Одан бөлек, Азия чемпионаттарында: 10 алтын, 9 күміс және 8 қола, ал әлем чемпионаттары мен кубоктарында: 3 алтын, 2 күміс, 4 қола (жалпы 9) медальға ие болды. Бұл туралы Шымкент қаласының Денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов баспасөз брифингінде атап өтті.
Бүгінде үшінші мегаполисте 33 спорттық ұйым жұмыс істеп тұр. Оның 16-ы балалар-жасөспірімдердің және біреуі мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебі. Одан бөлек, жоғары спорт шеберлігіне арналған, Олимпиада резервін даярлау орталығы, кәсіби спорт клубы, су-спорт кешені мен мемлекеттік жеке әріптестік аясындағы спорт нысандары бар. Аталған мекемелерде спорттың 74 түрі дамытылып келеді. Оның 37-і олимпиадалық, 28-і олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері. Сондай-ақ 18 490 спортшы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізіп жатыр.
Айта кету керек, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары тізбесінде спорт саласы бойынша 4 нысаналы индикатор аясында денешынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 пайызына дейін жеткізу қарастырылған. Сонымен бірге халықтың 1 000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу шарасы, денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын жастарды спортпен қамту қажет. Қазір үшінші мегаполисте құрылысы жүріп жатқан №12 спорт мектебі жуырда пайдалануға берілмек. Ал құрылысына бюджеттен 1,8 млрд теңге қаралған №15 спорт мектебінің іргетасы таяу күндері қаланбақ.
Сонымен қатар биыл балалар игілігіне ұсынылатын нысандардың қатарында Еңбекші ауданы Еламан тұрғын алабында жеке кәсіпкер тарапынан салынған «ЕЛАМАН» спорт кешені, SPORT LIFE шағын футбол орталығы да бар.
Ермек Аманжолұлы биыл жергілікті бюджеттен спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 2 млрд 866,0 млн теңге қаржы қарастырылғанын атап өтті. Қазір жан басына нормативтік қаржыландыру платформасында 109 кәсіпкер біліктілік іріктеуден өтіп, спорттың 17 түрінен 195 секцияда 12 024 баланы спортқа баулып жүр. Осы жоба аясында 328 жаттықтырушы мен 200-ге жуық осы сала маманы жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Жыл басынан бері қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, бұқаралық спортты дамыту, спортпен шұғылдануға тарту мақсатында қала аумағында 97 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 11 мыңнан астам адам қатысқан. Алдағы күндері кәсіби мерекелер қарсаңында Спартакиада жарыстарын өткізу жоспарланып отыр.
Қалалық Денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов биыл жыл басынан бері 1 еңбегі сіңген жаттықтырушы, 6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 79 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалғанын тілге тиек етті. «Биыл Париж қаласында өтетін ХХХІІI жазғы Олимпиада ойындарына қаламыздың үміткер спортшыларымен өз құзіретіміз шегінде тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде Олимпиада ойындарына 5 спортшымыз (нысана көздеуден Никита Чирюкин, бокстан Сабырхан Махмуд, Таеквондодан Абабакиров Самирхон, семсерлесуден Алимжанов Эльмир мен Сертай Ерлік) жолдама жеңіп алды. Алдағы уақытта грек-рим күресі, көркем гимнастика, стенд ату, әйелдер боксы, байдарка және каноэда есу спорт түрлерінен Олимпиада ойындарына 5 жолдама жеңіп алу жоспарланып отыр», – деп атап өтті Ермек Аманжолұлы.
Қазір Олимпиада ойындарына үміткер спортшылардың тізімдері жасақталып, Олимпиадаға дейін қатысатын рейтингтік және лицензиялық жарыстары бекітіліп, спортшылар қызу дайындыққа кіріскен.
Басқарма басшылығы брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін алдағы күндері салынатын спорт нысандарының қазіргі жай-күйімен де таныстырды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы