Сондықтан да соңғы жылдары БҚО бойынша жол құрылысына қатты көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде облыста 577 шақырым жол жөнделеді. Ол үшін бюджеттен 112,9 млрд теңге қаржы бөлінген.
Батыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетовтің сөзінше, ең қуантарлық жаңалық – биыл «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы», «Өнеге – Бисен – Сайхын» автожолдарында жөндеу жұмыстары аяқталатыны.
Бұл жол ең көп сыналған жол-тұғын. Себебі Жәнібек, Орда аудандары – облыстың ең шалғай аудандары. Осы аудандардың халқы жол азабын әбден тартты. Айтпақшы, БҚО-ға келетін әр әкім осы Орда мен Жәнібекке жол салып беремін деп уәде береді. Бұл бір жағынан әкімдердің халық алдында абырой жинауына жақсы себеп болғандай. Жол азабын әбден тартқан қара халық «Сендерге биыл тақтайдай тегіс жол салып беремін» деген сөзді айтқан әкімді көкке көтеруге бар. Бұл құр сөз емес. Бұрнағы жылдары облысты басқарған Алтай Көлгінов 2020 жылы Орда мен Жәнібекке жол баратынын, халық енді жол азабын тартпайтынын айтып қалды. Халықтың қуанғанын көрсеңіздер. Бір-бірінен сүйінші сұрап, ел біткеннің бәрі Көлгіновті көкке көтерді. Бірақ қазір 2024 жылдың төрт айы бітті. Ал Орда мен Жәнібектің жолы әлі біткен жоқ. Әлі салынбаған 23 шақырымы бар екен.
Жәнібек пен Орда аудандарында 30 мыңға жуық халық бар. Ресеймен шекарадағы стратегиялық аймақ. Оның үстіне, қос ауданмен шектесетін Астрахан және Волгоград облыстарында 200 мыңнан астам қазақ тұрады, олар атажұрттағы бауырларымен тарихи, туыстық байланыстарының үзілмеуіне мүдделі-ақ.
Екі ауданның туристік тұрғыдан да әлеуеті жоғары. Мәселен, Жәнібек Сталинград майданының жақын тылы ретінде туриске қызықты. Соғыс жылдары мұнда эвакогоспиталь орналасты, жау ұшақтарының бомбасынан жарылып кеткен эшелонда болған Гатчинск дивизиясының сарбаздары жерленген бауырластар зираты, қабырғасын снаряд шұрқ тескен су мұнарасы, басқа да тарихи орындар жетерлік. Бөкей ордасы, аты айтып тұрғандай, қазақтың соңғы хандары Бөкей мен Жәңгірдің атақонысы. Қазақ даласында алғашқылардың қатарында қазынашылық үйі, мектеп пен дәріхана салынған, сусымалы құмға сұлу қарағай орманы отырғызылған, ағартушы Шәңгерей Бөкеевтің басшылығымен тұңғыш фотостудия ашылған тарихи мекен. Күні бүгін ол үлкен мұражайға айналған. Осындай туристік тартымдылық жол жоғынан көзге түспей жатыр.
Облыста жолға бөлінетін қаржы мол. Бұл салада жемқорлық та қылаң беретіні бар. Ең өкініштісі – жолдың сапасын тексеріп, халыққа дұрыс жол салынуын қадағалауы тиіс мекеме басшысының пара алу үстінде ұсталғаны. 2023 жылдың 30 қарашасында Орал қаласы мамандандырылған тергеу сотының шешімімен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» БҚО филиалының директоры Зауырбек Қыпшақбаев қамауға алынды. Ол жол салған мердігер компания басшысынан пара алған деген күдікпен ұсталған еді. Кейін қылмысы сотта дәлелденді. Сот үкімінде айтылғандай, Заурбек Қыпшақбаев салынған жолды экспертизадан өткізіп, жақсы деген қорытынды беру үшін мердігер компания басшысынан 32 млн теңге пара алған. Сот шешімімен Қыпшақбаев 10 жылға сотталды.
Облыста қазір жол құрылысы маусымы басталды. Биыл былтырдан қалған жобалар да аяқталады деп жоспарланып отыр.
– Биыл «Подстепное – Федоровка» жолын қайта жаңғырту жұмысына 15,6 млрд теңге бөлінді. Осы жолдың 36-72 шақырым және 72-108 шақырым учаскелерін қаржыландыру «КПО Б.В» компаниясының қаражаты есебінен әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде 2024-2025 атқарылатын болады. Сондай-ақ «Хан Ордасы ауылына кіреберіс» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарын биыл іске асыру жоспарланған. Жоба құны – 1,95 млрд теңге. Қазір мердігерді анықтау бойынша рәсімдер жүргізілуде, – деп атап өтті басқарма басшысы Бауыржан Айтмағамбетов.
Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге бюджеттен 19,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл қаржыға облыстық маңызы бар 91 шақырым жол жөнделеді деп күтіліп отыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы