Ал Қарқаралы ауданында жыл сайын 23 мыңнан астам туристке қызмет көрсететін 37 үй мен демалыс аймағы жұмыс істейді. Өңірдің туристік әлеуетін дамыту Қарағанды облысының әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
Қарағанды облысында туризмді дамыту жұмыстары арнайы бекітілген «Туризм саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі Жол картасы» аясында жүргізілуде.
Туризмді дамытудың негізгі нүктелері – Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы өңірі.
– Балқаш және Қарқаралы ауданының әкімдері «ҚазАвтоЖолмен» бірлесіп жол бойында және туристік тартымды жерлерде жаңа санитарлық-гигиеналық тораптар салу жөніндегі жұмысты жалғастыруы тиіс. Жолаушылар көлігі басқармасы туристік аймақта қажет болған жағдайда маршруттар санын көбейте отырып, көлік құралдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етсін. Жаппай демалу орындарындағы қауіпсіздік мәселесі маңызды болуы керек, – деп тапсырды Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Айта кету керек, Қарағанды облысында туристер үшін ең тартымды орындар Балқаш курорттық аймағы және Қарқаралы ауданының табиғи оазисі болып қала береді. Олар биыл ТОП-20 және ТОП-50 бағытқа кірді. Қонақтарға жайлы болуы үшін туристік инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Туризмді дамыту үшін Балқашта Жол картасы әзірленіп, бес негізгі бағыт анықталды. Оның ішінде Бертіс шығанағы ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды абаттандыру, салу жұмыстары аяқталды. Бірінші және екінші жолақта 28 учаске анықталды. Мамыр айының ортасында біз екінші қатардағы демалыс аймақтарын салуға аукционды бастаймыз, бірінші қатардағы демалыс орындарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы түзетуге жіберілген. Осылайша, алдағы жылдары бізде 28 жаңа демалыс аймағы пайда болады, – деді Балқаш әкімі Сапар Сатаев.
Ал Тораңғалық және Шұбар-түбек кенттерінде су құбырын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. бір сөзбен айтқанда, Балқаш жағалауын абаттандыру басталды.
Қарқаралы ауданында жыл сайын 23 мыңнан астам туристке қызмет көрсететін 37 үй мен демалыс аймағы жұмыс істейді. Көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін Қарағанды – Қарқаралы жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Инвесторларды тарту үшін Қарқаралы табиғи паркінің аумағында жалпы ауданы 10 гектардан асатын 20 жер учаскесі бар. Туризмнің өсу нүктесі ретінде Қарқаралының батыс бөлігінде, ұлттық табиғи паркімен шекарада «Бұғылы» рекреациялық аймағы анықталды. Салынып жатқан «Ту тұғыры» мемориалы мен бөгет ауданы аймақтың жалғасы болады, – деді жиында Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Қарқаралы курорттық аймағын танымал ету үшін қаланың мерейтойын мерекелеу аясында Mountain Bike веломарафоны, блогерлер мен БАҚ үшін ақпараттық тур, сондай-ақ «Бұғылы Travel» марафоны ұйымдастырылады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ