"Ол үшін әр аймақтағы бағалау комиссияның әр үй бойынша қорытындысы, негіздемесі, фото-видео дәлелдемелері нақты бір жерге жинақталуы тиіс" деп санаған Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев «AMANAT» фракциясының депутаттары атынан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Нартай Аралбайұлы: Су астында қалған баспана мен саяжайларды бағалауды жүйелеу керек
1,222
оқылды

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан 1 292 тұрғын үйге зақым келген. Соның 116-сы – Қаратөбе, 243-і – Сырым, 218-і – Бөрлі, 649-ы – Теректі, 43-і – Бәйтерек, 6-уы – Тасқала ауданында, ал 17 үй Орал қаласында орналасқан. 

– Бүгінгі депутаттық сауалым қарғын су қара шаңырағын ағызып әкеткен ағайынның арызы. Қызыл су арнасынан адасып аққанда қыларға амал таппаған адамдар топан судың беті қайтқанда далада қаңғырып қаламыз ба деп қорқып жүр. Алпыс күн тасыған су, алты күнде қайтқанмен қияметін қайтарып әкетпейді деп 2 апта бұрын дәл осы мінберден айтқаным да сол еді. Жерінің 800 шақырымынан Жайық өзені ағып өтетін Батыс Қазақстан облысындағы ағайынның ахуалы қазір арқамды аяздай қарып барады. Су астында қалған үйдің сыз тартатыны, қабырғасы көгеріп көпшілікті күркілдеген жөтелге душар қылатыны сараптамасыз-ақ саналы адам түсінетін дүние. 

Батыс Қазақстан облысындағы тағы бір күрделі ахуал саяжай мәселесіне қатысты. Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 839 саяжай учаскесін су басқан. Оның 14 466-сы – Орал қаласында, 112-сі – Бәйтерек, 245-і – Бөрлі, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан. Ол жақта мыңдаған адам тұрады. Саяжай дегенің қазақ үшін демалыс күндерін өткізетін емес, тұрақты тұратын орынға айналғалы қашан. Соның өтемақысына қатысты түсініспестік әлі тоқтамай тұр. Өйткені, ағынды судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қашан, қай жерден басқа үй ұсынылады? Бұл деректер әзірге орталықтандырылмаған. Ақпарат жұртқа жедел жетуі шарт.

Тасқын су тосыннан келгенде тосып үлгермеген мыңдаған қандас қазір БҚО-да сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Олардың әкімдікке барып жанайқайын жеткізгенін дүйім жұрт көрді. Сондықтан онсыз да қарғын судың салдарынан қара шаңырақсыз қалған азаматтардың заңды талаптарын уақытылы орындауымыз қажет. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай «салаға жауапты шенділер жауапкершілік алудан қашып жүргенде» ел қақаған қыста қатып қалады. 

Ұсыныс-талаптар:

1. Су астында қалған баспана мен саяжайларды бағалауы тиіс комиссия жұмысын бірізге келтіру керек. Сол үшін әр аймақтағы комиссияның әр үй бойынша қорытындысы, негіздемесі, фото-видео дәлелдемелері нақты бір жерге жинақталуы тиіс.

2. Баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті бағалануы қажет.

3. Әр үйдің, саяжайдың, техника мен төрт түліктің өтемақысы қашан төленетіні әр қорытындының ішіне жүктелсін. Ол ақпараттармен барлық азаматтың танысу мүмкіндігі болуы шарт.

4. Су астында қалған мыңдаған саяжайдың ауласында лас қалдықтарға арналған шұңқырлар болды, демек ондағы қалдықтар суға бетіне шықты. Сондықтан ол аумақтарға дереу санитарлық-профилактикалық шаралар жүргізу қажет. 

5. Ең негізгісі, Үкіметтің маңызды қаулыларын бүгінгі оқыс жағдайға сәйкес өзгерту керек. Олардың осындай төтенше жағдайдағы үй беру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен өтемақы төлеу тетіктерін қайта қарау керек.

Оның ішінде: 

- «Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 қаулысына өзгеріс енгізілсін. 

- «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» уәкілетті министрліктің 2022 жылғы 8 ақпандағы № 60 бұйрығына өзгеріс енгізілсін, – деді депутат.