Тұрардың жазған диктанты

Тарихтың ақтаңдақ беттерінде ақиқаты ашылмаған дүние көп. Бірі – сол тұстағы солақай саясаттың кесірінен бұрмаланған болса, енді екіншісі – архивтің шаң басқан құжаттарының арасында құпия құлпына таңылып жатыр.

Рас, егемендік таңынан кейін өшкеніміз қайта жаңғырып, жоғалғанымыздың бір бөлігі  табылғандай болды. Міне, сондай құнды дүниелеріміздің бірегейі  – Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловқа қатысты тың деректер. 

Жамбыл облысының мем­ле­­кеттік архивінде бү­гін­де «Совет өкіметін орнатушы­лар» қо­рында Тұрардай тау тұлғаға қа­тысты біршама құжат жинақ­тал­ған. Ол жерде түпнұсқа құжат­та­­­­рымен қатар, Ташкент, Шым­кент архивтерінде сақталған тың мұ­ралардың көшірмелері де сақ­талған. Рысқұловтың өз қол­таң­ба­сы Әулиеата уездік атқару ко­ми­теті қорының құжаттарында 1920 жылға дейін жиі кездеседі. Оның ішінде 1919 жылы ашар­шы­лық­қа тап болғандарды аман алып қалу мақсатында қоғамдық асха­на­лар құру туралы да тапсырмалық құ­жаттары бар. Ташкентте түп­нұс­­­қасы, ал өңір архивінде кө­шір­­месі сақталған 1926 жылғы Нау­рыз мерекесін тойлау туралы бұй­­рық құжат тіпті теңдессіз қа­зы­на. Сондай-ақ 1915 жылы Таш­кент педагогикалық училищесінде ем­тихан тапсырғанда жазған дик­тан­ты да қазір Тұрар Рысқұлов ту­ра­лы жинақталған мұралар қо­рын молайтып отыр. 

– Сол құжаттар арқылы біз Тұ­­рар­­дың жастық шағынан-ақ кү­рес­кер болған болмысын таны­дық. Ең алғаш «Бұқара» қазақ-қыр­­ғыз жастарының ревалю­ция­лық одағын құрғанын біліп, жа­­­­­зушы-журналист Мақұлбек Рыс­дәулетпен бірге архивтік ізде­ніс жұмыстарын жүргіздік. Бұл та­қырып бойынша архивтегі үл­кен еңбектің бірі – мұрағат құ­жат­та­рына шолу жасалды. Бүгінде ол шолу көпшілікке таптырмас құ­рал­ға айналып, өлкетану бағы­тын­да мектеп ұстаздары интер­рак­тивті оқулықтар дайындауда. 

Ал Тұрар Рысқұловтың 50 бет­тік ғұмырнамасы – тарих­шы­лар­ға теңдессіз олжа. Бүгінде ол құ­жат жіті зерттеліп, тарихшы-ға­лым Ордалы Қоңыратбаев архив құ­жаттары негізінде Тұрардың күн­делігін құрастырып, жарыққа шы­ғарды. 

Тұрардай тау тұлға туралы сөз қозғағанда жазушы Шер­хан Мұртазаның есімі қатар ай­тылады. Өйткені Тұрардың биік­тігін алғаш танытқан Шера­ға­ның ізденісі еді. «Қызыл жебе» ро­манында кездесетін Үсіп Саты­бал­дин, Нұршанов, Сарымолдаев, Тоқ­баев, Жанұзақов сияқты үзең­гілестері туралы деректерді алыс­қа бармай-ақ Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің құжат­та­ры­нан кезіктіруге болады. Ал Са­ты­балдин тіпті Тұрармен бірге оқы­ған тұсын, «Бұқара» рево­лю­ция­лық одағын құру сәттерін екі параққа естелік етіп қалдырған. Үсіп­тің жазуынша, көтеріліске Мер­кі орыс-түземдіктер мекте­бі­нің түлектері белсене қатысқан. Бұл жөнінде тұпнұсқасы Өзбек­стан Республикасының орталық мұра­ғатында, көшірмесі Жамбыл облысының мемлекеттік мұра­ғат­та­рында сақтаулы тұрған Тұрар Рыс­­құловтың партия қатарын та­залау науқанына байланысты жә­не Сталинге жазып берген қыс­қаша өмірбаяндық жазбасында нақ­ты әрі анық жазылған, – дейді Ш.Мұртаза атындағы руханият жә­не тарихтану орталығының «Шер­­хантану» бөлімінің мең­геру­шісі Назым Қожамарова. 

Осы құжатта Тұрар мек­теп­ті бітіргеннен кейін Мер­кіде сот­тың хат тасушысы болып жұ­мыс істегені айтылған. Одан кейін Піш­пек ауылшаруа­шылық учи­ли­щесін төрт жыл оқып бітіргені жа­зылған. Осы тұстағы ең қызық­ты мұрағат құжаты Тұрар білімін жетіл­дірмек мақсатта Самара орта ауылшаруашылық училищесіне құ­жаттарын тап­сырады. Тұрар Рыс­­­­­құлов естелік жазбасында: «Бір сөздің жалғауы дұрыс емес деп ем­тихан тапсыр­ған 250 адамның ара­сындағы «жал­ғыз түземдік» еке­німді де еске алмастан құлатып жі­берді» деп жазып күйінген. Одан соң қа­зақ­тың біртуар аза­ма­ты Ташкент мұғалімдер инсти­ту­тына оқуға түс­кісі келеді. Алайда бұл жерде оның мұсылман баласы екені алға тар­тылып, оқуға қабыл­да­май қоя­ды. Жамбыл облысы­ның мұрағат мұрасына осы оқу ор­нына түсу үшін жазған диктан­ты­ның көшір­месі жетіп отыр. Тари­хи құжатта бір тыныс белгісі­нен қате жіберіп, «-5» деген баға ал­ғаны көрсетілген. 

Аяқтан шалып, оқуға әділетсіз қабылдамаған соң Тұрар Оқу-ағар­ту министріне арыз жазады. Алайда осы тұста 1916 жылғы дүр­белең басталып кетіп, Тұрар қай­та­дан Меркіге келіп, көтері­ліс­ші­лер арасында түсіндіру, үгіт-насихат жұ­мыстарын қолға алады. Бұл кезде Тұрардың жасы небәрі 22-де бол­ған. Алайда тағы бір жазба­лар­ға сүйенсек, Тұрар өз жасын бір­ша­ма үлкейтіп жаздырғаны тура­лы айтылады. Демек, Ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Тұрар­дың жасы 18-де болуы да бек мүм­кін. 

Бүгінде Жамбыл архивінде сақ­талып тұрған Тұрар Рысқұлов­тың қолжазба диктанты сөз жоқ, құн­ды мұра. Бала Тұрардың қол­таң­басы сүйсінтіп қана қоймай, сол тұстағы солақай саясат пен қа­зақ кешкен қиын-қыстау кезең­ді аңғартып тұр. 

Әрине, мұндай құнды мұралар өт­кен күннен сыр шертумен қа­тар, кейінгі ұрпақтың бойына пат­риоттық рухты ұялататыны анық. Әрі осындай тарихи ашылу­лар арқылы Тұрар туралы тағы тың деректер жарық көреді деген се­нім мол. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы