«Batyr Bolamyn» қорының президенті Ернұр Сәбікенұлы баршаны құттықтап, биыл өзге де аймақтарда талантты жастарды қолдауға арналған тағы 100 спорт залын ашу жоспарға қойылғанын алға тартты.
«Batyr Bolamyn» қоры Алматы облысындағы ауыл балаларын тағы бір спорт кешенімен қуантты
562
оқылды

«Batyr Bolamyn» қорының қолдауымен Алматы облысының Асқар Тоқпанов ауылында балаларға арналған спорт кешенінің тағы бір ашылу салтанаты өтті. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігі және серіктестігімен жұмыс істеп жатқан қор шалғай аймақта осымен 40-тан аса спорт залын ашып үлгерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Batyr Bolamyn» қорының қолдауының арқасында ауыл-аймақтағы көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар бокс, қазақша күрес, баскетбол, дзюдо, үлкен теннис, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және т.б. спорт секцияларына тегін қатыса алады.

Қор бұл жолы еркін күрестен әлем чемпионатының бірнеше дүркін және Азия чемпионатының жеті дүркін жүлдегері, қазақстандық палуан Дәулет Ниязбековтың бастамасына қолдау білдірді. Атап айтқанда палуан бүгінде шәкірт дайындауға ниеттеніп Асқар Тоқпанов ауылында «Niyazbeov kures zaly» спорт залын ашқан еді. «Batyr Bolamyn» қоры өз тарапынан керекті жабдықтармен, спорттық саймандармен қамтамасыз етіп, ауыл балаларына спортпен емін-еркін айналысуына мүмкіндік жасады. 

Ниязбеков қазір спорт секцияларына 100-ден аса баланың қатысатынын алға тартты. Олар түрлі спорт түрлеріне арнайы кестемен кезекпен жаттығуға келеді екен. «Batyr Bolamyn» қоры бұл спорт залды бокс қолғаптары, гір тастары, доп, секіртпе, арқан сияқты тағы да басқа көптеген жаттығуға арналған құрал-саймандармен жабдықтады. Қорды Арман мен Асыл Уахап есімді азаматтар құрған. Олар спорт залдың ашылу салтанатын жоғары деңгейде ұйымдастырып, Тоқпанов ауылының тұрғындарына қуаныш сыйлады. Ал «Batyr Bolamyn» қорының президенті Ернұр Сәбікенұлы баршаны құттықтап, биыл өзге де аймақтарда талантты жастарды қолдауға арналған тағы 100 спорт залын ашу жоспарға қойылғанын алға тартты

«Бұл біз үшін дүбірлі той. Мына залдың ашылуына сеп болып, басы-қасында жүріп, қол ұшын тигізіп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Осы залды ашып жатқан Дәулет елдің, ұлттың мақтанышы. Кеше ғана елімізге жеңіс әкелсе, қазір сол жеңісін балалармен бірге жалғастырмақшы. Расында осындай азаматты тәрбиелеген ата-анасына алғыс айтамыз. Мұндай жаттықтырушымен біздің елде әлі де чемпионар шығатынына сенімдіміз. Бұл зал бірінші Дәулеттің еңбегі. Ал қолдаушы ретінде осындай азаматтың бастамасын жалғастыра алсақ нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын. Осы тұста шалғай жерлерлерде балалардың спортпен еркін айналысуына қолдау көрсетіп жатқан «Қазақстан халқына» қорына да алғыс айтамын. Ынталы жастарды қолдау біз үшін де үлкен қуаныш. Алдағы уақытта биылға жоспарланған әлі 76 залымыз бар. Оның екеуі міне ашылып жатыр. Оған дейін ашылған 40 залымыз бар. Сонда барлығы 100-ден аса зал  болмақ. Осындай қарқында ертеңгі чемпиондарымыз көп болсын», – деді Ернұр Сәбікенұлы. 

Залдың ашылу салтанатына қызмет ету мерзімінде 70-ке жуық қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың бастамашысы болған “Қазақстан халқына” қорының өкілдері де қатысты.

Атаулы шарада Азамат Дәулетбеков, Нұрлан Бекжанов, Нұрқожа Қайпанов, Әлішер Ерғали, Демеу Жадыраев, Ғалым Үсербаев секілді ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері, олимпиада лицензиясының иегерлері келді. Оларды ауыл балалары қуана қарсы алып, шабыттана түсті.

Іс-шарада қадірлі қонақ ретінде халықаралық спорт шебері, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, ҚР бокстан Еңбeк сіңірген жаттықтырушысы Ермахан Ыбрайымов та бой көрсетті.

«Құрметті жиналған қауым, бүгін Дәулет Ниязбековтың айтулы спорт залы ашылып жатыр екен. Мұндай залдар көптеп салынуы керек. Оны қолға алып, қолдау мен демеу білдіріп жатқан “Қазақстан халқына”, "Batyr Bolamyn" қорларына алғыс айтамыз! Бүкіл Қазақстанда ашылып, жатыр. Шын жүректен сезіп тұрмын. Осы ашылып жатқан залдан бәлкім 8-10 жылдан кейін болар, әйтеуір бір Олимпиада чемпионы шығады. Бұл жерде Дәулет Ниязбековтың өзі қалай күрескенін біз өте жақсы білеміз. Ол өзінің шеберлігін кішкентай балаларға береді. Сондықтан міндетті түрде чемпион шығады. Сол кезде мұнда тағы да осындай үлкен той жасалатынына кәміл сенемін. Мұндай спорт залының арқасында болашақ жеткіншектеріміздің дені сау, мықты, азамат болып тәрбиеленеді. Құтты болсын! Бәріміз спорт залдың өсіп-өркендеуіне үлес қосайық», – деді Ермахан Ыбрайымов.

Осылайша Тоқпанов ауылының балалары жаңа, кең әрі ішінде барлық мүмкіндік жасалған залмен қоса өздері үлгі тұтқан спортшыларды көріп одан сайын қуана түсті.