Президент айтқандай, ол мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді, ел өңірлерінің басым көпшілігі алапат тасқынға ұшырады. Осы сын сағатта, қиын-қыстау заманда халқымыз бұра тартып, бір-бірінен теріс айналмады, бірліктің бәйгетөбесіне бірлесе ат байлап, қатар қимылдады. Осы арқылы әлем алдында мемлекет беделін де, өз қадірін де биіктетіп, мерейі өсті.
Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар екеніне осы күндерде жұртшылықтың көзі жетті деуге болады. Бұл күнде еліміздің мызғымас ауызбіршілігі сыналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде тасқын сумен күреске жеке тоқталуының жөні, жаны бар. Қ.Тоқаев қызыл судан елді аман сақтап қалуды Президент ретіндегі өзінің басты міндеті деп санайтынын жеткізді.
– Әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Шын мәнінде, апат деген айтып келмейді екен. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген аймақтарында алапат су тасқыны болып жатыр. Біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Соған сай Үкімет барлық қажетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде. Жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
БҰҰ дерегінше, бүгінде әлемде су басу қаупі бар территорияларда 1-2 миллиардқа дейін адам тұрып жатыр. Су басу – адамзат өркениетіне төнген ең қаһарлы, қауіпті нәубеттің бірі. Жер ғаламшарының басым бөлігінде тасқын байырғыдан бүгінгі заманға дейін зұлматты табиғи апаттардың тізімінде басты орында келеді.
Азды-көпті дерек келтіре кетелік. 1937 жылы жапон әскерін тоқтату мақсатында қытай солдаттары алып бөгетті жарып жібереді. Жаудың шабуылының жолы кесілген, бірақ тосыннан туындаған тасқыннан Қытайда 500 мыңнан аса бейбіт тұрғын мерт болды. 1970 жылғы 12 қарашада «Бхола» аталған циклон және соған ілесе жеткен топан су өткен ғасырдағы ең жойқын табиғи апат тудырды. Салдарынан, Шығыс Пәкістанда, Үндістанда 500 мыңдай адам қаза тапқан.
2004 жылғы 27 желтоқсанда Мадагаскардан Пхукетке дейінгі Үнді мұхитының жағалауын және аралдарын алып толқындар ұрды. Қуатты жер сілкінісінен туындаған күйретуші цунами кесірінен бір күн ішінде бірнеше елдің 200 мыңнан астам адамы қырылып қалды.
Жер-жаһанда ондай тауқыметті табиғи апаттардың қайталанбасына кепіл жоқ, керісінше, қаупі артты. Сарапшылар жағасынан жиі шығатын Яндзы, Хуанхэ сияқты өзен-көлдері көп көрші Қытайда жыл сайын үш-төрт мыңдай адам қызыл суға қарық болатынын айтып жүр.
Елдің бақытына орай, Қазақстанда Мемлекет басшысының өзі елді мекендерді су басу қаупіне баса мән беріп, оған жол бермеу шараларын жеке бақылауына алды.
Тасқынмен күреске сүбелі үлес
Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Қоғамның барлық өкілі бір атаның баласындай жұрт болып жұмылды, ел болып еңсерді. Бір-біріне шынайы жанашыр болды.
Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Атап өтер жайт, 45 мыңға жуық бала құтқарылды. Қазақстан олардан жаппай айрылғанда, болашағының бір тамырына балта шабылғандай ауыр қасірет болатын еді. Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалуға күш салынды.
Президенттің тапсырмасымен мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды. Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді.
Бірқатар аймақ инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті: баспана құрылысы басталған. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Бюджет пен қайырымдылық қаражаттарын қосқанда, 140 миллиард теңгеден астам қаржы жиналған. Ақша күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды.
Жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалатыны жарияланды. Сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев сендіргендей, ешкім елеусіз қалмайды, мемлекет шығынды түгел өтейді.
Қарғын сумен күресуге Қазақстан халқы Ассамблеясы зор үлес қосты. Мемлекет басшысы ҚХА-ның бұл тұрғыдағы жұмысын жоғары бағалады, тасқын басталғалы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істегенін атап өтті. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары дереу құрылды. Барлық өңірдегі «Достық үйлерінде» Ассамблеяның гуманитарлық көмек қабылдау және еріктілер жұмысын үйлестіру орталықтары ашылды.
«Жүректен жүрекке» ауқымды акциясы аясында апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен адамдарды азық-түлікпен, ыстық тамақпен, киім-кешекпен, қажетті заттармен және техникамен қамтып отыр.
Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты.
Нақтыласақ, еліміз бойынша су тасқынына қарсы күреске барлығы 20 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған екен. Оның жартысынан астамы Ассамблея арқылы тартылды. Олардың басым көпшілігі Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ақмола, өзге облыстардағы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне барынша жәрдемдесіп жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желіде жазды.
Еліміздегі волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру – маңызды міндеттің бірі. Мұны «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты өз мойнына алды. Ауқымды филиалдар желісі және мемлекеттік органдармен жұмыс істеу тәжірибесі бар «Жастар Рухы» ерікті құтқарушыларды жинау, гуманитарлық көмекті сұрыптау және жеткізу жұмысын тиімді атқарып отыр.
Еріктілер – қазіргі заман қаһармандары
Бірқатар өңірде тасқынның беті қайтқан жоқ, елдің батысында, солтүстігінде күн жылынып, тоң мен мол қар еріп, үлкен судың екінші легі келіп жатыр. Сондықтан жағдайдың қайтадан ушығып кетпеуі басты назарда болуы тиіс. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы да белсене атсалысып жатыр.
Еріктілердің бірі, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл тасқын қаупі күшейген сәуір бойы жауынгерлермен бірге Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және басқа өңірлерде болып, елді мекендерді су басудан қорғауға, арынды өзендердің жағалауларын бекітуге, бөгет-дамбалар тұрғызуға атсалысты. Ол осы орайда елдің ауызбіршілігіне сүйсінгенін айтады.
– Ел бірлігінің арқасында зардап шеккен жұртшылық апат алдында жападан жалғыз қалмағанын, бүкіл халық – өздерімен бірге екенін сезінді. Мемлекет пен кәсіпкерлер тарапынан қолдау бар. Жан сала қимылдап, күндіз-түні жалғасқан ауыр жұмыстан біраз титықтағанымен, әскерилеріміздің, волонтерлеріміздің қажыр-қайраты тегеурінді, көңіл күйлері жақсы. Мысалы, ерікті ретінде Батыс Қазақстан облысында қызмет еткенімде, жергілікті тұрғындар өздерін қорғауға жан салып жатқанымызды түсініп, алғыс айтты, бата берді. Сондай-ақ аптасына бірнеше рет монша жағып, шақырып тұрды. Жігіттерге әртүрлі тосап әкеліп, дәм татырды. Жергілікті әкімдіктер де қажеттімен қамтамасыз етті, – деді Бақытбек Смағұл.
Ол ұлттық армиямыздың ерен еңбегін де ерекше атап өтті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысын аралағанда, «Қызылжарда стратегиялық нысанды – халықты ауызсумен қамтитын сорғы стансасын су басқалы жатыр!» деген суыт хабар түсіп, әскермен бірге соған аттанды.
«Сонда небәрі 120 адам 100 мыңнан аса қапты құмға толтырып, бір түнде жасанды бөгет-дамба тұрғызып, тасқынның бетін қайтарды. Әйтпесе, су сорғы стансасы су астында қалғанда, Петропавл қаласы бірнеше айға сусыз қалатын еді. Нысанды қалпына келтіруге қыруар бюджет қаржысы да шығындалатын еді. Сол және басқа да проблемалардың бәрінен құтқарды. Жауынгерлеріміз бен еріктілерімізге зор алғыс айтқым келеді. Қазақтың бірлік деген қасиетті сөзі ірілік деген қадірлі сөзбен астасып жатқандай. Біз, Қазақстан халқы, бұл күндері бірлік пен ірілік таныта алдық!» – деді Qazaqstan Ardagerleri төрағасы Бақытбек Смағұл.
Ол осы қысылтаяң шақта халқымен бірге болып, көңілін демеген, рухын көтерген Қазақстан Президентінің қимыл-қарымын су басқан көрші елдің ақпарат құралдарының тағылым-үлгі ете, тамсана көрсеткеніне көңілі бір марқайғанын айтады. Мемлекет басшысы өз өнегесімен, ұлағатты ісімен еріктілерге күш берді.
ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Вайнах» шешендер мен ингуштер қауымдастығының тең төрағасы Юсуп Келигов тасқынмен күрес қасиетті қазақ жерін мекен еткен барлық ұлттар мен ұлыстарды топтастыра түскенін айтады.
«Қазақстан азаттықтың алғашқы күнінен достықты, бірлікті, теңдікті ту етіп келеді. Бірде-бір диаспораның өкілі қысым көрген емес. Олар алғысын осы күндері тағы білдірді. Әрбір елдің халқының қаншалықты бірауызды екені осындай қиын шақта сыналады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан татулықтың, келісімнің киелі шаңырағына айналғанын көрсетті. Біздің бәріміз бір халық болып, еліміздің өңірлеріндегі су тасқынына уайымдадық, көмек қылуға ұмтылдық. Зардап шеккен өңірлерге көмектен этномәдени бірлестіктер, Ассамблея волонтерлері қалыс қалған жоқ. Азық-түлік, санитарлық-гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмектер жинап, жеткізуге бір кісідей жұмылды», – деді Ю.Келигов.
Еліміздегі ұлыстар шын мәнінде, Отанымыздың шаңырағын биік ұстаған, берік тірек болған уықтарға айналды. Осылайша, табиғи апаттан тоз-тоз болмай, жүнжімей, бір тудың астында топтаса білген Қазақстан халқы бұл күндері Отанға деген сүйіспеншіліктің, патриоттық сезімнің, азаматтық борыштың, жалпыұлттық келісімнің ұлық үлгісін паш етті.
Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, уақытылы көмек көрсету, жаңа баспаналар тұрғызу және зардап шеккендерді бұрынғы қалыпты өміріне оралуына жағдай жасау міндетін қойды. Тұрғын үй құрылысы азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады, су басқан ауылдардың тұрғындары экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге көшіріледі, құрылыста, басқасында жаңа жұмыс орындары құрылады.
Президенттің тапсырмасымен табиғи нәубеттердің алдын алудың көптеген шарасы қабылданады. Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылады. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады.
Су қоймалары жаңғыртылып, жаңалары салынады. Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген тұрғызылады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. ТЖМ-нің арнайы техникасы, тікұшақтары мен ұшақтарының саны көбейтіледі. Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады.
Мұның бәрі халық пен билік арасындағы сенімді, ынтымақ пен келісімді одан ары нығайта түсуі тиіс. Қазақстан жұрты бірлікте болса, барлық қиындықты жеңе алады.
Айхан ШӘРІП