Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мамандарының айтуынша, ел аумағында әлгі карантиндік арамшөптердің бес түрі таралған: жусан жапырақты ойраншөп, көпжылдық ойраншөп, тікенекті алқа, арам сояулар және ең кесірі мол арамшөптің түрі – жатаған у кекіре.
Жалпы, карантиндік өсімдіктер дегеніміз – біздің елдің егіс алқаптарында көнеден бері болмаған, тіпті пайда бола қалған жағдайда елге елеулі экономикалық және экологиялық залал келтіруі мүмкін түрлі ауруды қоздырушы бөтен текті зиянкес арамшөптер.
Тіпті, елімізде осыған сәйкес өсімдіктер карантині туралы арнайы заң да қабылданған. Заңда көрсетілгендей, егер кімде-кім карантиндік деп танылған дақылды сырттан кіргізсе не шығарса, сол тұлға арнайы жауапкершілік арқалайтыны нақты көрсетілген. Сондықтан бұл іске бейжай қарамау керегі нақтыланған.
Зерттеулер нәтижесі мен карантиндік арамшөптерді анықтау мониторингтік қорытындысы бойынша, былтыр еліміздің 3 млн 218 мың 422 гектар алаңында карантиндік арамшөптер бар екені белгілі болған. Бұл кесірлі арамшөптермен күресуге кей жағдайда аса мән берілмей қалатыны үлкен шығын әкеледі. Алқаптардан карантиндік өсімдіктер анықталған жағдайда дереу тиісті орындарға хабарланып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі қажет. Сондықтан егін не мал шаруашылығымен айналысатын кез келген шаруашылықтың арнайы мамандары аса сақ болғаны абзал.
Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Гербология бөлімінің басшысы Дулат Смағұловтың айтуынша, олар былтыр 49 мың 185 гектар алқаптағы карантиндік шөптерді анықтаған. Бұл жер телімдеріне бірнеше жыл бойына дәнді дақыл сеппей, арнайы залалсыздандырылу қажет. Сонымен бірге жатаған у кекіре – 47 мың 736,72 гектар, көп жылдық ойраншөп – 64,1 гектар, жусан жапырақты ойраншөп – 86,35 гектар, арам сояу – 1291,83 гектар, тікенекті алқа – 6,447 гектар жерге жайылған.
«Карантиндік өсімдіктер табиғатта дәстүрлі түрде өсетін дақылдарды ығыстырып, өнеркәсіптік алқаптарды мекендейді, дәнді және көкөніс дақылдарының өнімділігін төмендетеді, вирустар мен бактериялардың таралуына қолайлы жағдай жасайды. Механикаландырылған егін жинау кезінде техниканы істен шығарады. Бұл дертті жұқтырған алқаптардан жиналған астықтың сапасы нашар болады. Ал арамшөптердің карантиндік түрлері кездесетін жайылымдар мал жаюға жарамсыз. Өсімдіктердің осы тобының жекелеген түрлері адамдарда ауыр аллергиялық реакция тудырады, сүтқоректілер үшін улы болып табылады», – дейді ол.
Тәуелсіздік алған алғашқы он жылдықтарда бізде өсімдіктер, азық-түлік және шикізат ресурстарының қауіпсіздігін сақтау мәселесіне жіті назар аударылмай қалғаны жасырын емес. Осы тұста елге өзге елдерден түрлі зиянкес пен карантиндік арамшөп еніп кетті дейді мамандар. Тіпті, өсімдіктер мен жануарларға тән инфекциялық аурулардың қоздырғыштары, кенелер, жұмырқұрттар мен бұрын-соңды болмаған арамшөптер де алқаптарда қаптай бастаған. Осылайша, карантиндік өсімдіктер де аумақтарда таралып кетті.
Карантиндік нысандар вагон, ұшақ, кеме арқылы, тіпті көлікпен келетін жүктермен жіберілген заттар арқылы таралады. Қазір елімізге 100-ден астам мемлекеттен әртүрлі карантиндік дүниелер келгені анықталған. Салдарынан Қазақстан аумағында 17 карантиндік нысан түрі тіркелген. Салыстыратын болсақ, ТМД елдерінде бұл көрсеткіш 20-30 шамасында, Қытайда 100-ден астам, ал дүниежүзі бойынша 400-ден астам түрге бөлінеді. Ауыл шаруашылығында карантиндік нысандар азықтық өнімді 40-100 пайызға дейін жарамсыз етеді екен. Мысалы, АҚШ-та копр қоңызына қарсы күрес шараларын жасау үшін жыл сайын 1 млн доллар қаржы бөлінеді. Финляндияда жылыжайда калифорниялық трипті жою үшін 1,6 млн фин маркасы жұмсалады екен. Бізге зиянкестердің ену қаупі оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азиядан және Еуропадан болып тұр. Қазақстан аумағын зиянды нысандардың енуінен және таралуынан қорғау мақсатында нақты әсер ететін карантиндік бақылауды ұйымдастыру керек және уақытында карантиндік шаралар қолдану қажет. Карантиндік нысандардың әсерінен ауыл шаруашылығы өсімдіктері өнімінің төмендеуі 100%-ға дейін жетуі мүмкін, ал олармен күресу мақсатында жыл сайын қазынада жүздеген миллион теңге жұмсау қажет. Айталық, тек бір ғана у кекіре арамшөбінің таралуынан түсім жыл сайын 3 млрд теңгеге кемиді екен.
«Карантиндік арамшөп – жатаған у кекіремен күресу кешенді түрде жүргізілуі керек. Ол кәдімгі арамшөптер тәрізді бір рет тамырын кесіп тастау арқылы жойылмайды. Оның тамырының тереңдігі он метрден асып кететіндіктен, кесіп тастаған күннің өзінде қайта көктеп сала береді. Сондықтан жатаған у кекірені тек кешенді түрде химиялық жолмен жою қажет. Дер кезінде шара қолданып, уламасақ, бұл өте тез таралып, алқаптарды алып кетеді. Егер шаруалар жатаған у кекірені байқап жатса ол аумақты дереу қоршап, ол жерге техника кіргізбеулері керек. Техника кіріп, жерді өңдеп кеткен жағдайда жатаған у кекіре барлық алқапқа таралады. Содан кейін онымен күресу өте қиын. Сәйкесінше бұл жерден жиналған астық түкке жарамай қалады», – дейді агроном Октябрь Құрметбек.
Тамыры 15 метрге жететін бұл арамшөп тіршілік ету үшін орта талғамайды. Оны түбегейлі жою үшін кем дегенде 5 жыл уақыт қажет. Сәйкесінше 5 жыл бойы арамшөп басқан алқап егін жинауға жарамсыз болып тұра бермек. Октябрь Құрметбектің айтуынша, тамыры соқа не өзге де техниканың тісі арқылы кесіліп не сүйретіліп, басқа алқапқа түссе, әлгі кесінді сол бойда көктеп, тамыры тереңдеп кете береді. Осылайша, маңайындағы дақылға қажетті минералды түгелімен өзіне сорып, айналасына түк шығармай қояды.
Тағы бір қызығы, дәл осы арамшөп қоректік заттарды өзге өсімдіктерге қарағанда 2-8 есе артық пайдаланады Ал жатаған у кекіремен қоректенген малдың сүті ащы болып кетеді. Аталмыш өсімдік жануарлар үшін улы. Соның ішінде түйе және жылқы үшін аса зиян. Бір ғажабы, у кекірені қой мен ешкі жақсы жейді екен. Бұл зиянды шөп Еуропа, Азия, Солтүстік Америка, Аустралия, Ресейдің біршама аумағына жайылған.
«Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ мамандарының айтуынша, карантиндік объектілердің елде 29 түрін, оның ішінде 5 түрін анықтау бойынша жалпы ауданы 3 400,0 мың гектар іс-шаралар өткізілген екен. Жою мен анықтау шараларын үздіксіз өткізудің нәтижесінде соңғы жылдары алқаптар едәуір тазарғанға ұқсайды.
Карантиндік арамшөптердің барлық түрінің ішінде былтырмен салыстырғанда жатаған у кекіре, жусан жапырақты ойраншөп және арам сояу арамшөптері ошақтары азая бастады, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары.
Елдің егіс алқаптарының сапасын астық пен дақылдың құнын түсіріп орасан зиян шектіріп отырған арамшөппен күрес бір күн де тоқтамауы керек. Зиянкеспен күресуді бір министрлік емес, барша шаруа мен ғалым бірлесе жүргізгені маңызды.
Бердібек ҚАБАЙ