана Заводской кентінде 8 бала, Ақсу кентіндегі тағы 8 бала аутизмге шалдыққаны осы сөзіме айқын дәлел», – дейді Г.Вингертер. 

Григорий Вингертердің жүр­гізген зерттеулерінен кейін  іске кіріскен Астана медицина университеті мен Жапонияның Цукуба университеті де мектеп ғи­мараттарындағы радон мөлше­рінің шамадан тыс мөлшерде еке­нін анықтаған. Зерттеу нәти­жесі бойынша мектептің барлық қабатында радон белсенділігі 6965Бк/м3-тен асып кеткенін анықтаған. Қалыпты мөлшер 200 Бк/м3 ғана. Ал осыдан кейін СЭС қызметкерлері жүргізген тексерісте бұдан да жоғарылап 7391 Бк/м3 яғни қалыпты көр­сеткіштен 37 есе артық болып шыққан. 

Қоғам белсендісі түйткілді мәселені шешу үшін тек жергілікті масштабта төтенше жағдай жариялау арқылы елді мекендегі тұрғындарды  қауіпсіз орындарға көшіру мәселені біржақты шешуге ықпал етуге тиіс деп санайды. Түйткілді мәселені шешу мақса­тында мемлекеттік құзырлы ор­ганға бірнеше мәрте хат жолданып, арада хат алмасу өткенімен, еш нәтиже болмаған.  Мұнымен қоса, ол өңірде радон сәулеленуі мен радиациялық қауіп халықтан мұқият жасырылған деп санайтынын жеткізді. 

Балалардың ағзасына скринингтік тексеріс жүргізуді сұра­ғанымен, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы оның Ден­саулық сақтау министрлігі бекіткен талапқа сай келмейтінін, сондықтан тексеріс жүргізіл­мейтінін мәлімдеген. 

«Ақсу және Заводской кенті балаларының ағзасында қорға­сын­ның бар-жоғына скринингтік зерттеу жүргізуге қатысты Қа­зақстан Республикасында бала­ларға скрининг Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылдың 30 қазанындағы №ҚР ДСМ-174/2020 «Скринингтік зерттеулерге жатқызылған мақ­сатты тұлғалар тобын бекіту со­нымен қатар аталған зерттеулерді өткізу көлемі мен кезеңділігі туралы» бұйрығына сәйкес өт­кізіледі. Талдау барысында Ақсу және Заводской кентінде балалар арасында аурудың өсуі байқал­мады. Анықтама түрінде келтірсек, қорғасынның бала ағзасында­ғы әрекеті қан аурулары, есту қа­білетінің ішінара бұзылуы, ги­пер­бел­сенділік, жұмысқа қа­білет­ті­ліктің төмендеуі, ақылы мен фи­зи­калық дамуының  төмен­деуіне әкеліп соғады. Өз кезегінде бас­қарма «Алтын Алмас» ЖШС-ның әкімшілігіне Қазақстан Респуб­ликасының Әкімшілік іс жүргізу кодексінің 91-бабының 3-тар­ма­ғына сәйкес қажетті зерт­теу өт­кізуге ықпал ету туралы хат жол­дады», – деді Ақмола облы­сының Денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының орынбасары Елена Иванова. 

Степногорск қаласы әкімдігі аталған мәселеге орай арнайы жиын ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша Степногор қалалық Санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау басқар­масы мен Төтенше жағдайлар басқармасына міндет жүктелгенін жеткізді. 

«2023 жылдың 29 қыркүйегінде өткізілген жиын хаттамасына сәйкес Степногорск қалалық СЭС басқармасына ауыр метал­дар­дың бар-жоғын анықтау үшін топы­рақты зерттеу сынамаларын алуға Ақмола облысының Экология департаметіне хат жолданды.Тиісті жағдайды бақылауға алу қалалық СЭС басқармасы мен Төтенше жағдайлар басқармасы­на жүктелген», – делінген Степногорск қаласы әкімдігінің жауабында. 

Тиісті тексеріс жүргізген Степ­­ногорск қалалық СЭС бас­қар­масы расында да, судың құра­мында қорғасынның рұқсат етіл­ген мөлшерден аса жоғары екенін анықтаған. 

«Суда қорғасынның бар-жоғын анықтау мақсатында СЭС басқармасы Ақсу және Степ­ногорскінің орталықтандырылған ауызсуын, Сілеті су қоймасын, Ақсу өзенінің суына мониторинг жүргізді. Суда қалыпты қорғасын мөлшері 0,03мг/дм3 болуға тиіс. Бірақ зерттеу нәтижелері бойынша 9 сынамада алынған суда қор­ғасынның шамадан тыс көп екені анықталды. Сондай-ақ басқарма Ақсу кентінің маңындағы аумақ­тың топырағында ауыр метал­лардың болу-болмауын анықтау үшін жүргізген мониторинг бойынша да қорғасынның 0,5-тен 118,0 мг/кг-ға дейін екені анық­тады. Ал қалыпты деңгей 32,0 мг/келіден аспауға тиіс. Топырақтан алынған қорытындыларды одан әрі өз құзыреті шеңберінде шара қолдану үшін Ақмола облысының Экология департаментіне жолдады», – дейді Степногорск қалалық СЭС басқармасының басшысы Гулюза Абрамович. 

Алайда Экология департаменті бұл түйткілдің өз құзыретіне кір­мейтінін туралы мәлімдепті. 

«Топырақтың қорғасынмен ластануы туралы мәліметті тексеру департаменттің сынақ зертха­насының аккредиттеу саласына кірмеуіне байланысты тексеріс жүргізу мүмкін емес. Сонымен қатар Степногорск қалалық СЭС ақпаратына сәйкес Ақсу кенті тұрғындарының өтініші бойынша ауыр металл тұздарының құрамы­на топырақ сынамалары алынды. Онда қорғасын құрамының артуы анықталды. Қазір Ақсу кенті маңында бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорын орналасқан. Әкімшілік ден қою шаралары үшін топырақта қорғасынның болу себебін анық­тау, сондай-ақ топырақта қорға­сынның болуы мен белгілі бір кә­сіпорынның қызметі арасын­дағы тікелей байланысты анық­тауы қажет. Ол үшін мүдделі мем­лекеттік органдармен бірлесіп қосымша зерттеулер жүргізуі қажет. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік органдармен ынтымақ­тастықта жүргізілетін болады», – деді Ақмола облысы Экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметов. 

Сонымен, әзірге балалардың ағзасына қауіп төндіріп тұрған радон сәулеленуі мен топырақта қорғасынның бар болу мүмкіндігі аса жоғары екенін іргелі жоғары оқу орындарының зерттеулері растағанымен, мемлекеттік құ­зырлы органдар бүлдіршіндердің денсаулығын тексеруге асығар емес. Болашақ ұрпақтың ден­сау­лығына ауыр қатер төнуі рас­тал­ғандықтан, құзырлы министрліктер мен ведомстволардың аталған жағдайға дереу арада назар аударып, тиісті тексеріс жүргізіп, жер­гілікті атқарушы органдармен бірлесіп шара қабылдауы жөн деген ойдамыз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы