Кейінгі уақытта елімізде креативті индустрия саласына ерекше ден қойылып, осы бағытта қолға алынуы тиіс іс-шаралардың саны артқанын байқаймыз. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында креативті индустрияны дамытудың тиімді тұстарын атап көрсетті.
Сенімге серпін берген сала
744
оқылды

Президент креативті ин­дуст­рияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі бір пайызға да жет­пей­тінін, онымен қоса жұмыспен қам­ту саласындағы үлесі де мәз емес екенін айтқан еді. Жақында Қа­сым-Жомарт Тоқаев креативті ин­дустрия саласының өкіл­де­рі­мен кездесті. Шығармашылық әле­ует пен зор талант  креативті ин­дустрияның негізі екенін алға тартқан Мемлекет басшысы қазір бұл бағытты басты назарына алып отыр. Әлемнің алпауыт ел­де­рінің тәжірибесімен салысты­рып қарасақ, креативті индустрия саласы Қазақстанда толыққанды дамымаған. Дегенмен осы бағыт­ты алға жылжыту мақсатында ал­ға қойылған мақсат-міндеттер де жоқ емес. Солардың бірі – таяу­да ғана Темірбек Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясында өткен ғылым апта­лы­ғы.  Жыл сайын дәстүрге ай­нал­ған іс-шара биыл «Қа­зақ­­станның қа­зіргі заманғы өнері: зерттеу сер­піні мен интеллектуалдық ин­новация» тақырыбына арналды. Ап­талықтың алғашқы күні Пре­зи­дент жанындағы Ұлттық құ­рыл­тайдың отырысын ақпарат­тық сүйемелдеу және насихаттау мақ­сатында профессорлар мен оқы­тушылардың баяндамасынан бастау алды.

Жоғарыда креативті ин­дуст­рия жайында сөз қозғауымыз те­гін емес. Себебі біз ғылым ап­та­лығы аясында ұйымдастырыл­ған «Өнер-2024» халықаралық шы­ғармашылық жобалар мен стартаптар байқауына арнайы ат басын бұрдық. Жас авторлардың идея­ларын ортаға салуға және олар­ды жүзеге асыруға мүмкіндік бе­ретін жиынның негізі де креа­тив­ті индустрияға бағытталған. Бай­қау жұмысы осыдан бір айдан аса уақыт бұрын басталған. Қа­тысу­шылардан келіп түскен өті­нім­дердің арасында бірінші ке­зең­нен он сегіз адам ақтық сынға өт­ті. Байқау ұйымдасты­ру­шы­ла­ры­ның айтуынша, қатысушы­лар­дың жобасына бағасын беретін әділқазылар алқасы Қазақстан­нан ғана емес, сондай-ақ шет мем­­лекеттерден де арнайы ша­қыр­тылған. Олардың ішінде Түр­кияның Анталия қаласынан фи­лософия ғылымдарының док­­­­­­­­­торы, Ақдеңіз университеті, Бей­­нелеу өнері факультеті Гра­фи­калық ди­зайн кафедрасының доценті Айдын Зор, экономика ғы­­лым­да­рының кандидаты, «Арт-менедж­мент және продю­сер­леу» кафед­ра­сының профес­соры, «Болашақ» бағдарлама­сы­ның стипендиаты Анар Мол­да­шева жә­не Польшада білім алатын Aaartist халықаралық компа­ния­сының негізін қалаушы Алесия Юрт бар. 

Біз әлі жобаларды өндіріске енгізу сатысынан алыспыз

Ғылыми апталықтың өнер, интеллектуалдық ин­но­ва­ция тақырыбына арналуының да өзіндік мән-маңызы бар. Байқау ба­­рысында сұрақтарымызға жауап беріп, ғылым апталығы жө­­нінде кең ауқымда ақпарат бер­ген академияның ғылыми жұ­мыстар жөніндегі проректоры, фи­лософия ғылымдарының док­торы, профессор Қабыл Халықов креативті индустрияның маңызы мен өткізіліп отырған шығар­ма­шы­лық жобалар байқауының атал­ған салаға қосар үлесі туралы пі­кірімен бөлісті.

– Ғылым апталығы жыл сайын академиямызда күзде және көк­темде ұйымдастырылады. Не­гі­­зінен, көктем айларында өтетін ғы­­лым апталығы кең ауқымда өт­­­­­­кізіледі, себебі бұл ғылыми зерт­­теулердің пісіп-жетіліп, қор­ғау­­дың алдында тұрған кезеңі са­­налады. Ел Президенті 2021 жыл­­дың соңында креативті ин­дуст­рияларды дамыту тұжы­рым­дамасын жариялаған еді. Елімізде мемлекеттік қаржыға креативті ин­дустриядан 3 пайыз түсім тү­седі екен. Ал әлемнің дамыған ел­­­­дерінде, соның ішінде АҚШ-та креа­тивті индустриядан түсетін түсім ұлттық кірістің шамамен 70 пайызын құрайды. Осындай са­лыс­тырмалы көрсеткіштерден кейін бізде креативті шығар­ма­шы­лық алаңға ең алдымен тәжі­ри­белі мамандар даярлау мәселесі пай­да болды. 2021 жылдары Қа­зақ­станда 3000-нан аса жеке және бір­лескен  ұйымдардың шығарма­шы­лық тобы бар екені белгілі бол­ды. Бүгінде бұл көрсеткіш бір­неше пайызға өскен болуы ке­рек, өйткені осы уақыт ара­лы­ғын­да еліміздің кейбір аймақ­та­рын­да креативті офистер ашыл­ды, азаматтарға субсидия бөлінді, – дейді проректор.

Академия проректорының ай­туынша, байқауға ұсынылған жо­балар арасында елімізде осы уа­қытқа дейін жүзеге асырыл­ма­ған, әлемдік трендтерге негіз­дел­ген идеялар да болуы мүмкін. Қа­тысушылардың зерттеу жұ­мыс­тары ұсынысқа бағытталған, со­нымен қатар нақты ана­ли­ти­ка­ға құрылған. Проректор осы рет­те шетелден келген сарап­шы­лар­ды тарту арқылы жас авторлардың жобаларын қолданысқа енгізуге талпыну қажет екенін атап өтті.

– Қазіргі заман өнерінде зерт­теу серпінін беріп отырған үлкен ба­­­ғыттар бар. Олар: кино, театр жә­не т.б. Мұндай мамандықтар ака­демиямызда  оқытылатын 6 фа­культетте, жеке кафедраларды есеп­тегенде 24 кафедрада іске асы­­­рылады. Академиямызда ғы­лым­ды ұйымдастыру мәселесіне кел­сек, мәселен, қазіргі уақытта өт­кізіліп отырған ғылыми іс-ша­ра­лар, стартап байқаулар  ең бі­рін­­шіден пікірталас алаңын құ­ру­ға, сондай-ақ зерттеу жұ­мыс­тарын жа­­рыққа шығаруға мүмкіндік бе­ре­ді. Инновация – бұл тех­ни­ка­лық серпін деген түсінікпен шек­тел­мейді. Өнер бағыты бойынша бү­гінгі және ертеңгі қадамымыз қан­дай болмақ, бізге не жетіс­пей­ді? Меніңше, осындай қадам­дар­ды толыққанды түсініп, әрі қарай жүйелі әрекет етудің өзі  иннова­ция. «Өнер» стартаптар жобасы әзір­ге бағдарлау, бағамдау дең­гейін­де ғана өткізіліп отыр. Жо­ба­ның идеясын әзірлеу, оның кем­шіліктерін таба білу де үлкен мә­селе. Қазір білім алушылардың кө­кірек көзін ашу, үйрету баспал­да­ғында келе жатырмыз. Біз әлі байқауға келіп түскен жобаларды өндіріске енгізу сатысынан алыс­пыз, – дейді академияның ғы­лы­ми жұмыстар жөніндегі прорек­торы Қабыл Заманбекұлы. 

Шығармашылық жоба өте аз

Ал «Арт-менеджмент» ка­федра­сының доценті Қуат Мұ­са­баев байқаудың басты міндеті мен діттеген мақсаты – шығар­ма­шылық стартаптарды әзір­леу­мен айналысатын авторлармен жұ­мыс істеу, бүгінгі заман тала­бы­­на сәйкес жобаларды қалай жа­­сау қажет екенін балаларға үй­­рету екенін айтады. Ең маңыз­ды­сы – жобаны бастау, студент­тер­дің ғылым жолына түсіп, идея­ларының қолдау табуына ат­салысу. Әрмен қарай сол жо­ба­ларды нарыққа шығаруға, сон­дай-ақ халықаралық деңгейде та­нытуға көмектесу.

– Стартап жобалар байқауы не­гізінен онлайн форматта өт­кі­зі­ліп отыр. Байқау жұмыстарына төрелік ететін сарапшыларды ірік­теу кезінде олардың креативті ин­дустриядан жетік хабары ба­ры­на, білімі мен тәжірибесінің жан-жақты болуына мән бердік. Іс-шара халықаралық деңгейде өте­тін болғандықтан, қаты­су­шы­лар мен қазылар алқасының бар­лы­ғын жинап, байқауды Zoom плат­формасы арқылы өткіземіз деп шештік. Қатысушылардың ара­­сында академиямыздың бака­лавриат және магистратура бө­лі­мін­де білім алатын студенттер де бар. Стартап жобалар байқауы­ның әділ өтуін бақылауда ұстай­мыз. Сонымен қатар байқау аяқ­­­­­тал­ғаннан кейін қатысу­шы­­­лардың жо­баларымен танысқан сарап­шы­лар бізге өз пікірін айтып, ұсыныс жа­зады. Бұл дегеніміз – келесі жы­лы халықаралық шығар­ма­шы­лық байқаулар жарияланса, біз сол додаға сарапшылар ұсынған ав­торлардың жобасын шығара­мыз. Шыны керек, елімізде өнер са­ласындағы шығармашылық жо­ба өте аз. Қарап отырсақ, стар­тап жобалар көбіне экономика, тех­нология саласында жүзеге асы­рылады, – дейді ол.

Қуат Мұсабаев жас ав­тор­лар­дың жобаларына кәсіпкерлік қол­­дау көрсету маңызды екенін не­гізге алды. Дегенмен «Өнер-2024» жас авторлар арасындағы бай­­қау болғандықтан, шығар­ма­шылық жобаларды толыққанды сүз­гіден өткізіп, әлі де реттеу ке­рек.

– Байқауға өз жобасын ұсын­ған қатысушыларымыз өте да­рын­ды. Олардың жоба әзірлеудегі негізгі идеялары жақсы. Деген­мен шығармашылық жобаны бас­тау үшін идея аздық етеді. Оны­мен қоса, жеткілікті қаражат қа­жет. Қазақстанда нарықтық эко­номика болғандықтан, жас ға­лымдардың стартап жоба­ла­ры­на, тіпті олардың жеке бизнесін қолға алуына кәсіпкерлік қолдау көрсету қажет. Бірақ жоба құры­лы­мы толық дайын болғаннан кейін ғана оны кәсіпкерлік тұр­ғыда қарастыруға болады, – дейді Қ. Мұсабаев.

Фестивальді өткізу үшін 36 миллион теңге  қажет

«Өнер-2024» шығармашылық жо­балар мен стартаптар бай­қауы­ның ақтық сынына өткен қаты­су­шылардың бірі, Темірбек Жүр­ге­нов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Арт-менед­ж­мент» кафедрасының 1-курс сту­денті – Мұқан Жалғас. Кейіп­кері­міз стартаптар байқауына «Ауыл Fest» деп аталатын автор­лық жобасын ұсыныпты. Жас да­­рын жобаның көздеген мақ­са­ты – Қазақстанның әр аймағында на­зарға ілінбей қалған жас та­лант­тарды сахнаға шығару, олар­дың өз өнерін паш етуге мүмкін­дік беру екенін айтады. Әңгіме барысында қатысушының өзінен жобаны қаржыландыру мәселесі туралы сұрап көрдік. Ол расында жобаны жүзеге асыру мәселе қар­жыға келіп тірелетінін жасыр­ма­ды. Жоба авторының есептеуі бойын­ша, фестивальды өткізу үшін шамамен 36 миллион теңге көлемінде қаражат қажет.

– Мен стартаптар байқауына «Ауыл Fest-2024» атты элект­рон­ды музыка фестивалі жобасын ұсын­дым. Аталған жобаны Қа­зақ­станның төрт қаласында өт­кізу жоспарланған: Степногорск, Ленгер, Доссор, Риддер. Осы тұс­та неліктен жоба атауы «Ауыл Fest-2024», бірақ байқау қа­ла­шықтарда өтуі тиіс деген сауал туын­дауы мүмкін. Байқауды ша­ғын қалашықтарда өткізуіміздің негізгі себебі де бар. Фестивальға қалашық маңында орналасқан ауыл-аймақтардың жастары да қатыса алады. Әзірге жобаның бас­ты хэдлайнері ретінде әнші Иманбек Зейкеновті шақыр­ғы­мыз келеді. Сондай-ақ фестиваль аясында ретро-хит әндер жаңаша нұсқада, нақтырақ айтсақ, ре­мейк, ремикс форматында шыр­қа­лады. Байқау өткізу жоспар­лан­ған қала тұрғындары мұндай ке­ремет ауқымды жобаның өз ай­мағында өткенін қалайды деп ой­лаймын, – дейді өнер акаде­мия­сының студенті М.Жалғас.

Креативті индустрия ел эко­­номикасы мен халық­тың әл-ауқатының жақсаруына әсер етіп қана қоймай, отандық сапалы контент өнімдерінің ар­туы­на ықпал етеді. Қазірдің өзін­де жоспарланған іс-шаралар өз жұ­мысын бастады. Осы тұста сту­денттердің тың идеялары мен тәуел­сіз ой-өресі шығармашылық өн­діріске серпін алып келеді де­ген үміттеміз.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы